«Қазақмыс» корпорациясының құрамында 13 кеніш бар. Соның 11-і – жерасты кеніші, екеуінде өндіріс ашық әдіспен жүргізіледі. Компания құрамында 4 кен байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты бар. «Қазақмыс» былтыр 247 мың мыс катодын алып шыққан. Ал Батыс Жезқазған, Шығыс Жезқазған, Оңтүстік Жезқазған кеніштерінің жұмыс істеп жатқанына тоқсан жылдан асты. Енді ол кеніштерде кен қоры таусылып, үлкен бос кеңістіктер пайда болған.
«Бұл кеніштер жүз жылдай жұмыс атқарды. Кепілдендіру мерзімі – 35 жыл. Кен орнының жартысынан астамы құлаған. Жезқазған кен орнында үлкен қуыс қалды. Осы бір бөліктің алтысынан бірінің жағдайы әлсіреген. Біз оған кіре алмаймыз. Бұл учаске кенеттен құлап, жер сілкінісі болуы мүмкін. Осындай апаттардың алдын алу үшін шахтаның құлауын тіркейтін автоматты сейсмикалық жүйені іске қосып, спутниктік мониторингпен де жұмыс істей бастадық», дейді «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров.
Біз жерден 350 метр тереңдікте орналасқан «Оңтүстік Жезқазған» кенішінің жер астына түстік. Бүгінде бұл кеніште 1 050 адам жұмыс істейді. Бізді көпфункционалды «MinCA» көлігіне отырғызды. Жүргізушінің айтуынша, бұл – қауіпсіз көлік. Қорабы – автомат. Тежегіштері мықты ұстайды. Сүйегі ауыр. Төменге түскенде сөніп қалса, алға кетпей тұрып қалады екен. Көліктен түскен соң, лавада бұрғылау учаскесін көрсетті. Бұрғылаушы Жалғас Шамұратов әуелде бұрғылаушының көмекшісі болып, техниканы қалай бұрау керектігін үйренген. Жалғас үш күн істеп, екі күн демалады. Ауысымда 130 метрге дейін бұрғылайды.
«Забойға кіреміз. Күнделікті медициналық бақылаудан өтеміз. Таңғы жетіде учаскеге келгенде учаске басшысы тапсырма береді. Түнгі ауысымда болған жағдайды айтады. Таңертең 8-де жер астына түсеміз. Жөндеу ауысымы болса техниканы жөндейміз, слесарьға көмектесеміз. Жұмыс уақыты 13.00-де аяқталады. Сосын басқа ауысым келеді. Олар кешкі сағат 21.00-ге дейін істейді. Негізі жұмысты бастайтын біз, бұрғылаушылар. Жалақым миллионнан асады. Қолыма 800–900 мың теңге аламын», дейді.
Ал көлік жөндеуші Біржан Молақов осы шахтада 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.
«Жұмысым жауапкершілікті қажет етеді. Әр техниканың майын, суын тексеремін. Қажалып тұрған тежегішін ауыстырамын. Сынып тұрған тұсын анықтап, жөндеймін. Қысқасы, техниканың қауіпсіздігі – жұмысшының қауіпсіздігі», дейді ол.
Табан тіреген келесі нысанымыз – Жыланды кеніші «Жезқазған» кеніштерінен солтүстікке қарай 30–35 км жерде орналасқан. Жыланды кенішінің құрамында Итауыз, Батыс Сары-Оба, Шығыс Сары-Оба, Қыпшақпай, Қарашошақ атты бес шахта бар. Жыланды кенішінің директоры, тәжірибелі кен инженері Нұрболат Байсадықовтың сөзінше, қазір үш шахта жұмыс істеп тұр.
«Шығыс Сары-Оба шахтасында жерасты тау-кен жұмыстары 2016 жылы басталды. 2027 жылы Батыс Сары-Оба ашылады. Болашақта Қыпшақбай кеніші ашылады. Жыланды кенішінің келешегі зор. Өндірістік қуаты жылына 2,7 млн тонна кенді құрайды. Келесі жылдан бастап кеніштің жылдық өндірістік қуатын 3,6 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 6 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Осы жылдың сәуір айынан бастап «Қазақмыс» геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, қолдағы бар қорларды ұқсату және қорды дамытуға айрықша назар аудара бастаған.
«Геологиялық қорларды дамыту үшін әлемдегі жоғары дамыған геофизика техникасын қолданып, 3 000 қашықтық тереңдікті зерттеу мүмкіндігі бар. Осы орайда цифрландыру мен техникалық трансформациялауды қолға алып отырмыз. Шалғайда барлау бойынша жасалып жатқан далалық жұмыстан жиналған ақпаратты біздің мамандар «StarLine» интернет құрылғысымен онлайн форматта жылдам жинап, өңдей алады. Бұл жерде ақпаратты қолдану бір міндет, одан кейін ақпаратты жүйелендіру, бір жерге сақтау, дұрыс қолдану мәселелері туындайды. Оны біз биыл құрылысы аяқталатын Жезқазған қаласында салынып жатқан геологиялық кластердің төңірегінде ұйымдастырамыз» дейді Геологиялық барлау жұмыстары департаментінің директоры Бекасыл Әукешев.
Геологиялық кластер – бірегей жоба. Кластер ішінде 1 400 шаршы метр оқу орталығы, 200 шаршы метр геологиялық кітапхана, 50 орындық кампус, ALS аналитикалық зертханасы, еліміздегі алғашқы геофизикалық зертхана, керноқойма, геологиялық мұражай, кеңсе ғимараты мен механикалық цех қарастырылған.
Жыланды кенішінен кейін ашық карьерге аяқ бастық. Директор Нұрболат Сайлауұлының айтуынша, бір жылдық дайын кен массасының жоспары – 2 млн 500 мың тонна. Содан 540 мың тонна руда алынады.
Ұлытау облысы