• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:03

Қызылсудағы қызу тірлік

10 рет
көрсетілді

Биылғы егін орағында алыстағы шаруашылықтарға жанар-жағармайдың кідіріссіз жеткізілуі, қыркүйек айының жауын-шашынсыз болуы астықты рәсуасыз жинап алуға мүмкіндік беріп отыр.

Әйтеке би ауданының Сұлу­көл ауылдық округіндегі «Алтынсарино» ЖШС сол мүм­кіндікті кеңінен пайдаланып жатыр. Бүгінде серіктестік механизаторлары екі ауысымда жұмыс істеп, қыркүйектің соңына дейін бидай мен арпаны қамбаға жинап алуды жоспарлап отыр. Ауданда қысқа бидай сақтайтын қамбалар сақталған. Әйтеке би ауданындағы ірі ша­руашылықтар еңбеккерлері мен көпбалалы отбасыларға, қарттарға бидай мен арпаны тегін беретін жақсы дәстүрі бар. Осы ретте Әйтеке би ауданының тәжірибесінен өзге аудандар үлгі алуға тиіс.

Қанша дегенмен ауданда пай­­даланылмай жатқан бос жер­лер де жеткілікті. Өңір басшы­сы Асхат Шахаров Әйтеке би, Хромтау аудандарына сапары барысында ауданда пайдаланылмай жатқан 25 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару­ға тапсырма берді. Бұл – көбінесе не мал өсірмейтін, не егін егуді дұрыс ұйымдастыра алмаған шаруа қожалықтарына қатыс­ты мәселелер. Сондай-ақ алдағы күндері ауыл шаруашылы­ғын қаржыландыруға қатысты жасалатын өзгерістерге шаруа­лар да назар аударып отыр. Субсидиялаудың орнына элек­­тронды базаға енгізілген нақ­ты мал санына байланыс­ты мемлекеттік қолдауға ие болу шын мәнінде мал, егін ша­руашылығымен айналысатын адамдарға тиім­дірек. Жемқорлықтың жолын кесе­тін бірден-бір жол – мал басын есептеудегі цифрландыру тәсілі. Сондай-ақ аудан тұр­ғын­дары мал өнімдерін өңдеу мен ет-сүт сатуда мемлекет­тік органдардың делдалдарсыз жол­дарын ұйымдастыруын жақ­­тайды. Бұл жерде шаруа еңбегінің бағаланғаны керек. Жалпы, Әйтеке би, Хромтау ауданындағы ауыл шаруа­шылығы құрылымдары ет-сүт өнімдерімен екі ауданды толық қамтамасыз етіп отыр. Мұн­дай нәтижеге жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуы, соның ішінде бір ауылдық округте мал бағатын, егін егіп, мал азы­ғын дайындайтын қожалық үлес­терінің тең болуы әсер етіп отыр.

 Қызылсу – Хромтау қала­сынан 80 шақырым жерде ор­наласқан, автокөлік жолдарына жақын, 302 тұрғыны бар, іргелі ауыл. Кейінгі екі жылда Ор өзені жақсы тасып, көк­темде бұрынғы шабындық жер­леріне жайылғандықтан, биыл шөптің шығымы жоға­ры. Қызу еңбек қайнап жатқан ауылда 30 қожалық тіркел­ген. Оның тең жартысы ірі қара өсірумен айналысса, қалғаны жем-шөп әзірлеумен, бидай егу­мен шұғылданады. Ауыл әкімі Әскербек Жұмабековтің айтуынша, Қызылсу ауылдық округінде ірі қара малының басы былтырғымен салыстырғанда 84%-ға артқан. Мұнда еңбек бөлінісі жақсы сақталған. Соның арқасында ауыл адамдары жем-шөпті арзан бағаға сатып алып, қысқа әзірлеп қойыпты.

