Таяуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында ардагер журналист, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайраш Әбішқызы бастаған ғылыми топ әзірлеген «Қазақстан мектебі» журналы: 1925-1991 жылдардағы тарихи белестері» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Жалпы 1970–1990 жылдардағы баспасөз бен білім үдерісінен хабардар зиялылар үшін «Қазақстан мектебі» журналы – аса танымал мерзімді басылым. Оны республикадағы мектеп ұстаздары, педагогикалық мамандықтарда сабақ беретін ғалымнан бастап, студентке дейін ынтыға оқитын.
Ал енді осы журнал әу баста Алаш арыстарының идеясымен туып, «Жаңа мектеп» аталғанын көпшілік біле қоймайтын. Өйткені басылымның тарихын қазбалауға кеңестік идеология, таптаурын таным-түсінік мүмкіндік бермейтін. Ақиқатына келсек, ескі мерзімді басылымдарды санаулы ғалымдар ғана оқи алды.
Тарихи «Жаңа мектеп» кейін заман талабымен «Политехникалық мектеп», «Ауыл мұғалімі» «Халық мұғалімі» атауымен шығып, 60-жылдардағы «жылымықтан» соң «Қазақстан мектебі» атауын алды. Ол қай кезде де салалық педагогикалық, ғылыми-әдістемелік бағдарынан айнымады. «Жаңа мектеп» журналын жүйелі қаржыландыру, шығару көрнекті қайраткері, Алаш арысы Смағұл Садуақасұлы Білім министрі (Халық ағарту комиссары) болып тұрғанда жүзеге асты. Бұл басылымға автор ретінде атсалысқандардың көшбасында А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Садуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Жолдыбайұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, т.б. тұлғалар тұр.
Сайраш Әбішқызы үйлестірген ғылыми топ (Ә.Салықбай, Қ.Шағыр, Ж.Сарманов, Қ.Бексайынов, К.Қинаубай, С.Хасенов) «Қазақстан мектебі» журналының ғасырлық тарихын білім мен оқыту теориясына, тәрбие теориясына, мектепті басқару мен ұйымдастыру теориясына, мамандарды даярлау теориясына әсері тұрғысынан зерделеген.
Жоба-еңбекте отандық білім саласының қалыптасып-дамуындағы аталған салалық басылымның әр кезеңдегі мақсат-міндеті, жүріп өткен жолы, ағарту ісіне қосқан үлесі, көтерген әлеуметтік-мәдени жүгі, танымдық-ақпараттық қуаты, ұстаздар қауымы мен ата-аналар ортасындағы беделі, біліктілік сабақтастығы, әлемдік теория мен тәжірибені, отандық ізденіс пен сараптаманы талдау мен насихаттаудағы рөлі жан-жақты баяндалған.
«Қазақстан мектебі» журналының 1970–1980 жылдардағы кезеңін интеллектуалдық өсу уақыты, мектеп пен қоғамның, педагогика мен ғылымның арасын ықпалдастырған шағы деуге негіз бар.
80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басындағы «Қазақстан мектебі» Тәуелсіздіктің атмосферасын қалыптастырды, өткеннің небір «ақтаңдақтарын» жарыққа шығарып, жұртшылықтың, әсіресе білім саласы мамандарының тарихи жадын жаңғыртты. Осы кезеңде басылым редакторы, қоғам қайраткері Сайраш Әбішқызының ұйымдастырушылық, қайраткерлік қабілет-қарымы айрықша көрінді. Білім-ғылым саласында елеулі бастамалар көтеріп, жобаларды жүзеге асырды. Білікті мұғалім, қайраткер мұғалім, санаткер мұғалім, ұлт мектебі, халықшыл мектеп, зияткер мектеп мәртебесі айқындала түсті.
«Қазақстан мектебі» журналы қоғамдық-идеологиялық, ғылыми-танымдық бағытта әрқашан «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді.
Тұсаукесер шарасын «Қазақ газеттері» серіктесігінің бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Мұның себебі де бар: еңбек ардагері Сайраш Әбішқызы алғашқы қаламгерлік қызметін «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Egemen Qazaqstan») газетінде бастаған.
Жиынды ЕҰУ Ғылыми кітапхана директоры, философия ғылымдарының кандидаты Бақытжан Оразәлиев ашып, жаңа еңбектің оқу үдерісіндегі маңызына тоқталды. Осыдан соң сөз алған жоба авторы С.Әбішқызы «Жаңа мектеп» – «Қазақстан мектебі» журналының ұлт тарихындағы орнына, сын сағаттағы елшіл бастамаларына, бүгінгі күрделі ахуалы мен өзекті мәселелеріне екпін түсіре айтты. «Біздіңше, Алаш зиялылары идеясымен өмірге келген ғасырлық тарихы бар журнал Оқу-ағарту министрлігінің нөмірі бірінші салалық басылымы болуы керек. Ғылым академиясы қайта жанданды, басқа да дәстүрлі дүниелерімізге оралып жатырмыз. «Қазақстан мектебі» журналының қазіргі жағдайы сын көтермейді. Журналдың басшысы мен санаулы қызметкері жоқтан бар жасап отыр. Мемлекет кешіктірмей қолға алатын ендігі жоба – «Қазақстан мектебі» журналы болса деймін. Мұны салалық министрлік, жаңашыл Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері ескереді деп үміттенемін», деді баспасөз ардагері.
Тұсаукесерде сондай-ақ педагог-ғалым Өріс Иманғожина, Ұлттық музейдің ғылыми-әдістемелік қызмет басшысы Сырым Хасенов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері, ақын Біржан Ахмер, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сәния Бектенғалиева т.б. ой-пікірін ортаға салды. Ұсыныс ретінде кітаптың мемлекеттік тапсырыс негізінде кемі 1 мың таралыммен көбейтіліп, ел кітапханаларына толық жетуі керектігі, сонымен бірге аталған журналдың Ғылым комитеті тізіміне қайта енгізілуі қажеттігі айтылды.
Шараға ғалымдар, мұғалімдер, магистрант, студент жастар қатысты. Тұсаукесер аясында жиналған қауым ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрмені тамашалады.
Сабыр Шәріп,
PhD