• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмыс Бүгін, 08:40

Жұмыспен қамтуға жүйелі көзқарас

20 рет
көрсетілді

Шымкент қалалық прокуратурасы, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен шаһардағы дендросаябақта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Осы секілді іс-шаралардың септігі болса керек, шаһарда кейінгі кезде жұмыссыздық деңгейі азайып келеді.

Байыпты бағдарламаның берері мол

Жауапты сала мамандарының айтуын­ша, іс-шараның мақсаты – қала әкімдігі мен «Еңбек мобильділігі орталығы» жүзеге асырып жатқан жұмыспен қамту жөнінде халыққа ақпарат тарату, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп келгендерді бір-бірімен байланыстыру. Жәрмеңкеге Павлодар облысының өкілдері де арнайы қатысып, солтүстік өңірлерге қоныс аударуға арналған бағдарламамен жан-жақты таныстырды. Іс-шарада кәсіпорын мен мекемелер өздеріне қажетті мамандықтар ұсынып, бос жұмыс орындарына тікелей жолдама берді. Жұмыс іздеп келгендер қатарында жастар, үлкен кісілер, әлеуметтік осал топтағы азаматтар бар. Оларға жұмыспен қамту іс-шарасына арнал­­ған мемлекеттік бағдарламалар таныс­тырылды.

«Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Бағдат Арқабаевтың айтуынша, жұмыспен қамту шарасының алты бағыты бар, олар: «Қоғамдық жұмыс», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты». Әр бағыт түрлі жастағы азаматтарға арналған. Мәселен, «Жастар практикасы» 35 жасқа дейінгі адамдарды қамтиды. Дипломмен 12 айға жұмысқа жолданады. Еңбекақысын мемлекет төлейді. «Күміс жас» 50 жастан асқан, зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға арналған. 3 жылға жұмыспен қамтылады. Алғашқы жылы айлық жалақының 75%-ын мемлекет субсидиялайды. Екінші жылы 70%-ын, үшінші жылы 65%-ын мемлекет төлейді. Қалған 25-35% жалақыны мекеме береді. «Алғашқы жұмыс орны» – бұрын жұмыс істемеген, зейнетақы қорына жарна аудармаған азаматтарға арналған бағыт. 18 ай мемлекет жалақысына жұмыс істейді. «Ұрпақтар келісімшартында» зейнеткерлікке шығуға алты ай қал­ған маманға 35 жасқа дейінгі жас тәлімгерлікке беріледі. Маман алты айда оған бар тәжірибесін үйретеді. Зейнеткерлік демалысқа кеткен соң орнын жас маман басады. Алты айда мемлекеттен 30 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақы алып отырады.

Бағдат Мақсұтұлының айтуынша, жәрмеңкеге 20 жұмыс беруші шақы­рылды, 1687 тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Олар жұмыспен қамту іс-шарасының алты бағытын қамтиды. «Еңбек мобильділігі орталығында» бүгінде 20 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 4 мыңнан астамы бағдарламаның алты бағытына қатысушылар, 5 мыңнан жоғары азамат жұмысынан айырылып қалғандар. Оларға мемлекет алты айлық жала­қысының 45%-ын төлеп отырады. Қал­ғаны жұмыссыз ретінде тіркелгендер.

Орталық басшысының айтуынша, шілде айынан жұмыссыздарды таңдаған мамандығы бойынша үш айлық оқу курсына жолдау басталды. Шәкіртақы төленеді. Оқу екі бағытта жүргізіледі. Бірі жұмыс берушінің базасында өтіп, сол жерде жұмысқа қалады. Екіншісі үш айлық курсты аяқтаған соң мамандығына сай басқа мекемеге жұмысқа жіберіледі. Биыл 710 азаматты оқу курсына қабылдау жоспары қойылған. Әзірге соның 500-ден астамы курстарда оқып жатыр. Жылдың басында Шымкентте жұмыссыздық деңгейі 4,8% болған, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша 4,7%-ға түскен. Жыл басынан бері 7500 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін жұмыс­сыздық деңгейі кемімесе, көбей­меуге тиіс.

Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шарасына 49 мың азаматты тарту көз­делген. Бұл жоспар әзірге 63% орындалған, жыл соңына дейін 100% межеге жетуі керек. Б.Арқабаевтың мәлімдеуінше, жұмыспен қамтудың белсенді шарасына бағдарламаның алты бағыты, тұрақты жұмыс орнымен қамту, оқу курстары, гранттық конкурс, жеке кәсіпкерлік ашу кіреді. Жеке кәсіпкер болып өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 15 мыңнан асты. Бір жыл салық, басқа да әлеуметтік төлемдер төлеген адам жеке кәсіпкер болып саналады. Жоспар бойынша олардың санын 19 мыңға көбейту көзделіп отыр.

