• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:32

Барлық мектепке ортақ бағдарлама

20 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов атал­ған бағдарлама бойынша тәрбие жүйесі мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығай­туға бағытталғанын айтты. Ол баян­дағандай, бағдарлама 2023 жылы қанатқақты режімде басталып, 2024 жылы толықтай білім беру ұйым­дарына енгізілді. Қазіргі уақытта еліміздегі 11 мыңнан аса балабақша, 8 мыңнан аса мектеп және 700-ден аса колледж осы бағдарламамен жұмыс істеп жатыр.

«Алғаш рет бағдарлама жеке­меншік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының ел көлемінде бірізді стандартпен жүргізілуіне, барлық оқушыға тең орта қалыптастыруына мүмкіндік береді. Өңірлерде жекеменшік мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту семинарларының сериясы ұйым­дастырылды. Бүгінде 800-ге жуық жекеменшік мектептен 23 мыңнан аса педагог оқытылды. «Адал азамат» бағдарламасы аясында жү­зеге асырылып жатқан «Қамқор» жобасы – балалардың бойында жауап­кершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағыт­талған маңызды бастама. Биыл осы жобаға 3 миллионнан астам оқушы қатысып, ел көлемінде аумақ­тарды тазалау және абаттандыру жұмыс­тарын атқарды. Сонымен қатар 185 мыңнан аса түлек «Ағаш отырғызу» челленджіне қосылып, келер ұрпаққа жасыл желекті мұра етіп қалдырды. Жобаның үздік экологиялық бастамалары Мемлекет басшысына таныс­тырылды», деп атап өтті.

Спикердің сөзіне сүйенсек, білім алушылардың мәдени-танымдық көкжиегі де кеңейіп келеді. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 2 миллионнан астам жаңа туындымен толықты. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында ұсынылатын әдебиеттер тізімін толықтыру туралы Оқу-ағарту, Мә­дениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен бұйрығы бекітілді, оған 2 580 әдебиет атауы енгізілді. Мектеп кітапханаларының қоры көркем әдебиетпен толықтырылып, қазіргі таңда 141 млн данадан асты. Бірқатар мектепте күн сайын 20 минуттық міндетті оқу дәстүрі енгізілді. Сондай-ақ ел көлемінде 440 заманауи коворкинг-орталық ашылды.

«Бұған қоса елімізде ата-аналар комитетінің жұмысы қайта жасақ­талады. 2023 жылдан бастап барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Ата-аналарды педагоги­калық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ата-ана­лар­дың оқу-тәрбие үдерісіне қатысу деңгейі үш есеге артқан. Қазір ата-аналар комитеттерін транс­­фор­мация­­лау жұмысы жүріп жатыр, ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ын­тымақтастығын нығай­­­­тудың жаңа алаңына айналатын алғашқы Республикалық форум өтеді. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі тарапынан нақты шаралар жасалды. Ата-аналар коми­тет­­терінің төрағалары, сынып жетек­­ші­лері, директорлардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Өркен» ұлттық балалар әл-ауқаты орта­лы­ғының сарапшылары қатары­нан жұмыс тобы құрылды», деді Е.Қалмақов.

Брифингте баяндама жасаған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-прези­денті Анар Тәңірбергенова бағдар­ламаның сапалы іске асырылуы­на әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әдістемелік құралдар әзір­ленгенін жеткізді. Оның айтуын­ша, бұл құралдар мектептердегі директордың тәрбие орынбасар­ларына, сынып жетекшілерге қол­жетімді. Өткен оқу жылында тәрбие жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылау, тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын анықтау үшін білікті ғалымдар, тәжірибелі педагогтер мен қоғам белсенділері қатысты.

«Әр тоқсан сайын мектеп ди­ректорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері және ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізілді. Сауалнама тәр­бие жұмыстарының нақты, объек­­тивті жай-күйін зерделеуге мүмкіндік бер­ді. Былтырғы оқу жылында 4 мыңға тарта тәрбие орынбасары, 50 мыңнан аса сынып жетекшісі мен 300 мыңға жуық ата-ана сауалнамаға қатысып өз пікірлерін білдірді. Сауалнама нәти­жесі жалпы ел көлемінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдар­ламасы оң көрсеткіштермен іске асы­рылып жатқанын көрсетіп берді. Солтүстік Қазақстан (77%), Қос­танай (75%), Ақтөбе (75%) облыстарында, Шым-кент (74%) қаласында Бағдарламаның білім алушылардың мінез-құлқына оң әсері жоғары болды. Павлодар (86%), Ақтөбе (76%), Қостанай (77%), Жетісу (74%) өңірлерінде Бағдарлама оқушылар­дың белсенділік деңгейінің артуына ықпал етті. Сауалнамаға қатыс­қан ата-аналар бағдарламаға оң көзқарасын білдірді және оның аясында мектеппен бірлесіп жұмыс істеуге ынталы екені анықталды Ата-аналарды педагогикалық қолдау орта­­лықтарын құру нәтижесінде мектеп өміріне тартылған ата-аналардың үлесі 42%-дан 82%-ға дейін өсті», деді А.Тәңірбергенова.

Академия өкілінің сөзіне қара­ғанда, өңірлерде жекеменшік мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту семинарларының сериясы ұйым­дас­тырылды. Бүгінде 800-ге жуық жекеменшік мектептен 23 мыңнан астам педагог оқудан өтті. Астанада Қазақстан, Азия және Еуропадан келген профессорлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, әлемдік сарапшылар «Адал Азамат: біртұтас тәрбие» атты бағдар­ламаға жоғары баға берді. Жалпы алғанда, «Адал азамат» бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылып, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, ата-аналарды тартуға және оқушылардың құн­дылықтық дамуына нақты ықпал етіп отыр. Бағдарламаның әлеуеті халықаралық деңгейде мойындалып, оның жас ұрпақты үлкен өмірге дайындаудағы стратегиялық рөлі айқындалды.