Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті әзірлеген заң жобасы 2025 жылғы 4 қыркүйекте өткен кеңейтілген отырыста талқыланып, Сенат Аппараты қызметкерлері мен заң әзірлеуші өкілдерінің қатысуымен қаралған болатын.
Заңның негізгі мақсаты – инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу үшін қолайлы жағдай жасау және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Құжат 2 Кодекске және 10 заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда:
«Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры біріктіріліп, бірыңғай «Астана Хаб» дербес кластерлік қоры құрылады. Қорды қаржыландыру жүйесі қайта қаралып, мүшелік жарналар есебінен қалыптастыру көзделеді. Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін міндетті қаржыландыру алып тасталады. Венчурлік нарықты дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын бағалау тетігі енгізіледі. Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай цифрлық терезесін дамыту қарастырылған. Байланыс операторлары мемлекеттік статистика үшін абоненттер туралы иесіздендірілген деректерді уәкілетті органға ұсынуға міндеттеледі.