Мексика билігі зорлық-зомбылық элементтері бар видеойындарға арнайы салық енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама 2026 жылға арналған бюджет жобасына енгізілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аzertag агенттігі хабарлағандай жиналған қаражат азаматтардың видеойындарды шамадан тыс қолдануынан туындайтын психологиялық және әлеуметтік денсаулық мәселелерін емдеуге бағытталмақ. Үкіметтің есебінше, жаңа салық шамамен 10 миллион доллар кіріс әкелуі мүмкін.
Қаржы министрі Эдгар Амадордың айтуынша, бұл шара темекі мен тәтті сусындарға салынған акциздер секілді салық саясатына емес, денсаулық сақтау және қауіпсіздік саласына қатысты бастама болып саналады. Ведомство 8% мөлшерлеме белгілеуді ұсынды.
Министрліктің бюджет жобасында келтірілген деректерге сәйкес, зерттеулер жасөспірімдердің қатыгез видеойындарға әуестенуі агрессия деңгейінің артуына, мазасыздықтың күшеюіне әкеп соғатынын көрсетті. Қаржы вице-министрі Карлос Лерма мұндай жағымсыз құбылыстар жастардың дамуына кедергі келтіріп, денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсіретінін атап өтті.
Бюджет жобасы қараша айының ортасына дейін Конгресте қаралып, бекітілуі тиіс.