YouTube видеохостингі Қазақстан мен Ресей аумағында істен шығып, миллиондаған қолданушыны әбігерге салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Downradar сайтының деректеріне қарағанда, ең көп шағым елорда уақытымен сағат 15:00-де тіркелген. Ең белсенді Астана, Алматы, Петропавл, Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары шағым қалдырған. Қазірдің өзінде YouTube басты бетінің баяу жүктелуі мен бейнелердің ұзақ ашылуы жиі кездесіп отыр.
Сонымен қатар хабарланғандай, 4 қыркүйек күні кешкі сағат 22:17-де де әлемнің әр түкпірінен осындай ақауларға байланысты арыз-шағымдар көбейген. 5 қыркүйектің екінші жартысында да жағдай қайталанғанымен, біраз бәсеңдеген.
Әлеуметтік желілерде қолданушылар «интернетке қосылмағансыз» деген қате хабарламаларды алғанын, ал бейнелердің «шексіз жүктеліп» тұра беретінін жазып жатыр. Downdetector деректеріне сәйкес, ең көп мәселе бейне ойнатуға, сайттың және қосымшаның жұмыс істеуіне қатысты тіркелген.