• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:18

Мемлекеттік қызметшілер пікірсайыста бас қосты

30 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызметшілер пікір сайыс алаңында тартысты. Дебат «Қоғам дамуының негізі – еліміздің ұлттық құндылықтары» тақырыбында өтті. Іс-шара елордада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Көлік министрлігінің қызметкерлерінен құралған екі команданың қатысуымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қатысушылар ұлттық құндылықтардың қоғамдағы орны мен маңызын, жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен дәстүрді сақтаудың жолдарын, ел дамуына ықпал ететін рухани-мәдени құндылықтарды нығайтудың маңызын талқылады.

Дебаттың алғашқы бөлімінде әр топтың үш мүшесі жеке-жеке сөз сөйлеп, өз ұстанымдарын 4 минут ішінде дәлелдеуге тырысты. Мұнда спикерлер тақырыпты жан-жақты талдап, өздерінің жақтаушы және даттаушы көзқарасын нақты дәйектермен жеткізді. Одан кейінгі кезеңде тараптар бір-біріне өткір сауал қойып, қарсылас пікірінің әлсіз тұсын ашуға, дәлелді түрде терістеуге ұмтылды.

Қорытынды бөлімде топ жетекшілеріне сөз беріліп, олар өз командаларының ұстанымына сәйкес түйінді ойларын айтты. Бұл кезең пікірсайыстың мазмұнын жинақтап, тыңдаушыларға салмақты ой қалдыруға бағытталды.

Осылайша пікірсайыс мемлекеттік қызметкерлер арасында тәжірибе алмасу, тың идеялар мен жаңа көзқарастардың қалыптасуына ықпал еткен алаңға айналды. Дебатты ұйымдастыруға «Amanat» партиясы Астана қалалық «Бірлік» аумақтық филиалы мен «Debat Eli» қоғамдық қоры атсалысты.

«Партияның мақсаты Үкіметке қарайтын екі министрлікті жарыстыру емес.  Біз Әділетті Қазақстанға қадам басу үшін осындай мінберлерде халықтың пікірін айтуымыз керек. Пікірсайыс барысында қатысушылардың тақырыптар бойынша дайындығы, бірауыздылығы және өз позициясын қорғап білуі ескерілді», дейді қазылар алқасының төрағасы Әбдіғани Бәзілханұлы.

Дебат қорытындысында екінші орынды Көлік министрлігінің қызметкерлері иеленсе, бас жүлдені Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қанжығалады. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен демеушілер атынан қаржылай сертификаттар табысталды.

Жалпы мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеруді, сыни ойлауды, шешендік өнерін шыңдауды көздейді. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудағы жастардың көшбасшылық қабілетін жетілдіруді мақсат етеді.