Жапония астанасы Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Осыдан алты жыл бұрын ХХХІІ жазғы Олимпия ойындары қарсаңында бой көтерген, 68 000 көрерменге есептелген Ұлттық стадионда ұйымдастырылған дүбірлі додада 198 мемлекеттің мықтылары өнер көрсетті.
49 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Өкінішке қарай, сол медальдің бірде-біреуі еліміздің жеңіл атлеттеріне бұйырмады. Ең үздік көрсеткішке Нора Джеруто қол жеткізді. Кениялық легионердің әлем чемпионы деген атағы барын жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ бұл жолы 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгірген Джеруто алтыншы орыннан аса алмады. Дәл сол қашықтықта Дейзи Джепкемей 7-сатыға табан тіресе, 10 000 метрлік сайыста 16-орынға тұрақтады. 20 шақырымдық спорттық жүрісте Ясмина Тоқсанбаева 23-орында қалып қойды. Осы спорт түрінің 35 шақырымында Полина Репина 35-сатыға жайғасса, Галина Якушева мәреге жете алмады. Сөйтіп, жылдың басты бәсекесінде легионерлерден де, өзіміздің төл спортшыларымыздан да қайыр болмады.
Әлем чемпионатының ең бір қызықты тұстарына тоқталар болсақ, ерлер арасында Арман Дюплантис асқан шеберлігімен тағы да тәнті етті. Кейінгі жылдары алдына жан салмай жүрген 25 жастағы Швецияның сырықпен секірушісі бұл жолы 6 метр 30 сатиметрлік межені бағындырды. Бұл – ғажайып көрсеткіш! Жалпы, Арман 2020 жылдан бері әр жарыс сайын нәтижесін 1 сантиметрге жақсартып келеді. Барлығы 14 рет әлемдік рекордты жаңартты. Әр рекордына спортшы Халықаралық жеңіл атлетика федерациясынан (ИААФ) 100 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сол себепті де төрткүл дүниенің теңдессізі, арынды Арман бірден бірнеше сантиметр қоспай, «ақырын жүріп, анық басуды» құп көреді.
100 метрге жүгірушілер сайысында Ямайканың қос спринтері – Облис Севилл мен Кишейн Томпсон бас жүлдені өзара сарапқа салды. Алғашқысы – алтын, екіншісі – күміс алды. Одан екі есе ұзақ қашықтықта АҚШ-тың арландары – Ноа Лайлс пен Кенни Беднаректің бағы жанды. 4х100 метрлік эстафетада америкалықтар алдарына жан салмаса, 4х400 сайысы ойда-жоқта Ботсвана құрамасының жеңісімен аяқталды. Африкалықтардан дәл осындай нәтижені ешкім күтпеген еді. Марафоншылар жарысында танзаниялық Альфонс Симбудың мерейі үстем болды.
Әйелдер арасында АҚШ-тың желаяғы Мелисса Джеферссон 100, 200 метрлік сайыстарда шашасына шаң жұқтырмады. Орта қашықтық пен марафонда Кенияның «қара маржандары» қарсылас шыдатпады. Бұл бәсекелерде Лилиан Одира (800 метр), Фейт Кипьегон (1 500 метр), Беатрис Чебет (5 000, 10 000 метр), Перес Джепчирчир (марафон) жеңімпаз атанды. Испанияның спортшысы Мария Перес 20, 35 шақырымдық спорттық жүрісте топ жарды.
Токиодағы жарыстың жүлде қоры 8 498 000 долларды құрады. Чемпиондар 70 000-ды олжаласа, күміспен күптелгендер 35 000-ды иеленді. Қолаға қол созғандар 20 000-ды еншіледі. Сыйақы 4-8 орынды еншілеген жеңіл атлеттерге де бұйырды.