• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:43

Сапалы білім беретін бірегей бағдарлама

40 рет
көрсетілді

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы білім саласындағы сапаны арттыруға арналған бірегей бағдарлама. Демографиялық өсім мен қажеттілік артқан кезеңде мұндай бастама өз жемісін беріп жатыр. Биылғы 2025–2026 жылғы оқу жылында 4,1 млн-ға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның ішінде бірінші сынып 360 мыңнан асып жығылады. Ал ашылған мектептер санына тоқталсақ, кейінгі алты жылда елімізде 1 млн-нан астам орынға мыңнан аса білім ошағы салынды. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» осы ауқымды стратегиялық бастаманың маңызды бөлігі.

«Келешек мектептері» – тұрғылықты жерінде, қолжетімді әр оқушыға сапалы білім беруді көздейтін білім ордалары. Олар гимназия немесе лицей емес, өзіндік оқу-тәрбие үдерісі бар баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мектептер. Ұлттық жоба аясында 460 мың орынға шақталған 217 мектеп ашылады деп жоспарланған. Қазір жоспардың 69 пайызы орындалды. Бұл дегеніміз – 146 мыңға жуық оқушы оқитын 150 білім мекемесі.

Қарқынды жұмыс нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 4 есе, апатты жағдайдағы мектептер 2 есе, оқушы орындарының тапшылығы 4 есеге қысқарғанын атап өту керек. Мәселен, биыл Шымкент қаласында, Ақмола және Қызылорда облыстарында үш ауы­сымды мектептер мәселесі жойылды. Бүгінде елімізде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мың мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.

«Келешек мектептерінің» жартысы ауылдарда ашылады. Демек, атал­ған бастама алдымен орын тапшы­лығын болдырмаса, одан соң ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапа­сындағы алшақтықты жоюға бағыт­тал­ған. Себебі бұл жай ғана мектептер емес, заманауи оқыту тәсілдері мен соған сай инфрақұрылым қалыптастыратын оқу ордалары. Мұнда заман қажеттіліктеріне сай ең озық материалдық-техникалық база қамтамасыз етілген. Оқушылар, ата-аналар, тіпті педагогтердің өзі «Келешек мектептерін» үлкен қуанышпен қарсы алып, реакцияларымен бөлісіп отыр.

«Келешек мектептері» моделінің артықшылығы да сол, теориямен шектелмей, тәжірибе алаңында білім алуға мүмкіндік жасалған. Осының бәрі де оқушылардың ғылымға қызығу­шылығын арттырады, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, шығар­ма­шылық және креативті қабілеттерін дамытады. STEM кабинеттер, роботтехника мен дрондар, еңбекке баулу кабинеттері мен музыкалық аспаптар, спорттық құрал-жабдықтар, интерак­тивті тақталар мен зертханалар білім сапасын арттыра түсетіні сөзсіз. Яғни аталған ұлттық жоба бәріне тең мүмкіндік қалыптастырып қана қоймай, адами капиталды дамытады.

Онда цифрлық білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде жасанды интеллектіні оқу үдерісіне кіріктіру осы оқу жылынан басталады. Әрі инклюзивті білім беру де назарда. Арнайы еден жолақтары, лифтілер және психолог, дефектологтер, сурдологтердің болуы ерекше білім беруді қажет ететін бала­лар­ға үлкен қолдау және көмек болатыны анық.

«Келешек мектептеріндегі» негізгі бағыттардың бірі – тәрбие жұмысы. Мұнда еңбекқор, ар-ұжданға сай әрекет ететін, әділдікке ұмтылатын оқушы тұлға­сын қалыптастыру мақсат етіледі. Тек ұлттық жоба аясында ғана емес, еліміздегі барлық білім ұйым­дарында «Адал азамат» біртұтас тәр­бие бағдарламасы негізге алынбақ. Оның аясында барлық мектеп үшін бірыңғай визуалды стандарт әзірленеді, мектептердің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дәріптеу мақсатында безендіріледі. Ал сабақ пен сыныптан тыс іс-шаралардың мазмұндық сипаты әділет­­тілік, еңбекқорлық, патриотизм сынды тақырыптарға басымдық бере­ді. Айта кетерлік тағы бір жайт, бағдарламаның бір бөлігі ретінде Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құрылды. Бұл орталықтар мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналарды тәрбие үдерісіне белсенді қатысуға бағыт­талған.

Дәл сол секілді, енді еліміздегі бар­лық білім ордасында ерте кәсіп­­тік бағ­дарлауға назар аударылмақ. Кәсіби бағдарлау – білікті мамандар әзірлеу­дің алғышарты. Өткен оқу жылында осы бағытта шаралар қолға алынып, 6-11 сыныптармен жұмыс істейтін 1 781 маман болса, жаңа оқу жылында 8 мың бірлікке дейін көтеру көзделіп отыр.

Білім саласының сапасы педагог кадрлардың сапасына тікелей тәуелді. Өйткені ұстаз – мектептің жаны. Білікті маман ғана білімді оқушы тәрбиелей алады. Сондықтан педагогтердің білік­тілігін арттыру ерекше назарда. Бүгінде «Келешек мектептерінің» 3000-нан аса мұғалімі арнайы курстардан өтті. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табады. Одан бөлек, мектеп басшыларын тағайындау барысында «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге басымдық берілді. Қазір жұмыс істеп жатқан 150 келешек мектебінде 150 директор болса, соның 40-ы аталған резервтен, 41-і магистр дәрежесі бар маман.

Тамыз конференциясы кезінде осы директорлардың форумы өтіп, еліміз бойынша барлық «Келешек мектептерінің» басшылары маңызды бағыттар бо­йынша біліктілігін арттырды. Оның ішінде Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты, ЖИ-ді пайдалану, «Адал азамат» бағдарламасы мен менеджмент­­­ке қатысты тақырыптар қозғал­­ған болатын.

Келешекте бұл мектептер моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерінің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер, және басқару шешімдері бүкіл рес­публика бойынша таратылады. Бұл шаруа­ны іс жүзіне асыру үшін ұлттық жоба аясында салынған мектептерді бөлек басқару жүйесі құрылып отыр.

 

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы