Елімізде бала туу және 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдермен жалпы сомасы 570,7 млрд теңгеге 443 мың адам қамтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен бала тууына байланысты 41,7 млрд теңге сомасында 230,8 мың адам, оның ішінде тамыз айында 29,2 мың адам 5,3 млрд теңге сомасында жәрдемақы алған.
«Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 29,1 млрд теңге сомасында орта есеппен 124,3 мың адам қамтылды, оның ішінде тамыз айында 3,7 млрд теңге сомасын 125,8 мың адам алды», делінген хабарламада.
Биылғы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік, босану немесе бала асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) арнайы төлем тағайындалады. Бұл төлем еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген барлық күнге төленеді және мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа негізделіп есептеледі.
«Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 210,6 млрд теңгеге 148,3 мың адам алды, оның ішінде мамыр айында 20 млрд теңге сомасына 18,6 мың адам алды. 2025 жылдың 5 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 500 347 теңгені құрады», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жұмыс істейтін ата-аналарға баласы 1,5 жасқа толғанға дейін кірістен айырылған жағдайда МӘСҚ арқылы ай сайынғы төлем қарастырылған. Бұл төлем баланың туған күнінен бастап тағайындалып, соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Егер бір уақытта бірнеше бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.
Аталған төлем бойынша 2025 жылдың 8 айында бұл төлем 289,3 млрд теңгеге 170,4 мың адамға тағайындалған. Оның ішінде төлем тамыз айында 19,6 мың алушыға, төлемнің сомасы мамыр айында 35,1 млрд теңгені құрады. 8 айдағы төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 87 849 теңге.