• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 16:00

Ұлттық ұлан қызметкері панкратионнан Қазақстан чемпионы атанды

20 рет
көрсетілді

Астанада 16–18 қыркүйек аралығында  панкратионнан Amateur MMA бағыты бойынша Қазақстан чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі, «BURKIT TEAM» клубының спортшысы Нұрғали Нұрғайпұлы қарсыластарына дес бермей, чемпион атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрғали еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген мықтылардың бірі. 2018–2022 жылдар аралығында бірнеше рет Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, 2019 жылы Польшада өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер болды. Сол жылы әлем біріншілігінде бесінші орынға ие болған.

Бұдан бөлек, ол жекпе-жектен 2023 жылы Қазақстан чемпионы, 2024 жылы панкратионнан ел чемпионы атанған. «Nomad Wrestling II» турнирінде қола медаль иеленіп, жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантқан. Қазір Нұрғали кәсіби ММА спортшысы ретінде танымал. Sherdog мәліметіне сәйкес, оның рекорды – үш жеңіс және екі жеңіліс.

«Әрбір жекпе-жек – ерік-жігер мен төзімділіктің сынағы. Бұл жеңіс – жеке еңбегімнің ғана емес, ұстаздарым мен командамның ортақ жемісі. Қазақстан туын биікке көтеру – мен үшін ең үлкен мәртебе», деді чемпион.

Нұрғали Нұрғайпұлының жеңістері жас спортшыларға үлгі болып, ел спортының дамуына және Ұлттық ұланның абыройын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.