• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:05

Инвесторларды қорғауға қатысты заң мақұлданды

50 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның жаңа сессиядағы алғашқы отырысы өтті. Сенаторлар Жоғарғы сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарап, бірқатар заңды мақұлдады. Сондай-ақ депутаттар сауалдарын жолдады.

Көлеңкелі капиталға жол берілмейді

Мемлекет басшысы Жоғарғы соттың судьясы Берік Нәжімиденовті қызметінен босату туралы ұсыным жасап, бұл мәселе Сенаттың Конститу­циялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында алдын ала талқыланды. Нәтижесінде, депутаттар Президенттің ұсынуын қолдап, ол Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, ратификациялады. Келісім инвесторлардың мүдделерін қорғауға және инвести­циялық қызметтің ашықтығын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді.

– Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленді. Құжат бір мемлекеттің инвесторларына екінші мемлекеттің аумағындағы инвестиция­ларына қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы, бұл заң елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Осы заңның нормаларына сәйкес кез келген тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режімді, сондай-ақ екінші тарап мемлекетінің аумағында толық қорғау мен қауіпсіздікті пайдаланады. Экономиканың сезімтал секторларын және олармен байланысты кәсіпкерлік қызметтің шектелуге немесе алынып тасталуға тиіс басқа да түрлерін белгілеу құқығы бекітіледі.

Палата отырысында депутаттар сонымен қатар «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін бірлесіп пайдалану аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық шарттарын нақтылау мақсатымен әзірленген «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасын­дағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. М.Әшімбаев атап өткендей, бұл қадам ғарыш зымыран кешенін тиімді пайдалануға және еліміздің осы саладағы әлеуетін арттыруға оң септігін тигізеді.

Бұған қоса «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістер­ді заңдастыруға (жылыстатуға), терро­ризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң екі оқылым­да қаралып, мақұлданды. Бұл құжат жалпыұлттық экономиканың тұрақ­ты­лығы мен ашықтығын қамта­масыз ету­ге, көлеңкелі капитал деңгейін төмен­детуге және азаматтардың қаржылық қауіпсіз­дігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Қаралған заң терроризм мен экстремизмді, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржы­ландыруға бағытталған операцияларға мониторинг жүргізуді күшейтуге арналған. Сонымен қатар қаржы­лық мониторингке жататын күдікті қызмет туралы ақпаратты беру тәртібі белгіленді. Қылмыстық қаржы айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзге де түзетулер енгізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл заң аталған қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады, – деді М.Әшімбаев.

 

Жетісу облысында ауызсу тапшы

Үкіметке сауал жолдаған сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысы әлі де сумен толық қамтамасыз етілмей отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде таза су тапшы, су құбырлары тозған. Бұл олқылық халық саулы­ғы­на кері әсерін тигізіп, әлеуметтік, экономикалық инфрақұрылымның және көші-қон дамуын тежеп отыр.

– 2023–2025 жылдары облыста жалпы сомасы 25,9 млрд теңгені құрай­тын 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, 15 елді мекенде ауызсу жүйелерін жаңғырту жұ­мыс­тарын жүргізу жоспарлан­ған. Бұ­ған рес­публикалық бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлу туралы ұсыным жі­бе­рілген. Алайда Ұлттық қор мен рес­пуб­ликалық қазынадан бар бол­­ғаны 8 жобаға 2,5 млрд теңге бөлінген. 2025 жылы Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Пан­филов аудандарының 7 елді меке­нінде, Талдықорған мен Текелі қала­ларында сумен жабдықтау жүйе­лерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталған. Бүгінде жобалар ішінара жүзеге асырылып жатыр, қосымша қаржы болмаса, жұмыс тоқтап қалуы мүмкін, – деді сенатор.

 

Ескірген вагондармен «қоштаса алмай» отырмыз

Сондай-ақ депутат Закиржан Кузиев елдегі теміржол паркінің апатты жағдайда екенін, оны жаңарту қажеттігін айтты. Депутаттың сөзіне қарағанда, ескірген вагондар есептен шығарылмай әлі де қолданылып келеді. Қазір елімізде 141 мыңнан аса жүк вагоны бар, алайда оның жартысы – жартылай вагондар. Олардың 13 пайыздан астамының қызмет мерзімі асып кеткен.

– «Қазақстан темір жолы» қызмет мерзімі ұзартылған 8,5 мыңнан аса жартылай вагонды пайдалануды тоқ­татар емес. 2025–2030 жылдары ­17 мыңнан аса жартылай вагон есеп­тен шы­ғарылуы қажет. Алайда вагондар паркін уақтылы жаңартудың орнына ескірген вагондардың қызмет ету мерзімі ұзартылып келеді. Мұндай тәсіл көлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, – деді З.Кузиев.

