Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры Экология министрлігімен бірлесіп, «Семей орманы», Іле-Алатау ұлттық паркі және елорданың жасыл белдеуі аумақтарында кең көлемді ағаш отырғызу жобасын жүзеге асырады, деп хабарлайды Egemen.kz.
16 қыркүйекте қор мен министрлік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жоба аясында қор 1 млрд теңге инвестиция салып, 4 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында табиғатты қорғауды ұлттық идеологияның маңызды бөлігі деп атаған еді. «Halyk орманы» жобасы бұл бастамаларды қолдай отырып, «Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамасының жүзеге асуына үлес қосады.
Жобаның басты мақсаты – экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлікті сақтау және табиғи тепе-теңдікті қамтамасыз ету.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы «Семей орманы» аумағында еліміз тарихындағы ең ірі орман өртінің салдарынан 60 мың гектардан астам жер жанып кеткен еді. Бұл оқиға орман алқаптарын қалпына келтірудің және экологиялық апаттардың алдын алудың маңыздылығын көрсетті.
Жоба барысында халықаралық және қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнатылып, еріктілер арнайы онлайн-платформа арқылы тартылмақ. Сонымен қатар, отырғызылған аймақтарда экологиялық мәдениетті насихаттау үшін арнайы ақпараттық стелалар қойылады.
«Қоршаған ортаны қорғау – тек бір саланың міндеті емес. Бұл – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның ортақ ісі. Біз қазір табиғатты сақтау жолында шешуші қадамдар жасауға тиіспіз. «Halyk орманы» – сондай игі бастамалардың бірі. Жоба тек өрттен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіріп қоймайды, сонымен қатар еліміздің жасыл қорын көбейтіп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Бұл бастама – елдің стратегиялық таңдауы. Орман отырғызу – ғасырлық іс, оның жемісін ұрпақ көреді», деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Halyk орманы» жобасының маңызына тоқталып.
Көгалдандыру әлемде климат өзгерісімен күрестің негізгі құралдарының бірі болып саналады. Жаңа ормандар биоалуантүрлікті сақтап, Жердің оттектік балансын қамтамасыз етеді. «Halyk орманы» жобасы Қазақстанның жаһандық экологиялық қозғалысқа қосқан үлесін арттырады.
«Halyk» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова инвестиция тек ағаш отырғызуға емес, жасыл аймақтарды күтіп-баптауға және экологиялық білім беру жобаларына да жұмсалатынын айтты.
«Біз үшін Қазақстанның табиғи байлығын сақтау аса маңызды. «Halyk орманы» – бұл экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін», деді ол.
«Halyk орманы» – қордың тұрақты экологиялық бастамаларының жалғасы. Бұған дейін «GreenAct» эко-челленджі арқылы мыңдаған азаматтар мен ұйымдар экологиялық акцияларға қатысып, Іле-Алатау ұлттық паркінде 3 500 шырша, Алматы Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылған.
Қор еріктілер мен табиғатқа бейжай қарамайтын азаматтарды жобаға қосылуға шақырады. Әр адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.