Облыстағы емдеу ұйымдарының берешегі бірнеше миллиард теңгеге өсіп кеткен. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына айтарлықтай әсер етуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Павлодар қаласындағы №1 аурухана, Екібастұз қалалық ауруханасы, өңірлік кардиологиялық орталық және Павлодар қалалық №5 емхананың жалпы кредиторлық қарызы 6 млрд теңгеге жуықтаған.
- Аймақ бойынша бірнеше медициналық ұйымда кредиторлық берешек бойынша мәселе қалыптасып отыр. Жиыны 5,8 млрд теңге берешектері бар. Мұндайға ұйымдардың басшылары жол бермеуі керек еді. Жиналып қалған қарыздың салдарынан дәрігерлік көмек көрсетудің сапасы нашарлайды, дәрі-дәрмекті сатып алу көлемі азаяды. Ал сақтандыру қоры тарапынан беріліп жатқан қаражат жеткілікті, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков.
Өңір бойынша бала өлімі, жүрек, онкология, қан жүйесі ауруларына шалдыққандар саны көп. Денсаулық сақтау ұйымдарына жағдайды түзеу, қызмет сапасын күшейту міндеттері қойылып отыр.
Барлық бюджеттік медициналық мекемелерге мониторинг жүргізіледі. Жол картасы әзірленген. Бас дәрігерлердің жұмысы KPI көрсеткіштерімен бағаланады.