Президент Жолдауда әлемнің жаңа тарихи кезеңге өткенін атап, еліміздің алдағы бағытын айқындады. Геосаяси шиеленістер мен институционалды дағдарыстар және жасанды интеллектінің даму қарқыны жағдайында басты сын-қатерлерге назар аударды. Ең негізгі міндеттің егемендікті қорғау және ұлттық мүддені сақтау екенін баса айтты.
Президент Азияның жаңа дәуірінде еліміздің ұлттық бағытын сақтап, көпвекторлы саясатты жалғастыруға ниетті екенін ашық жеткізді. Ел мақсаты – жаңа әлемдік тәртіпте дербес әрі белсенді ойыншы ретінде орнығу. Сыртқы саясаттың басты қағидасы теңгерімділік пен жасампаздық екенін айтқан Президент еліміздің Орталық Азия және өзге де мемлекеттермен шынайы серіктестікке ұмтылып, сындарлы байланысын жалғастыратынын меңзеді. Ресей мен Өзбекстанға сапар жоспарланған, Астана БҰҰ реформасын талқылауға дайын. Бұл қадамдар елімізді бейтарап, прагматикалық мемлекет ретінде көрсетуге бағытталған.
Екінші мәселе – цифрландыру. Қазіргі цифрлық даму жағдайында жаңа жасанды интеллект саласына жауапты министрлік құрылатыны дер кезінде айтылған, құптайтын шешім болды. Президент әлемдік өзгерістерге бейімделу қажеттігін қадап айтып, үш жылда елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру стратегиялық міндетін қойғаны – тамаша идея. Осы мақсатта жаңа Цифрлық даму министрлігі құрылып, жасанды интеллект, Big Data және электронды үкімет цифрлық платформасы енгізіледі. Негізгі басымдық – қызметтердің ашықтығын арттыру, интернет сапасын жақсарту, ІТ-мамандарды даярлау, цифрлық заңнаманы жетілдіру. Мақсат – ЖИ құралдарын дамыту арқылы елімізді басқару жүйесін жедел даму кезеңіне шығару.
Үшінші мәселе – ішкі саясат. Президент өзінің басты миссиясын – мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін, халықтың даму болашағын қамтамасыз ету деп атап өтті. Бұл ұлттық даму мен болашаққа бағдарланған мемлекет құруды көздейтін үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар Президент реформаларды асықпай, сапалы жүргізіп, қиындыққа қарамастан елді дұрыс дамудың даңғыл жолына шығару қажеттігін айтты.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бір палаталы парламент жүйесін құру бастамасын көтерді. Бұл реформа асығыс қабылданбайды, алдымен қоғамда кеңінен талқыланып, 2027 жылы референдум арқылы шешілмек. Жоспарға сәйкес, Сенат таратылып, Мәжіліс депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланады. Қазіргі қос палата өкілеттігін аяқтаған соң, жаңа жүйе 2028 жылдан бастап іске асады. Реформаның мақсаты – Парламентті ықшамдап, саяси партиялардың жауапкершілігін күшейту.
Жолдауда Президент экономикалық даму үшін келесі стратегиялық міндеттерді қойды. Мәселен, Ұлттық қор қаражаты мектеп, медицина және инфрақұрылымға жұмсалады. Елімізді Еуразиялық авиациялық хабқа айналдыру үшін әуежайлар жаңғыртылып, жүк тасымалы мен цифрлық жүйелер дамытылады. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолы толық салынып, «Шығыс – Батыс» транзиттік бағытының тиімділігі артпақ. Қытай инвесторларымен бірге Алатау қаласы инновация мен бизнес орталығы ретінде өңірлік драйвер болуы мүмкін. Осы ретте Мемлекет басшысы бизнеске заңсыз қысым жасамауды қатаң ескертіп, «міндетті талаптар тізбесін» енгізуді ұсынуы бизнеске маңызды белгі болды.
Өңірлердің инвестициялық тартымдылық индексі енгізіліп, әкімдердің жауапкершілігі артады, арнайы экономикалық аймақтар жеке, шетелдік компаниялардың басқаруына беріледі. Туризм ұлттық брендке айналып, Алматы маңындағы тау-шаңғы инфрақұрылымы жаңғыртылады. Осы тұрғыда Президент еліміздің әлемдік өндірістік және инвестициялық тізбектерге белсенді қосылуы қажет екенін айтты. Бұл қадам елді жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналдырып, әртараптандыру мен тұрақты дамуды қамтамасыз етпек.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы су ресурстары мәселесіне де тоқталып өтті. Табиғи ресурстар мен суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет екенін, қазіргі кезде бұл салада көптеген проблема барын айтты. Осы бағытта агросалада импортты алмастыру және ұлттық өнімдерді экспортқа шығару жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
халықаралық сарапшы