• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Есірткі Бүгін, 09:55

Жүзден аса есірткі зертханасы жойылды

30 рет
көрсетілді

Елімізде есірткі тұтыну мен тарату қылмыстарының алдын алу мақсатында өткен жылы Ішкі істер министрлігінің құрылымында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылған еді. Аталған ведомствоның ұйытқы болуымен қоғам кеселіне қарсы бағытталған түрлі шара қолға алынып жатыр. Соның бірі – «Қарасора-2025» жедел алдын алу іс-шарасы.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов жыл басынан бері 8 айдың ішінде елдегі есірткі қылмыстарының саны 2,8%-ға артқанын айтты. Тәркіленген есірткі заттарының көлемі екі есеге өсіп, 13,5 тоннаны құраған. Оның ішінде синтетикалық есірткінің үлесі – 1,1 тонна.

«Тәртіп сақшыларының қырағы қызметінің арқасында 7 млн-нан аса доза есірткі заты заңсыз айналымға жіберілмеді. 105 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Олардың 12-сі синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Мысалы, мамыр айында Алматы облысын­да синтетика өндірген зертхананың қызметі тоқтатылып, бір шетелдік азамат ұсталып, 140 килодан аса дайын өнім мен 8 тонна химиялық зат тәркіленді. Бұл заттардан 4 тонна синтетикалық есірткі дайындау жоспарланған», деді ол.

ІІМ дерегінше, «Қарасора-2025» кең ауқымды операция­сы жыл сайын жаз-күз мезгілінде, атап айтқанда, 1 мау­сымнан 31 қазанға дейін өтеді. Әсіресе құра­­мын­да есірткісі бар өсімдіктер өсетін оңтүстік аймақ­тарға мән беріледі. Операция барысында қарасора өсіру, жинау мен тасымалдауға қарсы әрекет ету, есірткі тара­тумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар­дың жолын кесу секілді міндеттер орындалады.

«Интернет желісіндегі есірткі қылмыстарын анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллект негізінде интернет кеңістігін бақылауға арналған ақпараттық жүйелер іске қосылды. Жетекші IT-компаниялар мен қоғамдық ұйымдарының мамандары тартылып, есірткі сайттары анықталып, «Кибербақылау» жүйесі арқылы бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады. Осы жылы есірткі сатумен байланысы бар 23 мыңнан аса ресурс анықталды», деді Қ.Әлжанов.

Сонымен қатар есірткі бизнесінде пайдаланылған 44 мыңнан аса карталық шот бұғатталып, 2,5 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа тосқауыл қойылғанын жеткізді.

Бүгінде «Қарасора-2025» операциясы Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында белсенді өтіп жатыр.

«Бұған қоса 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің Кешенді жоспары әзірленіп жатқанына назарларыңызды аударғым келеді. Бұл – 2016 жылдан бері екінші рет әзірленіп отырған бағдарламалық құжат. Ол есірткіге қарсы қызметтің барлық бағытын қамтиды және оған мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері тартылып жатыр», деді ІІМ өкілі.