Өңір бойынша 48 мектептің STEM-зертханасына адам бейнесіндегі гуманоид роботтар әкелінді. Заманауи құрылғы оқушылардың роботтехника мен жасанды интеллект саласындағы білімін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Жаңа роботтың қаңқасы берік металдан жасалған, қозғалысы сервоприводтар арқылы жүзеге асады. Ол иық, тізе, шынтақ, жамбас сияқты буындарын еркін қимылдата алады. Басында орналасқан камера немесе сенсор роботқа айналасын көруге, бейне мен сурет жазуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оны арнайы бағдарлама арқылы әртүрлі әрекетке үйрету қарастырылған. Яғни құрылғы жүру, бұрылу, қол көтеру, тіпті қимыл-қозғалысты қайталау сияқты әрекеттерді жасайды.
– Гуманоид робот тепе-теңдігін сақтап жүре алады, билеп, иіліп немесе қол көтеріп қимыл жасай алады. Камерасы қоршаған ортаны бақылап, бейнежазба түсіреді. Роботты қашықтан басқаруға немесе автономды режімде жұмыс істеуге болады. Негізінен оқушыларға роботтехника негіздерін үйрету үшін пайдаланылады. Сонымен қатар жасанды интеллекті жобаларында, компьютерлік көру жүйелерін дамытуда, тәжірибелік жарыстар мен олимпиадаларда қолдануға қолайлы, – деп хабарлады өңірлік білім беру басқармасынан.
Білім ұялары жаңа технологияны оқыту үдерісінде тиімді пайдаланып, оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін, инженерлік дағдыларын және ғылыми зерттеу әлеуетін арттыруды көздеп отыр.
Павлодар облысы