Шымкенттің ең үлкен концерттік ғимараты Қызғалдақ сарайында кәсіпкерлік саласына арналған кеңес өтті. Жиында іскер азаматтарды, инвесторларды қолдау мәселесі, сондай-ақ осы бағытта атқарылған жұмыстардың барысы талқыланады.
Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастығының өкілдері, түрлі компания басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Алқа мәжілісінде алдымен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстар сараланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үшінші мегаполистегі бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында іске асырылған ауқымды жұмыстар баяндалды.
Қала прокуроры Ғ.Мұқанов заң мен тәртіптің қоғам тыныштығы үшін ғана емес, кәсіпкерлік саласының тұрақты дамуы үшін де қажет екенін еске салды.
«Елімізде бизнесті дамытуға, инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып отыр. Соның шеңберінде тиісті қолдаулар да көрсетіліп келеді. Жалпы, тұрақты бизнес ахуал сенімділік арқылы орнығады. Осыған орай прокуратура органдары кәсіпкердің құқығын, заңды мүддесін қорғау жолындағы табанды жұмыстарын жалғастыра береді. Заң үстемдігін орнатудың басты мақсаты – кәсіпкерлік саласына, жалпы қоғамға пайда әкелу. Сол тұрғыда уәкілетті органның негізгі міндеті – әрбір инвестициялық жобаның заңды, ашық әрі әділ жүзеге асуына жағдай жасау», деді ол.
Жиын барысында арнаулы және жоғары оқу орнын бітіруші түлектерді жұмыспен қамту мәселесі де қозғалды. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жаңа Салық кодексінің нормаларын жиналған көпшілікке түсіндіріп берді. Кәсіпкерлер мен компания басшылары индустриялық, арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалар туралы баяндап, өз өнімдерін таныстырып өтті.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың айтуынша, кәсіпкер құқығын қорғау ұйымы мен жергілікті атқарушы биліктің көздеген ортақ мақсаты біреу ғана, ол – елімізді инвестициялық тартымды мемлекетке айналдыру. Осы орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы интерактивті инвестициялық карта жасап шығарды. Картаның көмегімен әр инвестициялық жобаның кезең-кезеңімен, қалай жүзеге асып жатқанын бақылауға болады. Мемлекеттің түрлі деңгейдегі құзыретті органдары қажет болған жағдайда картамен танысып шығып, қандай проблема барын, олардың шешу жолдарын анықтай алады. Бұл ретте С.Адамбекова инвесторларды Инвестиялық картаға қосылуға шақырды. Сонымен қатар, палата директоры мемлекет пен кәсіпкерлік сектордың өзара әріптестігі оң нәтиже бере бастағанын атап өтті. Мәселен, «Іскерлік климат» рейтингісі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама нәтижесі инвестициялық тартымдылық жөнінде өзге мегаполистермен салыстырғанда Шымкентте айтарлықтай серпіліс барын көрсетті. Бұл бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың инвестиция саласына көрсеткен қолдауларының арқасы. Ең бастысы, қалалық әкімдік тарапынан кәсіпкерлік саласын қолдау жыл өткен сайын артып келеді.
Жиын соңында Шымкент қаласының прокуроры Ғ.Мұқанов бизнестің құқықтарын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін кәсіпкерлер палатасының директоры С.Адамбекова мен бөлім басшысы Әзілхан Жәрімбетовті, бірқатар кәсіпкерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Осы орайда өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы С.Адамбековадан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына байланысты, ондағы айтылған кәсіпкерлік саласын қолдау жөніндегі мәселелерге пікір білдіруін өтінген едік.
«Бүгінгі таңда барлық құзырлы органдар, оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізді дамыған мемлекетке айналдыру жолында талмай еңбек етіп келеді», деді ол. – Кейінгі жылдары ел экономикасының тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына ерекше көңіл бөліне бастады. Бизнесті қолдау бағытындағы жүзге жуық көмек түрлерін тізіп шығуға болады. Олардың ішінде қаржылай, қаржылай емес қолдау көрсету шаралары, гранттар, екінші деңгейлі банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік қолдау, оқыту сынды көптеген жәрдем түрі бар.
Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасы тарапынан іскерлік бастамалары бар азаматтарға кеңес беру, құқықтық көмек көрсету, сервистік қолдау, мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлерді оқыту, біліктілікті арттыру сияқты қызметтер ұсынылады. Сонымен қатар Палата жанынан түрлі саладағы кәсіпкерлердің салалық кеңестері құрылған. Онда сол салада туындаған проблемалар сарапшылардың қатысуымен талқыланып, тараптар оның шешімін табуға тырысады. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлер мәселесі орталық мемлекеттік органдарға жеткізіледі.
Бұл тұста жергілікті атқарушы билікпен, прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру секілді құзырлы органдармен бірлескен жұмыстар жүйеге қойылған. Инвестиция мәселесіне Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да айрықша назар аударды. Президент кәсіпкерліктің ел экономикасының қозғаушы күші екенін атап өтті. Заңнаманы күрделендірумен емес, оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, іскерлік саладағы заңнамаға терең тексеру жүргізуді тапсырды. Демек Президент мәлімдеген бастамалар толық іске асса, келешекте ол бизнесті қорғаудың тағы бір маңызды құралы болары сөзсіз. Жалпы, палатаның да мемлекеттік атқарушы органдардың да ұстанған жолы біреу. Ол – кәсіпкер мемлекет қолдауын сезінетін, құқықтарының қорғалатынына сенімді болатын әділ, ашық әрі қауіпсіз бизнес-орта қалыптастыру. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы Жолдауда айтылған инвестицияға қатысты барлық тапсырманы орындауға қашанда дайын.