• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:00

Сыр күрішіне орақ түсті

20 рет
көрсетілді

Жалағаш ауданындағы Жүргенов ауылында «Дала күні – 2025» іс-шарасы өтіп, онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Су ресурс­тары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов күрішке ал­ғашқы орақ салу рәсіміне қатыс­ты. Ел несібесінің қамбаға құйылар сәті бастау алған жиында ауыл шаруашылығы техникаларының көр­месі ұйымдастырылып, еңбек­кер жұрттың тыныс-тіршілігін бей­нелейтін қойылымдар көр­се­тілді.

Облыс әкімі жиналғандарды егінге орақ түсуімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Бүгінгі сәт – диқандардың еккен бір дәні мың дән болатын, халықтың ри­зық-несібесі қамбаға жиналатын жауапты шақ. Биыл облыс бойынша 189 600 гектарға ауыл шаруашылығы дақыл­дары егілсе, оның ішінде күріш көлемі ­80 900 гектар болды. Кейінгі жылдар­дағы су тап­­шылығын Сыр ди­қандары қатты сезі­ніп келеді. Биылғы вегетация­лық кезең де өте күрделі жағ­дайда өтті. Осы сындарлы сәтте Сырдария өзені­­­нің жоғары ағысындағы мемлекеттер­мен дер кезін­де жүргізілген келіссөздер біз­ге үлкен қолдау болды. Мемлекет бас­шы­сы­­ның тапсырмасына сәйкес Үкімет ­ре­зерві­нен 53 жылжымалы-дизельді ­насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, шаруа­лар оны игілігіне пайдаланды. Төтенше жағ­дайлар министрлігі еліміздің бар­лық өңірінен 139 қызметкерден құрал­ған жеке құрамды, 25 дизельді қондыр­ғы­ны жеткізіп, екі ай бойы су тапшылығы туындаған аумақтарда уақытпен санас­пай жұмыс атқарғанын да айрықша айта кетуіміз керек», деді.

Оның сөзінше, өңірде арнайы жұ­мыс топтары құрылып, суды тиімді пай­да­лану мақсатында егістікті кезектесіп суа­ру мен қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану жолға қойылды. Нәтижесінде, күріш көлемін барынша шығынсыз сақтау мүмкін болды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еңбек­кер­лерді құттықтап, вегетациялық ке­зең­дегі күрделі жағдайға қарамастан жақ­сы жетістікке жеткен Сыр диқан­да­рына ризашылығын білдірді. Күрішке алғашқы орақ түсер сәтке жиналған жұрт алдында Қызылорда облысының құрметті азаматы Бекмырза Еламанов бата берді.

Басқосуда бірқатар азаматқа ­Пре­мьер-министрдің Алғыс хаты, Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс­белгісі, Құрмет грамотасы, министр­дің Алғыс хаты, Су шаруашылығы және ирригация министрлігінің «Су ша­руашылығы саласының ардагері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы табыс­талды.

Сырдариядағы су деңгейі жылдан-жылға төмендеп жатыр. Осыған байланысты өңірдегі егін шаруа­шылығын­да әртараптандыру жұмыс­ы жанданып, су үнемдеу техноло­гиялары кеңінен енгізіліп келеді.

 

Қызылорда облысы,

Жалағаш ауданы