• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 09:10

«Қазақпараттың» ғасырлық белесі

40 рет
көрсетілді

Елімізде құрылған алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі – «Қазақпараттың» 105 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Тамыз айынан бастап елордадағы «Mega Silk Way» сауда орталығында «Қазақстан тарихы – «Kazinform» фото­с­у­реттерінде» атты көрме ашылды. Ал Президенттік орталықта ұйым­дастырылған салтанатты жиында «Kazinform. Біздің тарих» деректі фильмінің премьерасы өтіп, «Kazinform. Шынайы хроника» кітабы таныстырылды.

Салтанатты іс-шарада Президент көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агенттік ұжымына арнал­ған құттықтау хатын оқып берді.

«Ғасырдан астам тарихы бар агенттік осы кезеңде еліміздің ақпарат саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Жұрт­шылықты дүниежүзіндегі аса маңызды оқиғалардан дер кезінде хабардар етіп, Қазақстанның жүзжылдық жылнамасын жазды. Шежірелі шаңырақта қолтаң­басы қалған қаламгерлер ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Қазір де редакция ұжымы бұл ұстанымнан айнымай, аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Олар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді үнемі батыл көтеріп жүр. Бүгінде агенттік бірнеше тілде жаңалық тарататын белді халықаралық ақпарат құралына айналды. Әлемдік басылымдардың «Kazinform» мәліметтеріне жүгінуі – соның айқын дәлелі», делінген құттықтау мәтінінде.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру ісіне белсене атсалысып, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген агенттік қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірген. Р.Желдібай бірқатар қызметкерге Мемлекет басшы­сының Алғысхатын табыстады.

Сондай-ақ жиында Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылып, тапсырылды. 

Іс-шараға депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар, БАҚ өкілдері мен «Қазақпарат»-тың шетелдік әріптестері  қатысты.

«Біз бірінші кезекте ұзақ жыл бойы жинақтаған тәжірибемізбен бөліскіміз келді. Сондықтан өткен тарихпен бірге, қазіргі жаһандану заманында агенттік немен айналысып жатқаны туралы жаз­дық. Сондай-ақ вирустық контент, терең талдау мен әділ журналистік зерттеу дайын­дау үшін қандай тәсілдер қажет екенін де қостық», деді «Қазақпарат» ХАА дирек­торы­ның орынбасары Владимир Курятов.

Айта кетсек, алғашқы қазақ ақпарат агенттігі 1920 жылы 13 тамызда Бүкілодақ­тық Орталық атқару комитеті жанынан РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде ашылды. Бүгінде «Қазақпарат» жаңалықтары қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде таратылады.