Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу саласын қолға алу қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде бірнеше ірі агрожобалар іске асып жатқанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта осы жобалардың нәтижесінде мыңдаған жұмыс орны ашылатынын баяндады. Жобаларды іске асыруға отандық, шетелдік инвесторлар қатысып жатқанын, 2 млрд доллардай инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Келешекте ол өз жемісін беріп, отандық агроөнімдер шетел нарығына шығарылатынын жеткізді. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажеттігін, әр аймақта өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін біртұтас желі қалыптастыру керектігін еске салды.
Ірімшіктің де пайдасы көл-көсір
Шымкентте ауыл шаруашылығының өңдеу саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер баршылық. Олар мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсіптерін бастап, саланың дамуына үлестерін қосып жүр. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Шымкент мегаполис болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына көп көңіл бөлінеді. Себебі шаһарда егістік жер көп емес. Сондықтан жылыжай шаруашылығына, басқа да дайын өнім шығаратын агрожобаларға басымдық беріледі. Қала әкімдігі осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында өңдеу саласына инвестиция тартуды алдағы уақытта арттыратын болады. Соның нәтижесінде, айран-сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар саны көбейе түседі.
Кәсіпкер Измир Лапаев басқаратын «Измир Трейд» ЖШС ірімшік өндірумен айналысады. Жұмысын 2023 жылғы сәуірде бастаған. Қазірде «Аппетит» деген атаумен пиццаға арналған моцарелло ірімшігін өндіреді. Бизнес бастамасын іске асыру мақсатында Түркиядан арнайы технолог алдырған. Ірімшік өндірісі де түрік технологиясына негізделген. Қаланың шеткі аумағында орналасқан өндірістік цехта он бес шақты адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 200–250 мың теңгені құрайды. И.Лапаевтың айтуынша, ірімшік өндірісіне қажетті шикізатты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы жинайды. Шаһарда мұндай бірнеше кооператив бар. Сонымен қатар шаруа қожалықтарынан сүт сатып алады. Серіктестік сүтті жинамайды, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері сүт тасығыш көлікпен өздері әкеп береді. Серіктестік кооперативтермен келісімшарт жасасып, алдын ала ақшасын төлейді. Ауа райы жылы мезгілде күн сайын цехта 40–45 тонна сүт өңделеді. Қыстың күндері бұл көрсеткіш 20–25 тоннаға төмендейді. Күнделікті шикізаттың үздіксіз қамтамасыз етілуі шағын шаруа қожалықтары еңбегінің арқасы. Шымкенттің өзінде мал ұстап, сүтін сауып отырған қарапайым отбасылар бар. Сонымен қатар көршілес Сайрам ауданындағы ауылдарда да сүт сауып, жан бағып отырған отбасылар өте көп. Жалпы, Сайрамда мал шаруашылығы ерекше дамыған. Түркістан облысының сүт өндірісінде ауданның статистикалық көрсеткіші бірінші орында тұрады. Сайрамдық шаруалар өндірген сүт Шымкенттің өңдеу кәсіпорындарын да қосымша шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Нарық заңдылығына сәйкес, сұраныс бар жерде әрдайым ұсыныс табылады. Өңдеу өнеркәсібінің экономикаға берер әсері мол. Біріншіден, егін, мал шаруашылығының өнімдері қажетке жарайды. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Шикізат күйінде сатқандықтан дайын өнім бағасы әрдайым қымбат. Одан түскен пайда кәсіпорын табысын арттырса, бюджет түсімдерін де еселейді. Мемлекет қазынасы көбейсе әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы да молая түседі. Сондай-ақ қосымша инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады. Мемлекеттің бұл салаға көңіл бөлуінің бір себебі еркін сауда нарығында, еліміздің дүкен сөрелерінде шетел өнімдері көп. Олармен бәсекелес болып, ұлттық экономиканы көтеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.
