• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 09:07

Жаһандық үрдісті айқындайды

20 рет
көрсетілді

Президент халыққа арнаған Жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Бұл шешім жаһандық үрдісті айқын көрсетеді. Бүгінде ЖИ зертханалық тәжірибеден шығып, энергетика мен көлік сияқты инфрақұрылымдық маңызды салаға айналып отыр.

Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, жасанды интеллект технологияларын енгізу бес жыл ішінде еңбек өнімділігінің орташа жылдық өсімін 1,1 пайызға арттыра алады. Дамыған елдер үшін бұл тұтас технологиялық революцияның әсерімен тең. Халықаралық деректер корпорациясының (IDC) болжамынша, әлемдік ЖИ-ға жұмсалатын шығындар 2028 жылға қарай $632 млрд-қа жетеді, ал 2025–2029 жылдар аралығында орташа жылдық өсім шамамен 32 пайыз болады.

ЖИ экономиканың жаңа қозғалт­қышына айналып бара жатқандығы­ның тағы бір дәлелі  «ЖИ-бумның» рәмізіне айналған «Nvidia» компания­сын айтуға болады. Биыл шілде айын­да ол әлемде алғаш болып 4 трлн доллар капиталдандыруға жетті. Бұл – ЖИ модельдерін оқыту мен қолдануға арналған есептеу қуатына жаһандық сұраныстың тікелей көрінісі.

Осы орайда дамыған елдердің де қолға алып жатқан  бастамаларына тоқтала кетейін. Бүгінде АҚШ әкімшілігі энергетика мен инфрақұрылымға басымдық беріп отыр.  Биыл олар 14 қаңтарда ЖИ деректер орталықтарын кепілдендірілген энергиямен қамту туралы жарлық қабылдады. Көршіміз Қытай Халық Республикасы «төменнен жоғарыға» стратегиясын таңдады. Былтыр жылдың соңынан бастап Білім министрлігі мектеп оқушыларына ЖИ сауаттылығын арттыру бағдарламасын енгізді. Кейбір аймақтарда курстар бірінші сыныптан бастап оқытылатын міндетті пәнге айналды. Осылайша, Қытай жасанды интеллектімен жұмыс істей алатын ұрпақты бала күнінен тәрбиелеп жатыр.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ саласындағы тиімді саясат үш «тірекке» негізделеді: инфрақұрылым – деректер орталықтары, энергетика, есептеу қуатына қолжетімділік. Кадрлар – мектептен бастап мамандарды даярлау. Реттеу – бизнес пен қоғам үшін «ойын ережелерін» қалыптастыру. Сондықтан  осы Жолдаудағы жаңа министрлік құруға қатысты Президенттің тапсырмасы жоғарыда айтылған үш бағытты бір арнаға тоғыстыру арқылы адам капиталы мен инфрақұрылымдық шешімдердің өзара үйлесімділігіне қол жеткізе аламыз.

 

Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Farabi Supercomputer Center» директоры