Сенатор сонымен қатар техникалық тексерудің бірыңғай тетігі әлі жоқ екенін атап өтті. Қызмет мерзімін ұзартуға диагностика жасайтын ұйымдар жеке шешім бойынша жұмыс істейді және оның бұдан былайғы салдарына жауап бермейді. Апат орын алса, жауаптылар табылмай, тасымал қауіпсіздігін бақылау қиынға соғады.

Депутат отандық вагон құрастыру кәсіпорындарының жаңасын шығаруға қуаты бар екенін айтады. Ол вагон паркін жаңартып қана қоймай, машина жасау, металлургия, жабдықтар өндірісі және басқа да салалардың дамуына қуатты серпін береді.

 

Блогерлерге жазаны қатаңдату керек

Ал сенатор Геннадий Шиповских Үкіметті онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге қатысты жазаны қатаңдатуға шақырды. Депутаттың айтуынша, кейінгі 2,5 жылда елімізде 205 астыртын казино жабылып, 224 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Блогерлердің заңсыз қызметтерді жарнамалау әрекеттері алаңдаушылық туғызып отыр. Биыл 34 блогердің онлайн-казино жарнамалағаны анықталған, оның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23-і бойынша материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. Олардың ішінде кейбірі бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылса да, заңсыз әрекетін жалғастырудан тартынбай келеді. Себебі қарапайым айыппұлдар оларды тоқтатуға жеткіліксіз, заңсыз жарнамадан түсетін миллиондаған пайда төленген әкімшілік жазадан әлдеқайда асып түседі.

– Әлеуметтік желілерде блогер­лер­дің заңсыз жеңіл ақша табуы көбе­йіп кетті. Әсіресе олар онлайн-казино, жалған ұтыстар, яғни гивтар, курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауды тоқтатар емес. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жас­тар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкеліп отыр, – деді Г.Шиповских.

Сенатор заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогер­лерге салынатын әкімшілік айып­пұл­дар­дан бөлек, қылмыстық жауап­кер­­ші­лікке тартуды ұсынды. Сондай-ақ әлеу­­меттік желілерде жиі ұйым­дас­ты­­ры­латын ұтыс ойындары мен гив­тер­дің заңдылығын тексеруге арнайы мо­ни­торинг жүйесін енгізу керек. Заң­сыз жар­наманы таратушылармен қа­тар, осы қыз­метке делдалдық жасап отыр­ған төлем ұйымдары мен жарна­ма­лық агент­т­ік­тердің қызметін де әшкерелеу қажет.

Сенатор Жанна Асанова болса, отбасын қолдау орталықтарының тиім­ділігіне күмән келтірді. Депутат­тың айтуын­ша, бұл орталықтар қиындық­тарға тап болған отбасыларды қолдап, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және кәмелетке толмағандарға көмектесуі керек. Алайда іс жүзінде орталық ресми түрде ғана жұмыс істеп, балалар мен әйелдердің қауіпсіздігіне, отбасылардағы дағдарыс жағдайының алдын алуға жауап бермей отыр.

– Сырты мен іші бір-біріне сай емес. Отбасын қолдау орталықтары мен Дағдарыс орталықтары міндеттерінің айырмашылықтары түсініксіз. Бірін­шісі қиындықтарды алдын ала анықтап, болдырмауға жұмыс істеуі тиіс. Ал екіншісі құрбандарға көмектесуі керек. Іс жүзінде ешқандай айырмашы­лық жоқ. Зардап шеккендерге ғана көмек беріледі, олар мемлекеттік тапсырыс көлемі шектелген дағдарыс орталықтарына жіберіледі. Ал оны ерте бастан алдын алу назардан тыс қалып жатыр, – деді Ж.Асанова.

 

Шахмардан Есенов мұрасын ұлықтау қажет

Депутат Алтынбек Нухұлы ел ғылымын, өнеркәсібі мен экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып, осы салада үлкен ғылыми мұра қалдырған академик Шахмардан Есеновтің 100 жылдық мерейтойын жоғары идеологиялық деңгейде атап өтуді ұсынды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Білім мен ғылым ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс», деп осы екі егіз саланың ел дамуындағы маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты академиктің 100 жылдығын ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізуді, Ақтаудағы универси­тет алдына ескерткіш орнатуды, еңбектері­нің көптомдық жинағын шығару­ды, оның есімін жаңа мектеп пен көше атауына беріп, онда музей мен ғылы­ми-ағартушылық орталық ашуды, сондай-ақ академиктің өмірі мен мұрасына арналған халықаралық конференциялар өткізуді ұсынамын, – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, ғалымның жетекшілігімен Жетібай мен Жаңаөзен­нің ірі мұнай-газ кен орындары ашылып, пайдалануға берілген, түсті металлур­гияның стратегиялық нысандары іске қосылды. Бұл елдің энергетикалық және экономикалық дербестігін қамтамасыз етудің негізіне айналды.