Еңбекпен тапқан бақытын
«Мен өзім ахысқа түрік ұлтының өкілімін. Біздің ата-бабамыз сонау соғыс жылдарында сталиндік саясаттың кесірінен туған жерімізден ауып, осында келдік. Аталарым айтып отырушы еді, алғаш көшіп келгенде жағдай қиын болды, қазақ бауырлар көп жәрдем берді деп. Қазақ халқы кезінде көмегін аямады, енді елдің дамуына үлес қосатын біздің кезегіміз келді. Шымкентте туып-өстім. Қаладағы мектепте оқып, он бір жылдықты бітірдім. Содан соң Оңтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілінің аудармашысы деген мамандық алып шықтым. Біз оқу бітірген жылдары Астана қаласында құрылыс қайнап жатты. Небір зәулім ғимараттар, жаңа көпқабатты тұрғын үй аудандары пайда бола бастады. Өзіммен қатарлас жастардың бәрі табыс жолында елордадағы құрылысқа ағылды. Солармен бірге мен де түйіншегімді арқалап, Астанаға тарттым. Ағылшын тілін білетінім көп көмегін тигізді. Осында бір түрік құрылыс компаниясына жұмысқа тұрып, аудармашы болып қызмет істедім. Жастықтың лебі басылған соң, туған қалама қайтып келдім. Анам ол кезде шаһардың Қырғы базарында сауда істейтін. Үйде түріктің ұлттық ірімшігін дайындап соны апарып сататын. Базарда өзінің сауда нүктесі болды. Осы кәсіппен отыз жыл бойы айналысты. Түрік халқында бұрыннан қалыптасқан ірімшік жасаудың өзіндік дәстүрі бар. Ол қаншама ғасыр бойы атадан балаға беріліп келе жатқан мирасымыз. Сондықтан ұлттық ірімшіктің технологиясы, құпиясы тек бізге ғана мәлім. Айтқандай, түрік тілінде біз өндіретін моцареллоны кашар дейді. Бірақ ол жалпақ жұртқа түсініксіз болғандықтан, көпшілік естіп үйренген моцарелло атауын қойдық. Моцареллоның бір айырмашылығы жұмсақ келеді, қатты қыздырғанда ериді. Бұл ірімшік пицца дайындауға арналған. Басқа ірімшіктер оған жарамайды. Себебі моцареллодан басқалары қатты болып келеді. Ыстық температураға да ерімейді. Астанадан оралған соң анама көмектесейін деп ұлттық дәстүрімізді қолға алдым. Дәмі тұзды болып келетін түріктің ірімшігін дайындап, базарда, әлеуметтік желі арқылы сата бастадым. Сөйтіп, бір күні өндірістің ауқымын кеңейтіп, цех ашуды жоспарладым. Ойлана келе, пиццаға қажетті моцарелло ірімшігін әзірлеуге тоқталдым. Идеямды жүзеге асыру мақсатында жиналған азын-аулақ қаражатқа жалға цех сатып алдым. Сосын Түркиямен іскерлік байланыс орнатып, бауырлас елден өзіме серіктес болатын технолог маманды тарттым. Ол моцарелло дайындаудың қыр-сырын үйретті. Ірімшік жаңаша дәммен шығарылып, клиенттердің тез жүрегін жаулап алды. Бүгінде нарық саласында бәсекелестік өте жоғары. Дүкенге кіре қалсаңыз, алдыңыздан ірімшіктің неше түрі шығады. Дәмі мен сырт келбетінің әдемілігі бірінен бірі өтеді. Мұндай бәсекелестікке біз секілді шағын кәсіпкерлерге төтеп беру өте қиын. Сондықтан нарықтың игерілмеген жаңа бағыттарын іздедік. Нәтижесінде, мейрамханалар мен пицца жасайтын желілік дәмханаларға тікелей өнімімізді жеткізетін болып келістік. Сол себепті ірімшігіміз сауда орындарына, дүкендерге жіберілмейді. Тек ірі пицериялар ғана алады. Мұндай пицца дайындайтын орындар Шымкенттен басқа барлық өңірде жетерлік. Солардың бәріне ірімшік таратамыз. Астана, Алматы мен өзге өңірлердің мейрамхана, дәмханалары біздің ірімшікке тапсырыс береді. Осылайша, бәсекелестікті айналып өтудің жолын таптық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға Үкімет тарапынан көп көмек берілгенін айтты. Расында да солай. Мемлекеттен көп жәрдем алып отырмыз. Соның бірі – субсидия. Өңделген сүттің әрбір литріне субсидия төленеді. Бұл кеткен шығындардың бір бөлігін жабуға жақсы көмек болып отыр. Президент Жолдауда өңдеу саласына қолдау бола беретінін жеткізді. Бұл сөз біздерді жігерлендеріп, ертеңгі күнге деген сенімді күшейтті. Үкімет, жергілікті әкімдік өзі қолдау білдіріп отырған соң батыл түрде іске кіріседі екенсің. Ең бастысы, Жолдауда айтылған тапсырмалар іске асса ауыл шаруашылығының өңдеу саласы міндетті түрде алға қарай дамитын болады», деді И.Лапаев.
