• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 13:28

Қазақстанда 15 жастағы балуан жаттығудан кейін қайтыс болды

20 рет
көрсетілді

Қазақстанда 15 жастағы балуан жаттығудан кейін көз жұмды. Қайғылы оқиға Ақтөбеде жаттығу кезінде болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Ақтөбеде оқу-жаттығу жиындарынан кейін 15 жастағы мектеп оқушысы қаза тапты. Трагедия ақпанда болғанымен, марқұмның ата-анасы бұл туралы тек қазір – Астанада осыған ұқсас жағдай болғаннан кейін ғана айтып отыр. Отбасы мұның бәрі ұйымдастырушылардың салғырттығынан болды деп есептейді.

– Жиынға бүкіл облыстан 80 бала қатысты, бірақ медицина қызметкерлері болған жоқ. Ұлым құлап қалған кезде, жаттықтырушы оны тұрғызған да, қайта жіберген. Рақымжан еденге құлап, қозғала алмай қалған. Жедел жәрдемді кеш шақырды. Ал оған дейін ес-түссіз жатқан баланы сыртқа – қол-аяғынан ұстап, жалаңаш денесімен алып шыққан, – дейді жасөспірімнің әкесі Нұрлыбек Мұқанғалиев.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін шара қабылдау қажет екенін мойындады. Алайда ұйымдастырушылардың кінәсін жоққа шығарғандай болды.

– Әрине, оқиға өте қайғылы. Біз бұдан сабақ алып, мұндай жайттың қайталанбауына күш салуымыз керек. Бірақ, мысалы, Ерейментаудағы жағдайды алайық: ол жерде де медицина қызметкері тек алғашқы қарапайым көмек көрсетті. Сосын бәрібір жедел жәрдем шақырылды. Қалай болғанда да, кімнің кінәлі екенін тергеу анықтайды деп ойлаймын, – деді Ақтөбе облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.

Алайда тергеу істі соңына дейін жеткізбеді. Қылмыстық іс наурыз айының соңында, Рақымжан әлі жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқан кезде жабылып қалған. Ата-анасы істі қайта қарауды талап етіп отыр.