Тұрғындарының саны жағынан өңірдегі ең үлкен Мұнайлы ауданында жаңа оқу жылы басталысымен су жаңа «Келешек мектебі» есігін оқушыларға айқара ашты. Бұл оқушыларға заманауи әрі қолайлы білім ортасын құруды мақсат еткен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан Маңғыстау облысындағы кезекті білім ошақтарының бірі.
Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың білім саласындағы бастамаларын жүзеге асыру шеңберінде Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 12 600 орындық 13 мектеп салу жоспарланған болса, қазіргі таңда 9 мектеп салынды.
Қыркүйектің 5-і күні Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылы Хазар шағын ауданында аталған жоба аясында салынған №19 орта мектепте ашық есік күні өтті. Сыйымдылығы 1 200 оқушыға арналған әсем мектеп табалдырығын биыл алғаш рет 155 бірінші сынып оқушысы аттады. Оқу орны өз жұмысын 12 зерттеуші, 21 сарапшы, 57 модератор және 4 жас маманмен бастап отыр.
Мектепте барлығы 61 пән кабинеті бар. Оның ішінде роботтехника, STEM, дизайн және технология, визуалды өнер, музыка, үй мәдениеті мен тамақтану мәдениетіне арналған кабинеттер бар. Барлық сынып заманауи жабдықтармен қамтылып, сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балалар үшін сенсорлық бөлме, инклюзивті білімді қолдау кабинеті, сондай-ақ мүгедектігі бар оқушыларға арналған жедел саты қарастырылған. Мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимарат ішінде 126 бейнекамера орнатылып, ауласында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары жасақталған.
– Мұнайлы ауданы жаңа оқу жылын лайықты дайындықпен қарсы алды. Жаңа оқу жылы басталысымен су жаңа заманауи «Келешек мектебінің» ашылуы – тұрғындар, ата-аналар мен оқушылар, ұстаздар үшін зор қуаныш. Білім ордасы – еліміздің білімді, білікті келешегін тәрбиелейтін киелі орын болсын деп тілейміз, деді Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жұбанов.
Маңғыстау облысы