Кәсіпкердің айтуынша, күн сайын 3,5–4 тоннаға дейін өнім шығарылады. Оның көлемі қыс айларында шамалы азаюы мүмкін. Басқа уақытта сұранысқа қарай өнім өндіру тұрақты жүріп отырады. Серіктестік алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, кәсіпорын аясын кеңейтпек. И.Лапаев ірімшіктің жаңа түрлерін әзірлеп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуді осы бастан ойластырып жатыр. Сондықтан тек пицерия емес, дүкен сөрелерінде Шымкентте өндірілген дәмді ірімшіктің пайда болуы әбден мүмкін. Осы мақсатқа жету жолында іскер азамат мемлекет ұсынған бар жеңілдікті пайдалануды көздеп отыр. Сол тұрғыда жергілікті әкімдіктің қолдауына зор сенім артады.
Агросалаға бөлінер қаржы қомақты
Қаланың ауыл шаруашылығы саласына жауапты басқармадан алынған мәліметке сәйкес, бүгінде шаһарда мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін он бес шақты ірі кәсіпорын бар. Олардың қатарында «Дони ЛТД», «Биофуд», «Оңтүстік Агро», ЖК «Нұрсұлтан» секілді өңдеуші компанияларды атап өтуге болады. Бұл кәсіпорындардың өнімдері қазірде қаланың әрбір дүкенінің сөресінде тұр, шымкенттіктердің дәмі мен сапасына қарай сатып алатын ең сүйікті азық-түлік тауарына айналып келеді.
Жалпы, мегаполистің агросалада атқарылған бүгінгі жұмыстарына келсек, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі қаңтар-шілде айларында 29,1 млрд теңгені құраған. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,9% артып отыр. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласында 23 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістік танаптардың ішінде дәнді дақылдар – 7 мың, майлы дақылдар – 3,3 мың, мал азықтық дақылдар – 10,9 мың, көкөніс пен бақшалық – 1,7 мың, картоп 0,1 мың га жерді алады. Биылғы жиын-терім науқанында осы аталған егіс даласынан 81 мың тоннадан астам өнім жиналады деп күтіліп отыр. Қала әкімдігі 2025 жылға өнімділікті арттыруды мақсат етіп қойды. Осыған байланысты егін шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 75 млн, жылыжай кешенінің коммуналдық шығындар құнын арзандатуға – 767,8 млн, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар биыл шаруашылықтардан жалпы көлемі 953 тонна дизель отынына өтінім беріліпті. Жеңілдетілген дизель отынының босату бағасы литріне 250 теңге болып бекітілді. Жанар-жағармай шаруашылықтарға толығымен үлестірілді. Қай кезде де агросала мемлекеттің көмегінің арқасында ғана алға жылжиды. Дамыған шетелде де фермерлер үкіметтен тиісті дотацияларын алып отырады. Бұл ретте біздің ел де шаруаларға орасан зор көмек беріліп жатыр. Осындай жәрдемнің арқасында шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстарын, күзгі жиын-терімді ойдағыдай атқарып келеді. Шымкенттік диқандар жеңілдетілген жанар-жағармайдың көмегімен егін егуге, өнімді жинап алуға кеткен біраз шығындарын өтеп алып жүр. Сондай-ақ шаһарда жылыжай шаруашылығы өркендеп келеді. Қала болған соң, ашық егістік алқабы аз. Сондықтан егін шаруашылығында жабық кешенді егістік алаңдарына барынша ден қойылып отыр. Осы мақсатқа орай шетелден инвесторлар тартылып, ауқымды жобалар да қолға алынды.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, қала аумағында 35 заңды мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Алаңдарда 11 мың бас ірі қара мал бордақыланып жатыр. Сүтпен бірге ет өнімдері де азық-түлік нарығының басты сұраныстарының бірі. Сондықтан қала билігі мал шаруашылығының ішінде ет өндірісіне де аса көңіл бөліп отыр. Әсіресе ет бағасының нарықта арзан емес екенін ескерсек, бұл саланы дамытудың маңыздылығы өзінен өзі айқындала түседі. Шымкенттіктер ет өнімдерін барынша көп тұтынады. Тұрғындардың осы сұранысын қанағаттандыру мақсатында қалалық әкімдік мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтарға көмек беруден аянып қалып жатқан жоқ. Айталық, жыл сайын көктемгі егін науқанында мал азығы дақылдарын көбірек егуге баса мән беріледі. Мұндағы мақсат – мал азығы дақылдарының қорын молайту. Сырттан әкелінген жемшөп қымбат болады. Егер құрамажемді шаһардың шаруалары өздері өндірсе, ол келешекте ет бағасының арзандауына сәл де болса әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, шаһарда оннан астам сүт фермасы бар. Олар өндірген өнімдер Шымкенттің сүтке деген сұранысының біраз бөлігін жауып отыр.
Бүгінде мегаполисте ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, ол екі кезеңде іске асады. Бірінші кезең онлайн түрінде жүргізілді. Тамыз айы бойы қаланың 13 елді мекенінде өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылды. Шаруашылықтар сол жерде санақтан онлайн режімінде өтті. Екінші кезең офлайн түрінде іске асады. Ол 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығын қамтиды. Осы кезеңде санақ жүргізу мақсатында құрылған арнайы бригадалар планшет арқылы тіркелмей қалған шаруашылықтарды аралап, деректер жинайтын болады.
Шаруаларды қуантқан жаңалық
Мегаполистің агросаласын түбегейлі өзгеріс күтіп тұр. Жағымды жаңалықты ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай бөлісті. Маманның айтуынша, қаланың шаруа қожалығы иелері ауыл шаруашылығы жерінің салығын осы күнге дейін жоғары бағамен төлеп келген. Енді жаңа ережеге сәйкес шаруалардың жерге төлейтін салық құны бірнеше есеге азаяды. Салық азайған соң өнімге кеткен шығын да төмендейді. Бұл өз кезегінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының арзандауына әкеледі.
«2018 жылы Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуі ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігін елді мекен аумағына қосуға себепкер болды. Соның салдарынан шаруа қожалықтары жоғары салықтық жүктемеге тап болды. Қазірде мұндай жерлерге салық мөлшері гектарына 91 700 теңгені құрайды. 2022 жылы жергілікті мәслихат шешімімен бұл көрсеткіш 50%-ға азайтылып, 45 850 теңгеге дейін төмендетілген. Дегенмен бұл жеңілдік те жеткіліксіз болып, жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлерге салмақ салып келді. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұған кезінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те күш салып, үлкен бастама көтерді. Сондай-ақ түйткілдің шешім табуы жолында орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік өзара бірлесіп біраз жұмыстар тындырды. Соның нәтижесінде көзделген мақсат орындалып, үлкен жетістікке қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елді мекен аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшері гектарына 1 013 теңге болып белгіленді. Бұл бұрынғы мөлшермен салыстырғанда 45 есе төмен», деді басқарма өкілі.
Айта кету керек, бүгінде Шымкентте 56 мың га ауыл шаруашылығы жері бар. Оның 26,4 мың гектарына 4 мыңға жуық шаруа қожалығы егін егіп, жан бағып отыр. Жоғарыда аталған жаңа жеңілдік ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп, қала халқын қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге жол ашпақ. Маманның айтуынша, мегаполистің өзін-өзі асырауына толық мүмкіндігі бар. Бүгінде қала әкімдігі осы бағытта тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Оның негізгісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашу. Осындай бастама көтерген кәсіпкерлер мен инвесторларға жергілікті атқарушы билік қолдан келген көмектің бәрін аямайды. Қалада әртүрлі бағыттағы өңдеуші кәсіпорындар жұмыс істейді. Соның ішінде сүт өнімдерін шығаратын, жұмыртқа өндіретін, ауыл шаруашылығы дақылдарын консервілейтін өндіріс орындарын атап өтсек болады. Олардың барлығы шаһардың тамақ өнеркәсібін дамытуға орасан зор үлесін қосып келеді. Ең маңыздысы, бұл өндіріс ошақтарында қаншама адам еңбектеніп, отбасын асырап отыр.