Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі кіндік Азияның жас суретшілеріне тамаша мүмкіндік сыйлады. Олар «BeWoman Asia» жаһандық форумы аясында өткен өнер додасында бақ сынасты. Жеңімпаздар алты ай бойы атаулы стипендия алатын болды.
Орталық Азияның жас суретшілеріне арналған «Болашақты бейнелеу» атты байқауда сынға түскен суретшілерден – болмыс, трансформация, әйел құдіреті, ұжымдық бірлік қуаты мен болашаққа деген жекелеген жауапкершілік тақырыптарын кекіндеме, графика, цифрлық өнер, фото, тоқыма мен инсталляциялар арқылы жеткізу талап етілді.
Осы орайда, «BeWoman Asia» форумының бас продюсері Әлихан Мұсатаев: «Өнер қашан да адамдарды біріктіретін ортақ тіл болып қала береді. Жаңа есімдерге жол ашып, олардың көрінуіне септесу – бүкіл команда үшін үлкен мәртебе. Форумның қамқоршылық кеңесін басқаратын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға осы идеясы үшін, сондай-ақ кәсібилік танытқан жобаның сарапшылар құрамы мен стипендия бөлгені үшін «Easy Art» бастамасына алғыс айтамыз!», деді.
Байқауға екі ай ішінде Орталық Азияның бес елінен 445 жұмыс келіп түссе, ақтық сынға іліккен суретшілердің туындыларын тәуелсіз арт-кеңесші Владислав Слудский, өнертанушы әрі «Art Society» спикері Ольга Батурина, Түрікменстан Суретшілер одағының төрағасы Чарымурат Язмурадов, «Almaty Gallery» директоры Наргиз Алиб, Дубайдағы «Andakulova Gallery»-дің иесі әрі өнертанушы Наталья Андакулова, өнер тарихшысы Екатерина Резникова, арт-менеджер Александра Филатова, көрме кураторы Оля Веселова сынды аймақтық және шетелдік сарапшылардан құралған халықаралық қазылар алқасы саралады.
Сонымен бес жеңімпазға алты ай бойы 300 000 теңге стипендия. Көрермендер көзайымы жүлдесіне – 1 000 доллар көлемінде сыйақы, Гран-при иегеріне халықаралық арт-резиденциясына қатысу құқығы берілді.
Сарапшылар стипендияға Қазақстаннан – Аида Әділбек, Өзбекстаннан – Сардор Эркинов, Түрікменстаннан – Тойлы Чопанов, Қырғызстаннан Айдана Турумбекова лайықты деп тапқан. Ал арнайы стипендияны түрікменстандық Махым Атакова алды. Бас жүлде мен халықаралық арт-резиденцияға қатысу бақыты отандасымыз Интизор Отаниезоваға бұйырып отыр.
Ең бастысы, байқау жұмыстарының бірі халықаралық әйелдер журналы «Marie Claire»-дің мұқабасына шағатын болды.
«Мұқабаға таңдалған туынды Орталық Азия әйелдерінің тарихтан бастау алған терең дәстүрлері мен келешекке деген құлшынысты көзқарасын бейнелейді», дейді «Marie Claire Kazakhstan» журналының бас редакторы Наталья Старостина.
Жүлделі туындыларды 20 қыркүйектен бастап Наргиз Алиб жетекшілік ететін «Almaty Gallery»-ден тамашалауға болады.
АЛМАТЫ