• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент Бүгін, 08:25

Орталық Азияға үлгі боларлық тәжірибе

10 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында «Орталық Азия елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Басқосудың мақ­саты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қо­ғам­дық келісім мен татулықты нығай­тудағы тәжірибесін талқылап, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау. Жиында ұлтаралық достықты сақтау бағы­тында пайда болған үлгілер сараланып, мемлекетаралық қарым-қатынастардың жаңа қырлары сөз болды.

Алқалы жиынның шымылдығын түрген «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов конференцияның маңыздылығына жан-жақты тоқтала келіп: «Қазақ­стан халқы Ассамблеясы – тату­лықтың темірқазығы әрі Орталық Азия елдері арасындағы алтын көпір. Осы миссиясын әлі де абыроймен атқара беретініне сеніміміз кәміл», деді.

Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймол­динов сөз алды. Ол Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея­ның ХХХІІ сессиясында бейбітшілік пен келісімді нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктегенін, бүгінгі конференция сол міндеттерді жүзеге асырудың бір көрінісі екенін атап өтті.

Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік интеграцияны дамытудағы рөлі мен жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы орны баяндалды. Сондай-ақ тараптар ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылады. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен келген делегация өкілдері достық пен келісімді нығайту жолындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Баяндамашылар Орталық Азия­дағы этнос өкілдерінің бірлігін нығайту өңірлік тұрақтылықтың темірқазығы екенін атап өтті. Іс-шараға қатысушылар мәдени байланыстарды арттырудың жаңа қырларын, көрші жатқан елдер арасындағы серіктестікті бекітудің тиімді жолдарын ғылыми тұрғыда зерделеді.

Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов: «Ұлт тату болса, тыныштық заман болады, бейбіт заманда өркендеу іске асады», деген ой айтты.

«Өзбекстанда қазақ мектебін бітірген түлектермен жиі кездесу ұйымдастырамыз. Соның нәти­жесінде жоғары оқу орнына түсетін талапкерлер 15%-дан 45%-ға артты. Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында іс-шараларды қолға ала бастадық. Себебі халықтың бола­шағы білімді ұрпақтың қолында. Қазақ балаларының жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Осы орайда бірталай жұмыс атқарылды. Айталық, Қазақ­стандағы бірнеше университет Өзбекстандағы жоғары оқу орындарынан өз бөлімшелерін ашты. Соның бірі – Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті. Оның бір филиалы Шыршық қаласынан ашылды. Өйткені бұл шаһарда қазақ халқының өкілдері көп тұрады. Шыршықта бүгінде 24 мың қазақ өмір сүреді. Сол секілді Бостандық ауданында 56 мың, Жоғары Шыршық өңірінде 66 мың қазақ тұрады. Сол өңірдегі мектеп бітірген жастардың жоғары оқу орнына түсуіне қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Жастардың бойына қазірден ұлттық құндылық пен тәрбие сіңіре алмасақ, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін. Университетті бітірген соң, оларды жұмыспен қамту мәселесін де алдымызға міндет етіп қойып отырмыз. Өзбек­станда бұрын 707 қазақ мектебі болған. Бүгінде олардың саны 361-ге қысқарып кетті. Оның бірден-бір себебі, ата-аналардың көпшілігі балаларын орыс немесе өзбек мек­тебіне бергісі келеді. Осынау рухани проблеманың алдын алу мақсатында Өзбекстан президентіне арнайы хат жаздық. Мемлекет басшысы қазақ балаларының қазақша тест тапсырып, жоғары оқу орнына түсуге рұқсат берді. Мұны қазақ пен өзбек халықтарының өзара сыйластығының бір көрінісі деп білеміз», деді С.Үсенов.

Қорытынды бөлімде конферен­цияға жиналғандар өзара пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін біл­дірді. Өзбекстандық сарапшы Фармон Тошев: «Ұлтаралық келі­сім – ел дамуының кепілі. Бұл ретте Қазақстан тәжірибесі бүкіл Орталық Азияға үлгі бола алады»,  деген ойын жеткізді.

Шымкент төрінде өткен халық­аралық конференция татулық пен достықтың берік іргесін қалап, мемлекеттер арасындағы ізгі қа­дамдардың жаңа белесін ай­қын­дады. Сарапшылардың пікі­рінше, этносаралық бірлікті ту еткен бұл басқосу Орталық Азия елдерін ынтымаққа шақырған маңызды бастаманың бірі болды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының 30 жылдығы аясында, шаһардың Орталық саябағында Қазақстан өзбектерінің «Дўстлик» этномәдени бірлестіктерінің ұйымдастыруымен «Өзбек этно­сының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» кеңінен аталып өтті. Мерекелік іс-шара барысында қалалық өзбек драма театрының әртіс­тері Абай мен Әлішер Науаи бейнелерін сом­даған сахналық қойылым қойды. Сонымен қатар келушілер ұлттық құндылықтарды айшықтаған көр­мені тамашалады.

Мәдени басқосуға Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Хат­шылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимов, «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрам­­жан Хашимжанов, Ішкі сая­сат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев, басқа да қоғам белсенділері қатысты.

Мерекелік концертте еліміздің Әнұраны шырқалды. Өнерпаздар «Қош келдіңіз!» композициясынан көріністер қойды. Мукими атындағы №13 мектептің «Бахор» би ансамблі өзбектің «Шодлик» атты ұлттық биін, қазақ билерін билеп, өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Театр әртістері «Сары­жайлау» композициясын сахналап, көрерменнің ыстық ықы­ласына бөленді. Опера және балет театрының әншісі Нематилла Зикриллаев Т.Мұхамеджановтың «Отан», А.Зацепиннің «Тыңда» әндерін орындап, жұрт көңілін сергітті. Бір сөзбен айтқанда, этносаралық достықты нығайтуға арналған концерттік іс-шара көптің көңілінен шықты. Мерекелік жиын барысында этномәдени байланыс­тарды бекемдеуге қосқан үлесі үшін бірқатар азамат «Дўстлик» қауымдастығының сыйлығымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар