• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 08:28

Дәстүрлі баспасөз – ел бірлігінің діңгегі

10 рет
көрсетілді

«Қазақ газеттері» серіктестігінің шаңырағында Қазақстан халқы Ассамблеясы академиясының «Этносауаттылық және этносаралық қатынастарды БАҚ-та жария­лау мәселелері» атты оқу модулі аясында тәжірибе алмасу жиы­ны өтті. Серіктестіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлы модераторлық еткен басқосуға өңірлік ҚХА журналистер клубтарының төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшылары, депутаттар мен ҚХА мүшелері қатысты.

Дәстүрлі баспасөз – елді бірлікке шақырып, ұлтты ұйыстыратын ерекше институт. Бұл тура­сында Дихан Қамзабекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек» деген сөзін негізге алып, ұлт ұғымының терминологиялық мәні бұрынғыдан кеңейе түскенін жеткізді.

– Қазір «ұлт» деген сөз тек этнос мағынасын емес, тұтас мемлекет ұғымын білдіреді. Президент айтқандай, біз осы түсінікті негізге алып, барлығымыз мемлекет мүддесі үшін қызмет етуіміз қажет. Баспасөз тарихына көз жүгіртсек, газет ісі төңкерістен кейін пайда болды. ХХ ғасырдың басында ұлт зия­лылары Ресейдің мемлекеттік думасында өзге халық өкілдерімен қатар туған елінің мәселесін батыл көтерді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш тұлғаларымен пікірлес болған Тимофей Седельников «Казахстанская правданың» ең алғашқы редакторы болған. Мінеки, мұның да өзін­дік рәміздік мәні бар. Қазір де бұл жауап­­кершілікті абыроймен арқалап келе жатқан басылымдар мемлекетшілдік мүдде мен тату­лық тақырыбын басты назарға алып отыр, – деді Д.Қамзабекұлы.

ҚХА кафедралары «Шаңырақ» қауым­дас­тығының төрағасы Наталья Калашникова ҚХА журналистер клубының өкілдеріне арналған тәжірибелік курстың ел бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.

– Қоғамдағы татулық пен өзара түсіністік­ті орнықтыруда бұқаралық ақпарат құрал­­да­рының рөлі орасан зор. Әсіресе дәс­түрлі бас­пасөз бен Қазақстан халқы Ассамблея­­­сы­ның ынты­мақтастығы елді ортақ мүд­­деге ұйыс­тыратын маңызды тетікке айналып отыр. Сол себепті ақпарат саласының өкіл­дері елдің береке-бірлігін нығайтып қана қой­май, жаңа ұр­пақтың бойына сенім мен азаматтық жауап­­кер­­шілікті қалыптастыруға үлес қосуға тиіс, – деді ол.

«Казахстанская правда» газетінің атынан серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Виктор Пряников та этносаралық татулық турасында пікір білдіріп, ұлттың дәстүрі мен тілін сақтап, мемлекетке адал еңбек етіп жүрген азаматтарды насихаттайтын газеттің арнаулы бетін тілге тиек етті.

Ал Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев жиынға қатысушыларға өз тәжірибесін айта келіп, журналистикадағы дәстүр мен жаңа үр­­діс­­терді сабақтастырудың маңызына тоқ­­тал­ды.

– Қызметтік өтілімде жаңадан бас редактор болып тағайындалғаннан кейін қолымдағы газет­тің мазмұнын өзгертіп, жаңа технология­лар мен заманауи үрдістерді енгізу қажет болды. Сол кезде тәжірибелі әріптестерім «Америка ашудың қажеті жоқ, «Егемен Қазақ­станның» стилін үлгі қылыңдар» деген кеңес берді. Сол күннен бастап біз үшін «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» темір­қазығымыз болды, – деді.

Бір шаңырақ астында тонның ішкі бауындай араласып қызмет етіп жатқан екі редакцияның жемісті жетістігі туралы «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет жеткізді. Этносаралық татулықты сақтау мемлекеттіктің басты кепілі екенін назарда ұстау барлық БАҚ өкілдерінің бағдары екенін айта келіп, мәселенің байыбына бармай, этнос арасын шиеленістіретін «жалт етпе» жаңалық жариялау журналистік этика мен кісілік әдебіне жатпайтынын ескертті.

Ал «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев Ассамблея қыз­­метінің аясында уақыт құмсағатында құмы­­ғып қалған, алайда елге ерекше қызмет атқар­­ған елеулі тұлғаларды насихаттау керек­тігін айтты.

«Ұйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов этно БАҚ-тың мемлекетшілдік идеяны насихаттаудағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, этностық басылымдар өз оқырмандары арасында бірлік пен ынтымақ құндылықтарын дәріптеп, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Жиын соңында қатысушылар Ассамблея мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысын нығайту, қоғамға сенімді әрі шынайы ақпарат жеткізудің маңызды тетіктерін талқылады. Сонымен қатар редакция жұмысымен таныс­ты.