• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:40

Шетелдің үздік мамандары Қазақстанға келеді

30 рет
көрсетілді

Білікті мамандар ел дамуында ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі талантты қазақ мамандарды ғана емес, әр салаға шетелдік үздік мамандарды да тартуға тапсырма берді. «Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңыз­ды міндет. Олардың Қазақстанда қа­луы­­на жағдай жасау керек. Себебі біз­ге білік­ті мамандар өте қажет. Әсі­ре­се тех­никалық мамандықтарды мең­гер­­ген өз ісінің нағыз шеберлері ке­рек», деді Президент Жолдауында. Қа­зір­гі кезде осы мақсатқа негізделген «Digital Nomad Resydensy» жобасы іске асып жа­тыр. Оның алғашқы иегері де анықталды.

Елімізде алғаш рет «Digital Nomad Residency» мәртебесі рәсімделді. Оның алғашқы иегері – халықаралық тәжірибесі бар «Senior Analytics» & «BI Engineer» Павел Филатов. Ол Қазақстанды өмір сүруге қолайлы әрі кәсіби қызметін жалғастыруға ыңғайлы ел ретінде таңдағанын айтады.

«Digital Nomad Residency» маған жайлы өмір сүру мүм­кіндігін қарқынды дамып жатқан технологиялық экожүйемен ұштастыруға жол ашты. Рәсім­нің заманауи әрі ыңғайлы жүр­гізілетінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бағдарлама IT-маман­дарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан кәсіби тұрғыда даму мен халықаралық әріптестік үшін зор әлеуетке ие. Алғашқы резидент атану мен үшін үлкен мәртебе»,  деді Павел Филатов.

Бұл бастама биыл қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған. Қыс­қа уақыттың ішінде аталған бағдарлама цифрлық технологиялар мен жасанды интел­лект саласындағы әлемдік деңгей­дегі үздік мамандарды тарту­дың маңызды құралына айналып үлгерді. Ал «Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері осы үдерістің негізгі платформасына айналды.

Жоба бойынша елімізде тұруға ықтиярхат алуға өтініш беру онлайн форматта басталады. Одан кейін «Astana Hub» мамандары үміткерлерді әр кезеңде сүйемелдеп, заңнамаға сәйкес рәсімдер толық аяқталғанға дейін кеңес береді. Бүгінде АҚШ, Канада, Франция, Түркия және ТМД елдерін қоса алғанда, 20 мемлекеттен 270-тен астам өтінім келіп түскен. Кандидаттардың басым бөлігі – бағдарламалау, киберқауіпсіздік, UI/UX-дизайн және DevOps мамандары.

Бұған дейін «Digital Nomad Visa» аясында алғашқы қатысу­шылар – Алжир мен Ботсвана­дан келген IT-мамандар қоныстанып үлгерген еді. «Digital Nomad Visa» табысты растауды талап етпейді, елге кіруді жеңіл­детеді және шетелдік те, отан­дық та компаниялармен жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. Виза ие­герлері кейіннен «Digital Nomad Residency» алуға өтініш бере алады. Ал ұзақмерзімді мәр­тебенің рәсімделуі елімізге деген қызы­ғушы­лықтың артып келе жатқанын және елдің аймақтық цифр­лық хаб ре­тіндегі әлеуетін ай­қын көрсетеді.

 

Бағдар­ламаның тәр­тібі қандай?

«Digital No­mad Resi­dency» IT-ма­мандарға елімізде тұ­рақ­ты тұ­руға ық­­­­­тияр­хат алу­ды жеңіл­детіл­ген тәр­­тіппен ұсы­­нады. Ол үшін үміт­керлер «Astana Hub» порталы арқылы өтініш береді. Құ­жаттар тізіміне: шетелдік пас­порттың көшірмесі, түйіндеме, портфолио, мотива­ция­лық хат, сотталмағаны жө­ніндегі анық­тама және 3,5х4,5 көлеміндегі фотосурет кіреді. Кандидатқа Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министрлігі­нен оның мамандығы сұранысқа ие екенін растайтын ресми құ­жат беріледі. Одан кейін IT-маман «eGov.kz» порталы арқылы «Шетелдік IT-мамандарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру» қызметіне өтініш жібереді. Жүйеде қадам-қадам бойынша анкетаны толтырып, құжаттарды тіркеп электронды қол қояды. Өтініш 45 күн ішінде қаралады. Оң шешім қабылданған жағдайда маман Қазақстанға келіп, халыққа қызмет көрсету орталығында рәсім­ді аяқтайды.