 Жақсы жөнделіп, жұрттың игілігіне уақытында пайдалануға берілген әрбір әлеуметтік нысан ауылдың ажарын ашады. Қызылсу тұрғындары пайдалануға берілгеніне 40 жыл болған амбулаторияның жөнделіп, қажетті жабдық­тармен қамтамасыз етілуін, науқастарды аудандық ауруха­наға жедел жеткізетін арнайы көліктің қажеттігін айтып жүретін. Биыл жазда «Ауыл – ел бесігі» жобасымен емдеу мекемесіне күрделі жөн­деу жүргізіліп, арнайы санитарлық көлік берілді. Осы ретте «Южпромснаб», «Алтай-Атырау» серіктестіктері емдеу мекемесінің қажетіне 12 млн теңге бөлгенін атап өткен жөн. Қазір Қызылсуда бір жалпы тәжірибедегі дәрігер, бір медбике мен санитар қызмет етеді.

Облыс басшысы Асхат Ша­харов былтыр күрделі жөндеу жүргізілген мектепке де барды. Қазір мұнда 58 бала оқиды, оларға 17 мұғалім сабақ береді. «Қазақстан халқына» қоры ар­қылы оқу орнына 10 млн теңге бөлініп, биология, химия, физика, технология, ағылшын тілі кабинеттеріне жаңа құрал-жабдық сатып алынған.

«1983 жылы салынған мектепке былтыр ғана алғаш жөндеу жүргізілді. Бұрын ғимарат қа­раң­ғы әрі суық болатын, жылу жүйелері жиі істен шығатын. Барлық жылу, су желілері қайта қондырылып, шатыр, есік-терезе жаңаланып, ауласына спорттық жаттығуларға, балаларға арнал­ған ойын алаңдары салынды. Бүгінде мектебіміз жылы әрі жарық, интерактивті оқу құ­рал­дары бар. Пәндік зертхана кабинеттері ашылып, оқушы­ла­рымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік туды» дейді мектеп директоры Әліби Сағидуллин.

 Тұрмысқа, шаруаға жайлы болғанымен, бұл жақта да ауыл тұрғындарын тұрақтандыру мәселесі өзекті болып отыр. Мұ­ның бір жолы – орта мектеп мәртебесін сақтап қалу үшін ауылға жас отбасыларды тарту. Осы мақсатта ауылда екі екіпәтерлі үй салынып, оған төрт көпбалалы отбасы қо­ныс­тандырылды. Қазірде ауылға келген әр балаға қуа­на­тын­дай жағдай туған. Келген оқушы­лар мектептің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Өңір басшысы аудан әкімі­не Қызылсуға қоныстанғысы ке­летіндерге тұрғын үй салуға жер телімін бөлу жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұл қа­дам ауылға жаңа отбасылар­ды тартуға, мектептегі оқушы­лар санын арттыруға, ауылдық округтің дамуына ықпал етеді.

«Ауылымыздың жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлік амбулатория жөнделді, мектеп жаңарды. Дәрігерлер тұр­ғындарды тексеруден өткізіп тұрады. Бұл жақта еңбек еткен жандар жақсы бағалана­ды. Бау-бақша өсіріп, мал, құс ұстап, еңбектене білген жөн. Об­лыс орталығы да қашық емес. Шаруаға жайлы өлкені бос тастауға болмайды. Ендігі жерде ауыл адамдары жасаған табиғи таза өнімдерді қалада сатуға болатын мүмкіндік ту­ғызса деген ұсыныс бар. Бұл қала тұрғындарына да, біздерге де тиімді болар еді. Әрі сырттан азық-түлік сатып алуды азайтады», деді ауыл тұрғыны Бағила Қосжанова.

Кездесуде тұрғындар ауыл­ға кіреберісте жаңа көпір са­лы­нып, жолдар жөнделіп, кө­шелер жарықтандырылға­нын атап өтті. «Жастарға ауылда да жақсы өмір сүріп, еңбек етуге болатынын көр­сетуіміз керек. Қызылсуда жарық, су, байланыс бар, жол жөнделіп жатыр, мектеп жаңартылды. Кейінгі екі жылда өңірде елді мекендердің дамуына 2,5 млрд теңге бөлінді. Жастардың ауылда қалып, ша­руашылықты дамытып, кә­сіпкерлікпен айналыс­қанын қалаймыз. Мемлекетіміз субсидиялау жолымен шаруаларды қолдап келеді. Бұл әлі де жалғасын табады. Елді мекендерде әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Ауыл­дарда өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты барлық жағдайды жасай береміз», деді облыс әкімі А.Шахаров.

 

Ақтөбе облысы