Орталық коммуникациялар қызметінде «Цифрлық трансформация және салаларды цифрландыру» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдері цифрлық саладағы өзгерістер туралы айтып берді.
Вице-министр Дмитрий Мун мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшу барысы туралы кең көлемде баяндады. Оның айтуынша, цифрлық трансформация – бұл жаңа технологияларды енгізу ғана емес, халықтың күнделікті өмірін жеңілдетудің нақты құралы. Кейінгі төрт жылда мемлекеттік органдардың 1 500-ден астам бизнес барысы қайта қаралып, олардың басым бөлігі оңтайландырылған. «Біз жүргізіп жатқан реинжинирингтің басты мақсаты – азаматтар үшін қызметті жеңілдету, қолмен жасалатын операцияларды қысқарту және автоматтандыру деңгейін арттыру. Бұрын қағазбастылық көп болатын, бүгінде көптеген қызмет толықтай онлайнға көшірілді», деді Дмитрий Мун.
Мысалы, бұрын талапкерлер құжат жинап, университетке барып өткізуге міндетті болса, қазір барлығы eGov порталы арқылы онлайн жүргізіледі. «Абитуриенттерге жатақханаға өтініш беру, емханаға тіркелу секілді бірнеше бөлек рәсімді орындауға тура келетін. Қазір бұл қызметтердің барлығы проактивті түрде ұсынылады. Нәтижесінде, студенттер мен ата-аналардың уақыты мен қаржысы үнемделді. Нақтырақ айтсақ, жылына 380 миллион теңгеден астам қаржы үнемделіп отыр», деді вице-министр.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын рәсімдеуде «Еуропротокол» жүйесі енгізілді. Енді жеңіл апаттарды полиция шақырмай-ақ, мобильді қосымша арқылы тіркеуге болады. «Бұрын сақтандыру төлемін алу үшін 40 күнге дейін уақыт қажет болса, қазір бұл мерзім 5 күнге қысқарды. Жылдың алғашқы жартысында 3 мыңнан астам азамат осы қызметті пайдаланған. Бұл – халықтың цифрлық шешімдерге деген сенімі артқанын білдіреді», деп атап өтті Д. Мун.
Сонымен қатар азаматтарды борышкерлер тізімінен шығару рәсімі де толық автоматтандырылған. Бұрын жеке сот орындаушыларына шығындалып, ұзақ күту қажет болса, қазір бәрі онлайн жүзеге асады.
Цифрландыру тек әлеуметтік және қаржылық салада ғана емес, экологияда да тиімділігін көрсетіп отыр. Орман өртін ерте анықтау үшін Көкшетау мен Бурабай ұлттық парктерінде, Ертіс орманы мен Медеу өңірінде 148 бейнебақылау камерасы орнатылған. «Бұл технология өртті үш есе жылдам анықтауға, жану аумағын 20 есеге азайтуға және шығындарды 15 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Мұндай шешімдер табиғатты қорғау ісінде де тиімділікті арттырып отыр», деді вице-министр.
Сондай-ақ «Smart Data Ukimet» платформасы арқылы бүгінде 45 мемлекеттік қызмет проактивті форматқа көшірілген. Азамат өтініш бермей-ақ, мемлекет өзі қызметті автоматты түрде ұсынады. Мәселен, көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау, жұмыссыз қалғандарға төлем рәсімдеу немесе мектептегі ыстық тамаққа жеңілдік беру сияқты қызметтер ақысыз әрі онлайн көрсетіледі. Тек кейінгі айларда ғана халыққа 4 миллионнан астам проактивті қызмет ұсынылыпты. Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені азайту мақсатында ең көп сұранысқа ие 10 қызмет онлайн форматқа көшіріліп жатыр. Қазірдің өзінде жеке куәлікті ауыстыру, ЭЦҚ алу, жүргізуші куәлігін рәсімдеу мүмкіндігі іске қосылған. Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгерістердің нәтижесінде ХҚКО-ға баратын азаматтардың саны екі есеге азаяды.