Былтыр 426 азаматқа грант берілді. Биылғы жоспар – 370 грант. Талап бо­йынша үміткер бизнес-жоспар әзірлейді. Орталық оның жұмысын бір жыл сүйемелдейді. Грант алып болған соң үш айдан кейін сатып алған құралдардың құжатын өткізеді. Алты, тоғыз айдан соң кіріс-шығыс есептілігін тапсырады. Орталық грантқа кәсіп ашқанын тексереді. Мамандар грант иесінің мекенжайына барып, бизнес-жоспарда көрсетілген жобаның іске асқанын бақылайды. Егер грантқа ешқандай іс басталмаса, қаражат сот арқылы мемлекетке қайтарылады. Грант көлемі былтыр 400 АЕК немесе 1 млн 470 мың теңгені құрады. Биылғы грант 1 млн 570 мың теңге болды. Грантты ұтып алған адам жеке кәсіпкерлік ашады. Қаражат жеке кәсіпкердің есепшотына түседі. Грант алғандар ішінде мал шаруашылығы саласында, бал ара өнімдері, тігін, сүт өндіру, жылдам тағамдар әзірлеуге қатысты кәсіп ашқандар болды. Комиссия бизнес-жос­парды мұқият тексереді.

Бағдат Мақсұтұлының айтуынша, мәселен тәтті тағамдар пісіретіндерден өнімді қайда өткізетіні жөнінде сұрап біледі, тіпті дүкендермен арада келісімшарты бар ма деген секілді сауалдар қояды. Талапқа сәйкес грант иегері кемінде бір адамды жұмыспен қамтуы керек. Гранттық конкурстың бірінші легі маусым айында өтті. Нәтижесінде, 134 адам грант жеңіп алды. Екінші легіне құжат қабылдау 10-20 тамыз аралығында жүргізілді. Құжат әлеуметтік салаға жауап­ты министрліктің порталы арқылы қабылданды. Кейін құжаттар комис­сияның қарауына жіберілді. Үміткерлерге 1414 нөмірі арқылы sms хабарлама жолданып, конкурстың қай күні, қай жерде өтетіні хабарланды.

«Осы грант қаражатына кәсіп бастап үлкен кәсіпкер болып кеткен қаншама азамат бар. Солардың еңбегі мен жобасын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елге насихаттап келеміз», дейді Б.Арқабаев.

 

Павлодарға жұмыс күшіне зәру 

Павлодар облыстық «Еңбек мобиль­ділігі орталығының» директоры Меруерт Есенбаева жұмыс күші тапшы аймақ болып айқындалған өңірге адамдарды қоныс аударуға үгіттеу мақсатында келгендерін жеткізді. Маманның айтуынша, биылғы жаңалықтың бірі – құжаттар қабылдау онлайн арқылы да іске асатын болды. Азаматтар Migration порталына кіріп, диплом, балалардың туу кәліктері, жеке куәлік пен некелесу құжаттарының сканерленген нұсқасын өткізіп, 15 күн ішінде квота енгенін немесе енбеген шешімін біле алады. Биыл Павлодар облысына 3050 адамды қоныстандыру жоспарда бар. Мемлекет тарапынан отбасындағы әрбір мүшеге 275 мың теңгеден көшіп-қонуға кеткен шығын қаражаты беріледі. Екінші көмек – үй жалдауға кеткен шығын бір жыл бойы мемлекет есебінен төленіп тұрады. Егер азамат үй сатып алмақ болса, экономикалық ұтқырлық сертификаты табысталады. Ол – 4,5 млн теңге өтемақы қаражаты. Бірақ сертификатты 6 ай ішінде алып үлгеру керек. Ауылды жерге қоныс аударған отбасына әкімдік мамандары үй таңдасуға көмектеседі. Бағдарлама талабына сәйкес көшіп келген отбасының бір мүшесі мамандығына сай жұмысқа орналасуға тиіс. Облыста 5 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Оның басым көпшілігі жұмысшы, яғни техникалық мамандықтар. Өңірде кәсіпорын-зауыттар өте көп. Солардың бәріне техникалық мамандар қажет. Мұғалім мен дәрігерлерге, ауыл шаруа­шы­­­­­лығы мамандарына да сұраныс жоғары.

Меруерт Сейітбекқызының айтуын­ша, қоныс аударушымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Ол бойынша азамат облыста кемі 5 жыл тұруға тиіс. Шартты себепсіз орындамаса, Үкіметтен алынған барлық қаражат кері қайтарылады. Ден­саулығына байланыс­ты, мәселен ауа райы, климаты жақпауы мүмкін, кетуге мәжбүр болса, дәрігердің анық­тамасымен дәлелденіп, төленген ақша мемлекетке қайтарылмайды.

