Президент Жолдауда жасанды интеллект пен инновацияны дамытуды мемлекеттің өркендеуіндегі шешуші факторлардың бірі ретінде атап өтті. Бұл кездейсоқ айтылған сөз емес. Ғылымы дамыған, технологиясы өрістеген ел ғана әлемдік бәсекеде алға озады. Ал еліміз үшін бұл бағыт ең негізгі серпіліс болуға тиіс.
Осы орайда көптен бері ойымызда жүрген, енді жүзеге асыруға бел буған ұлттық «IQ Test Center» жобасы дәл Президент күткендей инновациялық бастама деп нық сеніммен айта аламыз. Инновация деген – қоғамға нақты пайда әкелетін, өмірге енгізілген жаңалық. Ол адамдардың өмір сапасын жақсартуы керек, экономиканы дамытуы қажет, ғылымға тың серпін беруге тиіс. Осы тұрғыдан қарасақ, «IQ Test Center» – кәдімгі оқу орталығы емес, ұлттық деңгейде интеллектуалдық әлеуетті дамытудың жаңа жолын ұсынатын ерекше бастама.
«IQ Test Center» неге қажет? Елімізде бүгінде ресми лицензиясы бар IQ орталығы жоқ. Қолданыстағы тестілердің көбі – шетелдік үлгілер. Олар мәдениетімізді, тілімізді, ұлттық дүниетанымымызды ескере бермейді. Бұл – үлкен олқылық. Ал бізге ұлттық болмысқа бейімделген, заманауи технологиямен толықтырылған жүйе керек. «IQ Test Center» осы олқылықтың орнын толтырады: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қолжетімді болады; әр адамның қабілет деңгейіне қарай бейімделген тест ұсынады; IQ-мен қатар эмоционалды интеллект (EQ), креативтілік пен кәсіби бейімділікті де анықтайды; жасанды интеллект пен «Big Data» талдау арқылы жеке даму картасын құрастырады.
Бұл – кез келген мектеп пен университетке, жұмыс берушіге, ең бастысы, әрбір ата-ана мен жас ұрпаққа аса қажет құрал. Жобаның тағы бір артықшылығы – оның халықаралық деңгейге шығуға бейімділігі. Біз әлемге әйгілі «Mensa» ұйымымен серіктестік орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтарымыздың интеллектін халықаралық стандартта бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Astana Hub»-пен әріптестік арқылы жобаға қолдау алу көзделген. Бұл өз кезегінде еліміздің инновациялық экожүйесін нығайтып, стартапқа инвестиция тартуға жол ашады.
«IQ Test Center» – жеке бизнес-жоба емес. Оның әлеуметтік әсері әлдеқайда кең: дарынды жастарды ерте анықтап, олардың жолын ашу; әрбір мектеп түлегінің бейіміне қарай нақты кәсіби бағдар ұсыну; университеттерге студенттердің қабілеттерін бағалауда қолдау көрсету; HR-секторда мамандарды әділ бағалауға мүмкіндік беру; еліміздің ұлттық деректер базасын құрып, ғылымға үлес қосу.
Орталық жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтеруге қызмет етпек. Қазіргі кезде білім беру мен HR саласында объективті бағалау құралдарына сұраныс артып келеді. Бұл – тек еліміз емес, Орталық Азия деңгейінде де үлкен мүмкіндік. Демек біздің жоба ел ішінде ғана емес, аймақтық нарықта да өз орнын таба алады.
Жобаның инновациялық сипаты ерекше: қазақ тілінде бейімделген тұңғыш IQ тест әзірленеді; ұлттық мәдени ерекшеліктерге негізделген сұрақтар жасалады; жасанды интеллект әр адамның деңгейіне қарай бейімделген тест құрастырады; «Big Data» талдау арқылы әрбір қолданушыға жеке даму траекториясы ұсынылады. Бұл Президенттің халыққа Жолдауында айтылған инновация мен жасанды интеллектіні дамыту бағытына толық сәйкес келеді.
Біз ұсынып отырған «IQ Test Center» жобасы – Президентіміз айтқандай инновациялық бастама. Бұл – ұлттық мүддеге сай, әлемдік деңгейде мойындалатын интеллектуалдық бренд. Жоба сәтті жүзеге асса, Маңғыстау өңірі еліміздегі алғашқы ресми IQ орталығы бар аймаққа айналады.
Әрине, әділдік тек ақыл-оймен өлшенбейтіні белгілі. Өйткені әділ болу үшін IQ жоғарылығы жеткіліксіз. Оған қоса жүрек тазалығы, адамгершілік, еңбексүйгіштік, адалдық қажет. Әділдік – ақылдың ғана емес, ардың да өлшемі. Біз әркімнің мүмкіндігін дұрыс бағалап, адамдық қасиетті биік ұстасақ, сол кезде ғана әділдік орнайды. Ақылдыны арлы, арлыны әділ еткен қоғам – нағыз кемел қоғам. Ақылдың нұры мен ардың шырағы қатар жанғанда ғана қоғамда шын әділдік салтанат құрады.
Ақын Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті» деп айқындаған «нұрлы ақыл» – ақылдың ізгілікпен, әділетпен, армен үйлескен сипатын, «ыстық қайрат» – еңбексіз ойдың әлсіздігін, «жылы жүрек» – мейірімсіз ақылдың қаталдығын, нұрлы ақыл ізгілікпен нұрланбаған қайраттың қауіптілігін көрсетеді.
«IQ Test Center» идеясы да осы философия негізінде құрылған. IQ арқылы ақыл-ой шамасын анықтау, EQ арқылы жылы жүректі бағалау, ал нұрлы ақылды жасанды интеллектіге сүйенген кешенді бағалау мен ұлттық құндылыққа негізделген тест арқылы ашуға болады. Яғни Абайдың «Үш қасиетін» қазіргі ғылым тілімен үйлестірсек, ол – IQ (ақыл), EQ (эмоция), SQ (рухани-адамгершілік өлшем).
Біз осы жоба арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, Президент ұсынған бағытты жүзеге асыруға үлес қосқымыз келеді.
Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ,
Ш.Есенов университетінің аға оқытушысы
АҚТАУ