Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы аясында автожол саласына арналған жаңа цифрлық платформа – «JOLSHY» жүйесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көлік министрлігінің бастамасымен Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеген дерекқордың басты мақсаты – кадр тапшылығын азайту және саладағы басқару үдерісін барынша ашық ету.
Министрліктің мәліметінше, жүйеде студенттер, түлектер, инженерлер мен сала мамандары туралы толық мәлімет жинақталады. Олардың білімі, тәжірибесі, еңбек өтілі мен біліктілікті арттыру курстарынан өтуі жөніндегі ақпарат та тіркеледі. Қазірдің өзінде дерекқорда екі мыңнан астам пайдаланушы бар. Бұл мүмкіндік жұмыс берушілерге үміткердің кәсіби профилін көруге жол ашса, студенттер үшін тәжірибе мен жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді.
«2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жол саласы қызметкерлері үшін біліктілікті міндетті түрде арттыру талабы енгізіледі. Бұл үдеріс те «JOLSHY» арқылы тіркеледі. Жақын арада дерекқор «e-License» және «Enbek.kz» жүйелерімен біріктірілмек. Осылайша, «JOLSHY» мемлекеттік саясаттың тиімді құралына айналып, кадр тапшылығын жоюға, ашықтықты арттыруға және автожол саласы мамандарының кәсіби өсуіне жағдай жасайды», делінген хабарламада.