Былтыр өңірге 3 мың адам көшіп келген. Павлодар облысы әрі этностық қазақтарды қабылдайтын өңір саналады. Айталық, шетелден көшіп келген қандастар Шымкентке қоныстанса, қандас куәлігі ғана беріледі. Егер Павлодар өңірін таңдаса, куәлікпен бірге мем­ле­кеттің жеңілдік қаражаттарын алады. Алайда 5 жыл осы облыста тұруы шарт. М.Есенбаеваның айтуынша, аймақ­­та халықтың саны кеміп бара жатыр.

«Павлодардан халық көшіп жатыр. Олардың есебін жергілікті демографиялық өсім жаба алмайды. Сондықтан өңір жұмыс күші тапшы аймақтар қатарына енді. 2024–2025 жылғы көрсеткіш бо­йынша, облыста халық саны 3,5 мың адамға кеміген. Мұнда кәсіпорындар көп. Егер халық саны осылай азая берсе, келешекте жұмыс күші мүлдем болмай қалуы мүмкін. Аймақтан көшу сонау тоқсаныншы жылдары басталған. Ол үрдіс әлі жалғасып жатыр. Солтүстік облыстарға қоныс аудару бағдарламасы жұмыс күшін ұстап тұруға аз да болса, көмегін тигізіп отыр. Бағдарлама 2017 жылы қабылданды. Соның алғашқы бес жылында Шымкент секілді аймақтардан көшіп келген отбасылардың арқасында ауылдардағы 4 мектепті жабылудан сақтап қалдық. Ауылдарды қайта түлету­­­де көпбалалы отбасыларға көбірек басым­­дық беріп отырмыз. Жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектептерді сақтап қаламыз десек, бізге бала саны керек. Оны қамтамасыз ететін – Шымкенттей демографиясы қарқынды аймақтан көшіп барған көпбалалы отбасылар», дейді Павлодар облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры М.Есенбаева.

Оның айтуынша, бағдарламаға қызы­ғу­­­шылық танытып, солтүстікке көшу­ге ниетті азаматтар баршылық. Осы кезде теріскейге қоныс тепкен жұрт бір қауым елге айналған.

«Бағдарламаны түсіндіру мақсатында өңірлерге көп шығамыз. Халықпен жүздесу кезінде Павлодар облысына қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарды көп кездестіреміз. Рас, алғашында оңтүстіктің жылы климатына үйренген адамдардың бойында бұл жақтың суығы қорқыныш сезімін тудырады. Бірақ қоныстанып, табиғатына үйреніп кеткен соң көпшілігі осы жерден кеткісі келмей қалады. Бағдарлама жүзеге асқалы бері 20 мыңға жуық азамат көшіп келіпті. Ол дегеніңіз облыстың бір ауданына тең халық. Ауылдан ауылға көшудің өзі қиын. Ал мұнда халық мыңдаған шақырымды артқа тастап қоныс аударып жатыр. Сол тұрғыда арнайы бағдарлама қабылдап, жеңілдіктер жасаған Үкіметке айтар алғысымыз көп. Содан соң жұмыспен қамту шарасына жауапты мамандардың еңбегі зор. Олар насихат жұмысының аясында күн-түн демей, іс-сапармен өңірлерді аралап, мыңдаған адаммен кездесу ұйымдастырып жүр. Оңстүстіктен солтүстікке көшу үшін адам материалдық тұрғыдан бұрын психологиялық жағынан дайын болуы керек. Көші-қонның теріс сальдосын оңға алмастыру үшін Павлодар өңіріне қоныс аударушылар санын кемінде 10 мыңнан асыру қажет. Бір жылда аймаққа 10-20 мың арасында адам көшіп келетін болса, өңірде демографиялық ахуал жақсы қалыпқа түседі. Бағдарлама сегіз жыл ішінде өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін көрсетті. Себебі осы аралықта көшіп келген қаншама отбасы ешқайда кетпей, осында тұрып жатыр. Бес жылдан аса уақыт тұрғандар бүгінде осы жерге әбден сіңіп кетті. Жасыратыны жоқ, бағдарлама алғаш қабылданғанда өзіміз де онша сеніңкіремедік. Шырайлы Шымкенттен, шуақты Түркістаннан кім келе қояр деп ойладық. Алайда адамның бәрі бірдей емес, әркім өзінің болашағын басқаша құрғысы келеді. Жалпы, бағдарлама әрі қарай да жалғасады. Осыған орай алдағы үш жылға тиісті жоспар құрып қойдық», дейді М.Есенбаева.

