Қазақ халқының басқа жұрттан бір артықшылығы – құсбегілік өнері. Яғни аспан серісі бүркітті қолға қондырып, онымен алпыс екі айлалы жер тағысы қу түлкіні шеңгелдеу нағыз шеберлік емес пе? Төл табиғатпен біте қайнасып бірге өскен бабаларымыз дала сермендесі аң мен құстың жайын жақсы білген.
Жуықта қолымызға Қытай елінің ШҰАР өлкесіндегі «Шыңжаң жас өрендері» баспасынан 2012 жылы жарық көрген жергілікті этнограф-зерттеуші Айып Нүсіпоқасұлының «Ит жүгіртіп, құс салу» атты кітабы түсті. Осы туындыда ерте кезде өмір сүрген атақты құсбегі, әрі құс сыншысы Шораның қырантанудағы білгірлігі хақында жазба бар екен.
– Бір жылы құсбегі Шораның ауылында ұлы думан той болады. Тойда жиналған игі жақсылар бір әредікте төбе басына шығып өткен-кеткеннен әңгіме қозғап отырады. Бір кезде олардың төбесінен бір бүркіт қалықтап өте шығады. Алқа-қотан отырғандар ішіндегі бірнеше саятшы бүркітке кезек-кезек күн сала қарасып:
– Ойпыр-ай, мына құс нағыз қас қыранның өзі екен, самғауына қараңдаршы, қанат қағысы біздің құстардан бөлекше. Шореке, қане, сіз бағаңызды айтыңызшы, анау қандай құс? – деп көпшілік Шораға қарапты. Шора болса:
– Мен білсем, бұл құс балапан кезінде аңнан шошынып жүрегі шайлыққан, бұл күндері тек өлексемен жан бағып жүрген «аң алмастың» дәл өзі. Байқаймын осы құрғырдың оң жақ көзі ақаулы, тіпті соқыр болуы да әбден мүмкін, – депті. Бірақ Шораның сөзіне отырғандардың ешқайсысы да илана қоймапты. Сол жерде бірнеше қызуқанды жігіт орындарынан тұрып, Шораға:
– Шореке, оң көзі соқыр деп кесіп айта аласыз ба? Әлде бізді ұстап әкеліп тексермейді деп тұрсыз ба? Аспандағы құстың соқыр екенін жерде тұрып қалай білесіз? – деп қадала кетеді. Оған Шора:
– Сенбесеңдер барып құсты ұстап әкеліңдер. Айтқаным жалған болса, мына астымдағы бәйге қара мен үйде баптап отырған он жеті қыранымды сендерге берейін, – депті.
Желпінген жігіттер жүйріктеріне мініп, құстың соңынан кетеді. Ертесі сәскеде оны ұстап әкеледі. Айтса айтқандай құстың оң жақ көзі соқыр екен. Бұны көрген жұрт таңданып:
– Ойпыр-ай, Шореке! Бұл бүркіттің оң жақ көзі соқыр екенін қайдан білдіңіз?! – деп сұрапты. Шора сыншы:
– Көңіл қойып, зерделеген адамға оның не қиындығы бар. Кеше осы бүркіт төбемізден ұшып өткенде қарап тұрсам, ұшуы сылбыр және сол қанатын екі қаққанда оң қанатын бір рет қана қағып барады екен. Сол қанатын көбірек қаққаны – оң жақ көзі көрмеген соң сол жағына қарай бұрылып, қарайлағанын аңғардым, – депті.