19 қыркүйек 19: 00-де Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында «Шәкәрім» қойылымының премьерасы өтеді, деп жазады Egemen.kz.
Ермек Аманшаевтың «Шәкәрім» музыкалық драмасы – қазақтың ұлы ойшылы, ақыны және композиторы Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын арқау етеді.
Музыкалық драмада Шәкәрімнің ақтаңдақ кезеңдерді бастан өткерген тағдыры, рухани ізденістері, әділет пен махаббатқа деген көзқарасы, сондай-ақ өміріндегі драмалық оқиғалар суреттелген.
Қойылым бірнеше сахналық көріністерден тұрады. Шәкәрім мен оның қоршаған ортасындағы кейіпкерлердің болмысы кеңінен ашылады.
Әсіресе, Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрімнің рухани байланысы, Абайдың ағалық қамқорлығы және Шәкәрімнің оның ізін жалғастыру жолындағы азаматтық ұстанымдары ерекше мәнге ие.
Шәкәрім Құдайбердіұлының бейнесін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген және Қазыбек Есқара сомдайды.
«Шәкәрім» музыкалық драмасы 20,21 қыркүйек күндері сағат 18:00-де де сахналанады.
Айта кетейік, шығарманың сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.