• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 08:48

Ресейде Қазақстан мәдениет күндері өтеді

20 рет
көрсетілді

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Халықаралық біріккен мәдениеттер форумы өз жұмысын бастады. Шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған қазақстандық делегация да қатысты. Осымен он бірінші рет өткізіліп отырған форум ашық диалог жүргізуге, тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға арналған бірегей алаңға айналды.

Биыл форум «Мәде­ниет­ке оралу – жаңа мүмкін­дік­тер» тақырыбында ұйым­дас­тырылды. Қатысушылар мәдени мұраны сақтау жол­да­рын, цифрлық техноло­гия­ның рөлін, креативті экономиканы дамыту мен өнер арқылы халықаралық ынтымақтас­тық­ты нығайту мәселелерін талқылады.

Министр форум барысында мәдениет саяси құрал емес, рухани бірлікке, жасам­паз­дыққа және шабытқа же­те­лейтін қайнар көз екенін айт­ты. Сондай-ақ ол мәдени кеңіс­тіктің тәуелсіздігі мен та­за­лығын сақтауға бағыт­тал­ған бірлескен шаралар қабыл­дауды ұсынды. Аида Балаева негізгі мүмкіндіктер ретінде мәдениеттің білім беру қызметін, мәдени дипломатия­ны, креативті экономиканы және цифрлық технологияларды атап өтті.

«Кейінгі онжылдықтарда жаһандану, цифрландыру, урбанизация өмірімізді күрт өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс ынтымақтастыққа жаңа жол ашқанымен, дәстүр мен тарихи жадтың жоғалуына да қауіп төндіреді. Сондықтан мәдениетке оралу мұраны сақтау ғана емес, оны зама­науи әлемге бейімдеудің айқын кө­рінісі», деді министр.

Форум аясында А.Балаева­ның Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимовамен екіжақты кез­десуі өтті. Жиында тараптар Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық салада­ғы ынтымақтастығының қазір­гі жағдайын және келешегін талқылады. Аида Балаева ресей­лік тарапқа мәдени бастама­ларды тұрақты қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Атап айтқанда, қазан айында өтетін Ресейдегі Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдар­ламасы мазмұнды болғалы тұр. Жаңа Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің топтамасынан алынған жауһар­лар көрмесі ашылады. Кіші театр сахнасында заманауи философиялық драма «Парасат майданы» ұсынылады. Бұл күндері ресейлік көрермен Қазақстан киносы мен заманауи қазақстандық кинемато­графияның жаңа есімдерімен, өзекті тақырыптарымен танысады. Қазақстан мәдениеті күндерінің қорытынды іс-ша­расы еліміздің өнерпаздары қатысатын Гала-концертпен аяқталады деп жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысын­да қос министр серіктестікті тереңдетуге, үздік тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің мәдениет мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға ниетті екендерін растады.