Президент Жолдауында экономика саласына қатысты айтылған мәселелердің ең маңыздысы – инвестиция тарту. Қасым-Жомарт Кемелұлы елге келіп жатқан инвестицияның көп бөлігі шикізат саласына бағытталатынын, бұл еліміздің дамуына оң ықпалын тигізіп жатқанымен, енді сырттан келетін қаржыны өндіріс саласына көбірек бұру қажеттігін баса айтты.
Бұл – әрине, бұрыннан қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыс. Алайда ойдағыдай деңгейде емес. Сондықтан Мемлекет басшысы инвестиция тарту үшін Үкіметке жеңілдіктерді қарастыру мәселесін тапсырды.
Екінші үлкен мәселе – өндірілген шикізатты терең өңдеу мәселесі. Мұның ішінде түсті металлургия саласына тоқталып өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жайында да айтты. Қазіргі таңда түсті металлургия саласында өнімнің бәрі, мұнайымыз бен газымыз да шикізат ретінде шетелге кетіп жатыр. Мәселен, қазір елімізде үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Соның бірі тұрып қалса, елде жанар-жағармай проблемасы туындайды. Өзіміз мұнайдың ортасында отырып, өңделген мұнай өнімдеріне жарымай жататынымыз рас. Мұның бәрі – жеріміздің астынан шығып жатқан байлығымызды өзімізде өңдемеудің кесірі.
Сонымен қатар Президент Жолдауда көлік-логистика мәселесін шешу жөнінде тапсырма берді. Біз – тоғыз жолдың торабында тұрған елміз. Еуразияның транзиттік хабына айналу әлеуетіміз жоғары. Дегенмен бұл мақсатқа жету үшін тасжолдардың қауіпсіздігі, теміржолда вагондардың жетіспеушілігі, шекара бекеттеріндегі қозғалыстың ретке келуі секілді мәселелер шешімін табуға тиіс. Бұған қоса қазір елімізде бекеттер жөндеуден өтіп жатыр. Каспий теңізі арқылы алыс-беріс пен барыс-келісті арттыру жайына да кеңінен тоқталды.
Президент биыл да әдеттегідей қоғам назарын аударатын бастамалары мен ойларын ортаға салды. Оның ішінде білім беру, мәдениет, өнер, денсаулық сақтау салалары да қамтылды. Қай саланы алсақ та, шешімін күткен мәселе көп. Жетістіктеріміз де аз емес. Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді талапқа сай жүзеге асырып, еңбек ете берсек, әділетті де гүлденген Қазақстанды құруға толық мүмкіндігіміз бар.
Әлібек НӘУТИЕВ,
Сенат депутаты