2025–2026 оқу жылына докторантураға 2 919, магистратураға 13 554 мемлекеттік грант бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл магистратураға кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мыңға көп. Тестілеуге 47 798 талапкер қатысып, олардың жартысына жуығы – 23 065 адам шекті балды жинап, білім алуға дайын екендіктерін дәлелдеді.
Орташа көрсеткіштер де артқан – КТ-ның орташа балы 72,9-ды құрады. Бұл қазақстандық жастардың дайындық деңгейі мен оқуға деген ынтасының жоғарылағанын көрсетеді.
Мемлекеттік гранттар мынадай көлемде бөлінді:
магистратураға – 13 554 грант, оның ішінде инженерлік-техникалық мамандықтарға – 3 338, педагогикалық ғылымдарға – 3 225, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 1 315, жаратылыстану ғылымдарына – 1 268 грант бөлінді;
докторантураға – 2 919 грант, оның ішінде педагогикалық ғылымдарға – 486, инженерлік және құрылыс мамандықтарына – 615, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 161 грант бөлінді.
Биыл докторантураға сұраныс та айтарлықтай артқан. Қабылдау сынағына 4 307 адам қатысып, олардың 3 146-сы ғылым жолын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, қазір докторантураға қабылдау емтихандарын өткізу толығымен жоғары оқу орындарының құзыретіне берілген. Бұл университеттердің академиялық еркіндігі мен дербестігін нығайтатын маңызды қадам саналады.