Бейжіңде Қазақстанның алғашқы мәдени орталығы ашылды. Бұл – әзірге шетелдегі жалғыз қазақстандық орталық. Салтанатты рәсімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели, екі елдің дипломаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Орталықтың ашылуы – ұзақмерзімді дипломатиялық келіссөздің және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесі. 2022 жылы ҚХР Төрағасының Астанаға мемлекеттік сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанда тең негізде мәдени орталықтар құру жөнінде келісімге келген болатын.
Жобаның жүзеге асуы екі ел арасындағы мәдени алмасудың маңызды кезеңіне айналып, қазақ мәдениетін халықаралық аренада танытуға елеулі үлес қосады. Сондай-ақ бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстар мен стратегиялық әріптестіктің нығаюына септігін тигізеді.
Орталық Бейжіңнің беделді ауданында, Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығының бір бөлігі саналатын «ХХІ ғасыр» бизнес-орталығында орналасқан. Орталықтың аумағы – 744 шаршы метр. Қазақстан мәдени орталығы Қытай аудиториясына еліміздің дәстүрін, өнерін, тілі мен тарихын және ұлттық тағамдарын таныстыратын іс-шаралар өтетін алаңға айналады.
Кеңістік бірнеше аймаққа бөлінген, олардың интерактивті жабдықтары Қазақстан мәдениетіне барынша терең бойлауға мүмкіндік береді.
Мәдени орталықтың маңызды бөлігі – экспозициялық аймақ. Мұнда жүзден астам тарихи жәдігер қойылған. Олардың қатарында Сақ дәуірі жәдігерлерінің көшірмелері, Есік пен Берел қорғандарынан табылған заттар, сондай-ақ халқымыздың тұрмыстық бұйымдары бар. Орталыққа келген көпшілік домбыра мен қобыз секілді музыкалық аспаптарды, дәстүрлі әйел әшекейлерін, сандық, астау, сырмақты көре алады. Бұл экспонаттар Қытай халқына Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Сонымен қатар экспозицияда қазақстандық суретшілердің картиналары, ел тарихы мен мәдениетіне арналған сирек кітаптар ұсынылады. Мультимедиялық экрандар арқылы келушілер жеріміздің табиғи және мәдени көрікті орындары туралы деректі фильмдер мен бейнематериалдарды интерактивті түрде тамашалай алады.
Орталықтың басты бағыттарының бірі – қазақ тілі кабинеті. Мұнда балалар мен ересектерге арналған сабақтар мен тренингтер өтеді.
Музыка және шығармашылық кабинеттері де орталықтың маңызды элементі. Қытайлық қонақтар дәстүрлі қазақ музыкасы жайында біліп қана қоймай, домбыра мен қобызда ойнауды үйрететін шеберлік сабақтарына қатыса алады. Сондай-ақ бұл жерде қазақстандық музыканттар мен әртістер өнер көрсететін концерттер ұйымдастырылады.
Әдебиетсүйер қауым үшін орталықта кітапхана мен оқу залы қарастырылған. Мұнда ел авторларының түрлі жанрдағы шығармалары шет тілдерде, соның ішінде қытай тілінде де ұсынылады. Негізгі экспонаттардың бірі – қазақтың ұлы ақыны Абайдың мұрасы. Кітапхана дәрістер, таныстырылымдар және әдеби кештер өткізетін орынға айналып, қытайлық аудиторияның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Мәдени орталықтың көпфункционалды алаңдары көрмелер, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен симпозиумдар өткізуге пайдаланылады. Бұл іс-шаралар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтады.
Сондай-ақ орталық аумағында «Сандық» мейрамханасы жұмыс істейді, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауда шеберлік сабақтарын өткізеді. Жалпы алғанда, орталық қазақ мәдениеті мен тарихын тануға бағытталған білім беру және мәдени жобаларды дамытатын болады. Онда тек тіл мен өнерді үйретіп қана қоймай, сонымен бірге ғылыми зерттеулер мен мәдени дәстүрлерді таныстыруға арналған кең ауқымды жобалар да жасалады.
Алдағы жартыжылдықта Қазақстан мен Қытайдың жас кәсіпкерлері, ғалымдары, шығармашылық өкілдері арасындағы тәжірибе алмасу жоспарланған. Бұл іс-шараны Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығымен қазақстандық тарап бірлесіп ұйымдастырмақ. Сондай-ақ Бейжің тіл және мәдениет университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, соның негізінде Қазақстан мен Қытай студенттері арасында тұрақты түрде тәжірибе алмасу жоспарланған.
Орталық қазақ киносына, театрына, музыкасына және өнеріне арналған түрлі фестивальдар өткізетін алаңға айналады. Осылайша, Бейжіңдегі мәдени орталық елімізді әлемдік аренада таныстырудың жаңа көкжиегін ашып, халықаралық мәдени ынтымақтастық стратегиясындағы маңызды бөлігі болмақ.