М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Антарес» клубының жас ізденушілері өздерінің қызығушылығын болашақ мамандығына айналдырып келеді, деп жазады Egemen.kz.
Техникалық шығармашылық пен зерттеу жұмыстары – мамандыққа апарар даңғыл жол. «Антарес» клубының түлектері техникалық шығармашылық пен зерттеушілік қызмет кәсіби бағыт таңдаудың шынайы жолына айналатынын айқын дәлелдеп жүр.
ХХІ ғасырдың оқушысы – технологиялар мен сан түрлі кәсіптің ортасында өмір сүреді. Қосымша білім беру педагогының басты міндеті – баланың өзін-өзі тәжірибе арқылы табуына көмектесу.
«Антаресте» балалар әртүрлі рөлді байқап көреді: конструктор, зерттеуші, инженер, астроном. Оқушы құрал құрастырып, зымыранның макетін жасап, телескоппен жұмыс істегенде ол тек білім алып қана қоймай, шынайы ашылымның дәмін татады.
Зерттеу жұмысы ғылыми ойлауды дамытады: сұрақ қоюға, болжам жасауға, оны бақылау мен тәжірибелер арқылы дәлелдеуге үйретеді. Клубта балалар Айды, Юпитерді, Сатурнды бақылайды, Венера фазаларын тіркейді. Өздерін нағыз зерттеушідей сезінеді.
Мысалы, клуб түлегі Сәдуев Алияр жұлдыздарға қызығушылықтан басталып, Ай фазаларының жеке күнтізбесін жасады. Оның еңбегі басқа балаларға бақылауларды жоспарлауға көмектесті, ал өзі астрономиямен байланысты мамандық жайлы ойлануға ынталанды.
Тағы бір қатысушы Духтурбаев Елхан шағын зымыран ұшыруға арналған қондырғы үлгісін жасап шықты. Ол үшін физика заңдарын тәжірибе жүзінде тексеру маңызды болды. Қазір ол техникалық байқауларға белсене қатысып, инженерлік бағытқа сенімді қадам жасап келеді.
Ким Даниил бағдарламалауға қызығып, бақылау нәтижелерін өңдеуге арналған компьютерлік бағдарлама жасады. Бұл тәжірибе оған ІТ және бағдарламалау – болашақ мамандығы бола алатынын ұғындырды.
Халықаралық жетістіктер де бар. Мәселен, Ибраев Мирали қатаң іріктеуден өтіп, жазда Нидерландтағы зерттеу миссиясына қатысып, Қазақстанды халықаралық деңгейде танытты.
«Антарес» түлектерінің көбі техникалық және жаратылыстану бағыттарында білімін жалғастырып, олимпиадаларға, байқаулар мен конференцияларға қатысады. Кейбірі инженерия, физика, ғарыш саласындағы алғашқы кәсіби қадамдарын жасап үлгерді.