Елорда «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумы өтті. Оған Еуропаның, Азия мен Африканың 15 елінен келген конституциялық бақылау органдарының төрағалары мен судьялары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, жетекші заңгер-ғалымдар мен құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының басшылары, адвокатура мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форумға 150-ден астам қатысушы келген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова пленарлық отырысты аша отырып, форумның маңыздылығы құқықтың рөлін тек ұлттық деңгейде емес, әлемдік ауқымда түсіну қажеттілігінен туындайтынын атап өтті. Ол қазіргі жаһандық сын-қатерлер дәуірінде бейбітшілік пен дауларды шешудің ең сенімді тетігі құқық екенін, оның қоғам өмірін болжамды етіп, тұрақтылық пен дамудың негізін қалыптастыратынын айтты. Азимова Конституцияны жай ғана заң емес, теңдік пен әділдіктің, адам құқықтарының кепілі ретінде сипаттап, оның билікке деген сенімді күшейтіп, диалогты дамытудағы рөлін атап өтті.
Форумда Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венециандық комиссия) президенті Клер Бази-Малори Қазақстанды Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, заң үстемдігі мен конституциялық соттардың мемлекет бейбітшілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол Венециандық комиссияның Қазақстанмен жемісті ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға дайын екенін жеткізді.
Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Жоғарғы Сотының төрағасы Мохаммед Хамад Мохаммед әл-Бади әл-Захри өз елінің тәжірибесін таныстырып, азаматтардың конституциялық рәсімдерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және сот ісін жеңілдету үшін цифрлық технологияларды қолдану туралы айтты. Оның пікірінше, конституциялық әділет билік институттарына сенімді арттырып, тұрақтылық пен дамуға ықпал етіп, әділ әрі бейбіт болашақ құрудың маңызды факторы болып табылады.
Зимбабве Жоғарғы Сотының төрағасы Люк Малаба конституциялық соттардың бейбітшілік пен даму жолындағы құқықтық тетіктерді қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Ол конституциялық бақылау конституционализм, заңның үстемдігі және билік тармақтарының бөлінуі қағидаттарын орнықтырып, мемлекеттің тұрақтылығы мен заңдылығын нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Моңғолия Конституциялық Сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа заң үстемдігін, адам құқықтарын және демократиялық құндылықтарды қорғауда конституциялық соттардың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, құқық бейбітшіліктің, тұрақты дамудың және әділетті өмір сүрудің негізі болып табылады. Сонымен қатар ол форумды тәжірибе алмасу мен әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы шешімдерді бірге іздейтін маңызды алаң ретінде бағалады.
Форумның жұмысы үш тақырыптық сессия және кәсіби серіктестіктерді дамыту мен озық тәжірибелерді бөлісуге арналған арнайы нетворкинг форматындағы іс-шаралармен жалғасты.
Шара аясында түрлі елдердің конституциялық сот судьялары мен заңгерлері баяндамалар жасады. Қырғызстан өкілі Чинара Айдарбекова адам құқықтарын қорғау мен тұрақты даму үшін заң үстемдігінің маңызын атап өтті. Оңтүстік Корея Республикасының Конституциялық Сотының судьясы Ким Бок Хён конституциялық сот төрелігін билікті асыра пайдалануға қарсы кепіл деп сипаттады. Тәжікстаннан келген Кувватзода Фотех Джума Конституцияның ұлттық құқықтар мен мүдделерді қорғаудағы рөлін баяндаса, Германияның Рейнланд-Пфальц жеріндегі Конституциялық сот пен Жоғарғы әкімшілік соттың президенті Ларс Брокер конституциялық нормаларды түсіндіру арқылы Ата заңның тұрақтылығы мен даму үдерістеріне талдау жасады.
Негізгі бағдарламаға қосымша ретінде ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында және Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясында шетелдік сарапшылардың дәрістері ұйымдастырылды. Бұл кездесулер халықаралық тәжірибені қазақстандық мамандарға жеткізуге және кәсіби ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.
Жалпы, форум ұлттық құқықтық жүйелердің дамуына серпін беріп, конституциялық сот төрелігі саласында халықаралық серіктестік пен тәжірибе алмасудың өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.