 

Әлеуметтік қолдауға арналған тың жобалар

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқар­­­ма­сының мәліметіне сәйкес, 1 тамыздағы жағдай бойынша, қалада 12 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан, оның жартысына жуығы – жастар. Әлеуметтік салаға республикалық және жергілікті бюджеттен 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, оның 19 млрд-қа жуығы игерілді. Шымкент қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму жос­парына сәйкес, биыл шаһарда 21 812 тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылатын болады. Олардың көпшілігі жеке меншік есебінен ашылған халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін болады. 1 тамыздағы мәлімет бойынша, 181,7 млн теңгеге 1805 ардагерге жолдама алып берілді. Қалада зейнеткерлерге арналған «Ізетті зейнеткер» атты емдеу-сауықтыру орталығы бар. Онда қарияларға демалуға, әртүрлі емдік-сауықтыру шараларынан өтіп денсаулықтарын жақсартуға бар мүмкіндік қарастырылған. Жыл са­йын жүздеген зейнеткер осы орталықта емделіп, сауығып қайтады. Әлеуметтік салаға көңіл бөлудің нәтижесінде «Ізетті зейнеткер» мекемесінің аумағын ұлғайту, материалдық-техникалық базасын жақ­сар­ту жұмыстары қолға алына бас­тады.

Халықты жұмыспен қамту шара­ларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40% азайып отыр. Қалада әлеуметтік көмек көрсететін бірнеше мекеме бар. Соның бірі – «Отбасын қолдау» орталығы. Онда әртүрлі қиын жағдайларға тап болған отбасыларға психологиялық, құқықтық, әлеуметтік кеңестер беріледі. Орталық мамандары биыл 5,5 мыңнан астам отбасына түрлі психологиялық, құқықтық көмектер ұсынды. Сондай-ақ FSM Social бағытында денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер, пробация мекемелерінің жауапты қызметкерлері халыққа өз салалары бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізді.

Биыл мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсетуге бюджеттен 14,7 млрд теңге бөлініп, оның 8,4 млрд теңгесі игерілді. Бүгінде мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Яғни олар өздерінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, қажетті затқа немесе қызметке үйде отырып-ақ тапсырыс бере береді.

Шаһарда 3236 адам арнаулы әлеу­меттік қызмет түрлерімен қамтылды. Ол психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедектігі бар балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І, ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға арналған.

Қалада 14 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары бар. 1 600-ден аса маман осы мекемелерде қызмет етеді. «№4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 70 жатын орынмен қамтылған. Бүгінде орталықта 30 адам арнаулы әлеуметтік көмек алады. Осылайша, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік қолдауға ие болып отыр. «№5 «Аялы алақан» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 116 орынға шақталған. Орталықта 58 бала әлеуметтік қызметпен қамтылған. Сондай-ақ «Белсенді ұзақ өмір орталығын» айрықша атап өткен жөн. Орталықтың мақсаты – зейнет­керлік жасқа толған, денсаулық жағ­дайына байланысты өзіне-өзі күтім көрсете алмайтын қарттарға қызмет көрсету. Өз кезегінде 2018 жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ел көлемінде 350 000-нан астам бенефициарды қамтитын 57 әлеуметтік маңызды жобаны іске асырды. Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен осы «Samruk-Kazyna Trust» корпоративті қоры жоғарыда аталған орталыққа қайырымдылық ретінде жүздеген миллион теңге қаражат бөлді. Қомақты қар­жыға мекеменің материалдық-техни­калық базасы жақсартылды.

Шаһарда арнаулы әлеуметтік салада іске асырылып жатқан жобалар баршылық. Соның бірі – 150 орындық мүгедектігі бар жандарды оңалту орталығы жобасы. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Мердігер мекеме – «А.Р.Т.-Құрылыс» серіктестігі. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 62 жұмысшы, 15 техника жұмылдырылған. Барлық жұмыс 15%-ға орындалды. Нысан құрылысы 2026 жылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Екінші жоба психоневрологиялық аурулары бар, он сегіз жастан асқан, мүгедектігі бар адамдарға арналған №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында салынатын қосым­ша 50 орындық ғимарат. Ғимарат құрылысына былтыр 1 млрд теңге қаржы қаралып, ол толық игерілді. Сондай-ақ биыл да 945 млн теңге бөлініп, құрылыс кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

«2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, Шымкент қаласында 228 отбасы немесе 482 адам қандас мәртебесін алды. Алты айға қандас мәртебесін ұзарт­қандар саны 17 отбасынан 18 адамды құрады. Қоныс аударған қандастар – ТМД, шетелдерден көшіп келген этностық қазақтар. Басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендер. Өзбекстаннан – 473, Қытайдан – 7, Ресей мен Қырғызстаннан бір-бір адамнан көшіп келген. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда-саттық, басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысады», деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.

 

ШЫМКЕНТ