Астанада «Әділет» партиясының II съезі өтіп, күн тәртібінде партияны одан әрі дамыту, өңірлік филиалдар құру, ұйымдық құрылымды нығайту мен ел дамуы жолындағы ортақ міндеттер төңірегінде саяси күштерді топтастыру мәселелері қаралды.
Съезд қарсаңында стратегиялық сессия ұйымдастырылып, делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылады.
II съезд қатысушыларының алдында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай еліміздің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтіп, саяси күштерден реформаларды қолдау ғана емес, халықпен тығыз жұмыс жүргізу және азаматтардың сұраныстарына нақты жауап беруді талап ететінін айтты.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдаймыз және оны мемлекетті ұзақмерзімді нығайтудың стратегиялық бағдары деп санаймыз. Алайда реформалардың табысы мемлекеттік шешімдерге ғана байланысты емес. Ол қоғамның өзгерістерге қатысуға дайындығымен және саяси күштердің жауапкершілікпен әрі жасампаздықпен әрекет ете білуімен айқындалады. «Әділет» партиясы құрылған кезде біз бір қарапайым әрі қағидатты ұстанымды негізге алдық: әділетсіз тұрақты даму болмайды. Әділ ережелер орнаған жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, азаматтық белсенділік артып, қоғамдық бірлік нығаяды», деді А.Дәдебай.
Съездегі маңызды шешімнің бірі – елдің барлық өңірінде партия филиалдарын құру. Делегаттар тиісті шешімді қолдап, филиалдардың қызмет тәртібін айқындайтын ережені бекітті.
Партия Саяси кеңесінің мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, партияның болашақтағы дамуы өңірлердегі тиімді жұмыс және азаматтармен тұрақты диалогке тікелей байланысты.
«Партияның тағдыры өңірлерде шешіледі. Біздің жұмысымыздың негізгі алаңы да сол жерде. Азаматтардың сенімі де өңірлерде қалыптасады. Адамдар партияны күн сайын нақты істеріне, бастамаларына және нәтижелеріне қарап бағалайды. Сондықтан облыстық филиалдар қоғамдық және саяси өмірдің толыққанды орталығына айналуға тиіс», деді Б.Нұрмұхамедов.
Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлік желіні дамыту қоғамдық жұмысқа жаңа көшбасшыларды тартуға және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
«Партиялық желінің дамуы азаматтарға мемлекеттік шешімдерді қабылдауға ықпал етіп, азаматтық қоғамды нығайтуға мүмкіндік береді», деді Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры әрі партия Саяси кеңесінің мүшесі Дмитрий Павленко.
Съезд барысында адам капиталын дамыту, білім саласы, заманауи технологияларды дамыту мен азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері де талқыланды.
Съезд жұмысын қорытындылай келе, қатысушылар партия құрамын кеңейту мен саяси қызметтің тиімділігін арттыру арқылы партияның әлеуетін одан әрі күшейту мәселесін қарастырды.
«Amanat» партиясының «Әділет» партиясына қосылу мәселесі бойынша сөйлеген А.Дәдебай қазіргі заманның сын-қатерлері қоғам алдында тұрған нақты міндеттерді шешуге бағытталған сындарлы диалог пен нәтижелі практикалық жұмысты талап ететінін атап өтті.
«Amanat» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл – қоғамның ел мүддесі үшін біріге алатынының нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам», деді партия төрағасы.
Талқылау қорытындысында делегаттар «Amanat» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешімді қолдады. Тиісті шешім II съездің қаулысына енгізілді.