Қарағанды облысында заманауи футбол академиясының құрылысы ресми түрде басталды. Жаңа спорт нысаны балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға серпін береді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет әр облыс пен аудан орталығында, ауылдарда заманауи футбол алаңдары салынуы тиіс екенін атап өткен. Сондай-ақ ол демеушілердің қолдауымен жаңа футбол стадиондарын тұрғызуды тапсырған болатын.
Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында биыл шілде айында Қарағанды облысы әкімдігі мен Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде аймақта футбол академиясының құрылысы қолға алынды.
Академия 9,6 гектар аумақта салынады. Ғимараттар мен нысандардың жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден асады. Жоспар бойынша мұнда: 3500 көрерменге арналған стадион, жыл бойы жұмыс істейтін жабық манеж, жылыту жүйесі бар толық өлшемді жаттығу алаңы, ұлдар мен қыздарға арналған интернат, жаттықтырушылар кабинеті, оқу сыныптары, медициналық бөлімдер, асхана, душ, сауна және бассейні бар әкімшілік кешен бой көтереді.
Жобаны Freedom Holding Corp. қаржыландырады. Қарағандыда футбол академиясын салуға 12 миллиард теңге бөлінеді. Академия «Шахтёр» футбол клубының болашақ ойыншыларын дайындайтын негізгі базаға айналады. Сонымен қатар, инвестор аймақтағы бұқаралық футболды дамытуға қосымша 6,5 миллиард теңге бағыттайды: ауылдар мен қалаларда шағын футбол алаңдарын салу, мектептер мен балабақшаларда спорттық бағдарламаларды енгізу, турнирлер мен фестивальдер ұйымдастыру көзделген. Әйелдер футболы мен жасөспірімдер футболына да ерекше назар аударылады.