• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Теңге Бүгін, 08:30

Цифрлық теңге қаржы жүйесін қалай өзгертеді?

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жылдамдатуға пәрмен берді. Президенттің айтуынша, цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. «Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолданыну аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады», деп жол нұсқады Президент.

Үш артықшылық

15 қыркүйекте Мәжіліс қарауына «Қазақстан Респуб­ликасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы енгізілді. Бұл құжат осыдан 30 жыл бұрын қабылданған заңды алмастырмақ. Құжатта жазылған басты мәселенің бірі – цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекіту. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, заң қабылданған соң, цифрлық теңге де заңды төлем құралына айналмақ. Ол цифрлық теңгенің басты артықшылықтары ретінде – жедел төлем мен онлайн-опе­ра­цияларды орындау мүм­кін­­дігін, жоғары деңгейдегі қауіп­­сіздікті және құпиялық қағи­дат­тарының сақталуын айтты.

Цифрлық теңгені толық­қанды енгізу 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған. Жоба ауқымын кеңейту үшін Ұлттық банк, Қаржы министрлігі, Еңбек министр­лігі және Цифрлық даму министрлігінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Заң жобасын әзірлеушілер жаңа жоба елі­мізді әлемдік тәжірибеге жақындатып қана қоймай, банк­терге экономиканы бел­сенді қаржыландыруға, клиенттер үшін цифрлық ортада бәсекеге түсуге мүмкіндік береді деп сеніп отыр.

 

270 млрд теңгеге жуық цифрлық теңге шығарылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл жолы «цифрлық қаржы активтері» ұғымы енгізіледі, олар 3 түрге бөлінеді:

«Біріншісі – стейблкоиндер, яғни ақшамен қамтамасыз етілген сандық актив. Екіншісі – цифрлық түрде шығарыла­тын дәстүрлі қаржы құралдары. Бұл – акциялар немесе обли­гациялар. Үшінші түрі – токен­делген қаржы құралдары. Бұл үшін заңнамалық база қалып­тастырылады. Осындай цифр­лық қаржы активтерін шыға­руға жауап беретін цифрлық активтердің операторлары құ­рылады. Сондай-ақ осы сан­дық қаржы активтері айналатын сау­да алаңдары да болады», дейді ҚНРДА төрағасы.

Бұдан басқа, қаржы ұйым­дарына нормативтер шегінде цифрлық қаржы активтерін инвестициялауға рұқсат бері­ліп, цифрлық активтер несие беру кезінде кепіл ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ұлттық банк мәліметінше, цифрлық теңге платформасына 7 қаржы ұйымы қосылған, оның ішінде бірқатар екінші деңгейдегі ірі банктер, Қазпошта, сондай-ақ мемлекеттік органдардың цифр­лық шоттары мен тө­лем­деріне қызмет көрсету үшін Қаржы министрлігінің Қа­зынашылық комитеті бар. Қа­натқақты жобалар түр­­лі салада – автомобиль жол­дарын салу және жөн­деу, фермерлерді несие­леу және субсидиялау, салық­тық әкімшілендіру, сон­дай-ақ цифрлық теңгемен облига­ция­лық қарыздар шең­­берінде Ұлттық қордан инфра­құрылымдық жобалар­ды қар­жыландыру салаларын­да іске асырылып жатыр. Жоба­ларды іске асыру барысында 270 млрд теңгеге жуық цифрлық теңге шығарылған.

 

Цифрлық теңге жемқорлықты қалай жояды?

Ұлттық банктің Төлем тех­но­логияларын дамыту депар­таментінің бас сарапшысы Руслан Қоңырбаевтың айтуынша, цифрлық теңгенің шығуы дәстүрлі теңгені ауыстыру дегенді білдірмейді, бұл бар болғаны қолданыстағы жүйеге қосымша болады.

«Бұл – қолма-қол және қол­ма-қол емес қаражатпен тең валютаны пайдаланудың үшінші түрі. Инвестициялау құралы емес, төлем құралы. Цифрлық теңге жобасын жүзе­ге асыру үшін токендеу моделі таңдалды. Токендер (символдар реттілігі түріндегі кодтар) монеталар сияқты жұ­мыс істейді, тек «әмияннан әмиянға» физикалық форматта емес, электрондық форматта беріледі. Мұндай жүйе «ақылды» келісімшарттар жасасуға, ақша қозға­лысын тиімді бақылауға мүм­кіндік береді», дейді.

Осы тұрғыдан алған­да, цифр­лық теңгені пайдала­нудың негізгі мақсаты – «мемлекет қаржысының жұмсалуын бақылау».

«Токендерді олардың дұ­рыс пайдаланылғанына көз жеткізу үшін ерекше таңба­лауға болады. Оның үстіне цифрлық ақша жемқорлықпен айналысатын адамдардың қалтасына түспейді. Қазір біз Ұлттық қор қаражатын мақсатты пайдалану жобасын іске асырып жатырмыз. Бір айдан астам уақыт бұрын Ұлттық қор қаражатынан цифрлық теңге­мен алғашқы транзакция жасадық. Сондай-ақ цифрлық қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу және жолдарды жөндеу үшін цифрлық қаражатты мақсатты бөлу мүмкіндігін бел­сен­ді түрде зерттейміз», дейді сарапшы.

Сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселеде әлі де болса нақтылап алатын тұс­тар көп. Теңге мен цифрлы теңгеге күш беретін негізгі фактор – экономикалық ресурс. Бұл ба­ғытта есебіміз түгел деп айта алмаймыз. Қаржы­герлер қауым­дастығының мәлім­деуін­ше, цифрлық теңге әзірге артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтайтын қанатқақты жоба деңгейінде қарастырылып отыр. Себебі біз ғана емес, халықаралық тәжірибеде де қарама-қайшы­лық көп. АҚШ мұндай валюта шығаруға заңмен тыйым салса, Қытай цифрлық валютаны енгізу үдерісін он жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келеді және ол экономиканың ауқымды салаларын қамтып та үлгерді.

 

Тәуекелге даярлық қажет

Сарапшы Алмас Чу­кин­нің айтуынша, кибер­қауіп­сіз­дік маңызды бол­ған­дық­тан, цифрлық теңге то­лық­тай Ұлт­тық банк инфра­құ­ры­­­­­лы­мына тәуелді. Мұн­дай жағ­­­­дайда орта­лық­тан­ды­рыл­ған жүйе­ге тән тәуекелдер сақталады.

«Бірақ цифрлық теңге заң­ға бағынатын қоғам үшін маңызды екенін түсінуіміз керек. Валютаның мұндай түрін көлеңкелі экономика­да пай­да­лануға болмайды. Со­ны­мен қатар цифрлық ақ­ша­ның көме­­­гі­мен инфляцияны төмен­де­ту, оның деңгейін бақылау бойынша монетарлық саясатты жүргізу тіпті оңайырақ болады», дейді.

Сарапшылардың айтуын­ша, цифрлық теңге кемі 5–7 жылдан кейін қалыпты құ­бы­лыс­қа айналады. Ұлттық банк өкілдері де бұл жоба ел эко­но­микасын өзгертуге, оның сыртқы күйзеліске төзім­ділігін күшейтуге қабі­летті стра­те­гия­лық жоба еке­ніне сенімді.

 

АЛМАТЫ