Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында 3–9 қыркүйек аралығында өткен III Түркі универсиадасында қазақстандық студенттер 23 медаль жеңіп алды, деп жазады Egemen.kz.
Биылғы додаға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан студент-спортшылары қатысты. Универсиада бағдарламасына волейбол, футзал, үстел теннисі, шахмат, дзюдо, еркін күрес және грек-рим күресі секілді 7 спорт түрі енді.
Барлығы 5 елден 450 делегат қатысқан жарыста Қазақстан құрамасын 15 жоғары оқу орнынан жиналған 66 спортшы таныстырды. Олар барлық спорт түрінен сынға түсті.
Қорытындысы бойынша қазақстандық студенттер 8 алтын, 4 күміс және 11 қола медаль иеленіп, жалпы саны 23 жүлде қоржынға салды.
Келесі IV Түркі универсиадасы 2027 жылы Түркия Республикасында өтеді.