• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:35

Шалғай ауылдар шаттығы

30 рет
көрсетілді

Жетісуда әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Көксу ауданында екі, Алакөл ауданында бір медициналық мекеме іске қосылды. Сондай-ақ «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, Панфилов ауда­нында күрделі жөндеуден кейін ауылдық мәдениет үйі, жаңа балабақшалар есігін айқара ашты. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөлімше де қызмет көрсете бастады.

«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 641 адам тұратын Бесқайнар, 983 адам тұратын Жетіжал ауылында бір күнде жаңа фельдшерлік-акушерлік ­пункттер есігін айқара ашты.

«Бұрын біз 1968 жылы салынған тозығы жеткен ғимаратта отырған­быз. Бүгін міне, халықтың игілігіне жаңа нысан беріліп отыр. Мұнда тұрғындарға алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсетіледі. Аурудың алдын алу, скринингтік бағ­дарламаларды ұйымдастыру, бала­ларға, жүкті әйелдерге патронаж жүр­гізу, профилактикалық екпелер салу, тұрғындар арасында санитар­лық ағарту жұмысын жүргізу мін­деттерін атқарамыз. Бекітілген кес­теге сәйкес аптасына 1–2 рет Зылиха Тамшыбаева атындағы ауылдың дәрі­герлік амбулатория­сынан дәрігер келіп қабылдау жүргізеді. Жаңа, жайлы, барлық жағдай жасалған ғимараттың қолданысқа берілуі өз кезегінде медициналық қызмет көр­сету сапасына оң әсерін тигізеді», дейді Бесқайнар ауылындағы ФАП фельдшері Қаламқас Жексенбинова.

Алакөл ауданы Төңкеріс ауы­лын­­­дағы жаңа блокті-модульді медициналық пункт күніне 15 адам қабылдауға қауқарлы. Ауыл тұр­ғындары жаңа нысанның ашы­луын өмір сапасын жақсартуға, сапа­лы медициналық қызметке қол­же­тім­ділікті арттыруға бағытталған ма­ңыз­ды қадам деп біледі.

Панфилов ауданы Тұрпан ауылын­дағы мәдениет үйіне күрделі жөн­деу жұмыстары өткен жылдан бері жүргізілді. Жаңа кейіпке енген екі қабатты ғимаратта ауылдық кітапхана да орналасқан. Мұнда өнердің түрлі бағыттарын қамтитын сегіз үйірме жұмыс істейді.

Жұмысын бастаған тағы бір жаңа нысан – Көксу ауданындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларын анықтау мен оларға қолдау көрсету мақсатындағы мұндай орталықтар облыстың аудан, қалаларында 2023 жылдан бері ашыла бастады. Бұл орталық – өңірдегі осындай тоғызыншы нысан. Бұған дейін биыл «Жанұя» орталығы Ескелді ауданында ашылса, алдағы уақытта Ақсу ауданында ашылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, жыл басынан облыстағы «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарына 161 отбасының 408 мүшелері тіркеліп, оларға жан-жақты психологиялық, әлеуметтік көмектер, қажетті қолдау түрлері көрсетілген.

Сондай-ақ Алакөл ауданы Үшарал қаласында, Панфилов ауданының Үшарал ауылында, Көксу ауданы Көксу стансасында жалпы саны 375 орынды үш жаңа балабақша жұмысын бастады.

Бүгінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталығы» жанынан жаңа бөлімше ашылды. Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 125 балаға жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ата-аналар мен мамандар тарапынан көрсетілетін қызметтерге сұраныстың артуына байланысты орталық аясын кеңейту қажеттілігі туындап, жаңа бөлімше ашу туралы шешім қабылданған еді. Жаңа бөлімше АВА терапиясы әдісімен жұмыс істейді. «Болашақ» қайырымдылық қорының облыстағы кураторы Мәдина Манасқызының айтуынша, стационарда мамандар балалардың мінез-құлқын сараптап, қалыптастырумен айналысады.

Бөлімше 40 балаға арналған. Жалпы аумағы 580 шаршы метрді құрайтын кең әрі жарық. Аралап көргенімізде мамандардың әр баламен жеке, тиянақты жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Мұнда балалар жасына, даму ерекшеліктері мен диагнозына сәйкес екі топқа бө­лінеді. Бөлімшеде 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олар: әлеуметтік-құқықтық, еңбек, мә­де­ни, экономикалық, педагогика­лық, тұрмыстық, медициналық, пси­хологиялық шаралар. Бұл қызмет­тер балалардың әлеуетін ашуға, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыруға, мінез-құлық, қарым-қатынас қабілеттерін жетілдіруге бағытталады. Орталықтың ашылу салтанатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бас­шы­сының орынбасары Сәния Нау­рызбаева өңірде аутизм диагнозымен 463 бала тіркелгенін тілге тиек етті. Жалпы, облыста денсаулығын­да кінәраты бар балаларға арналған 7 орталық ашылған. Орталықтың бас корпусы осыдан үш жыл бұрын пай­далануға берілген. Содан бергі оң нә­ти­женің арқасында 5 бала жалпы бі­лім беретін мектепке, биыл бір бала ба­лабақшаға ауысты. Аңсар есімді 7 жа­­сар баланың анасы Назгүл Серікова сөйлей алмай келген баласының бү­гінде жалпы білім беретін мектепке бар­ғанын айтып, қуанышын бөлісті.

Бөлімшенің басты мақсаты – аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар мен олардың отбасыларына жан-жақты, уақтылы қолдау көрсету. Орталық ұжымы әрбір балаға ерекше мейіріммен қарап, оның қоғамға бейімделуіне ықпал етуді басты міндет санайды. Өңірде ерекше балаларға деген қамқорлық өте жоғары деңгейде. Бұл – әлеуметтік қызмет көрсету ғана емес, үлкен жүректен туған шынайы мейірімділік пен жауапкершіліктің үлгісі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, осындай жұ­мыстардың нәтижесінде өңір­де әлеу­мет­тік инфрақұрылым нысан­дары­ның жаңару деңгейі жыл соңына ­дейін 55,8%-ға жетеді.

 

Жетісу облысы