Қазақстан Президентінің айтуынша, ҚХР-ға ресми сапары табысты өткен. «Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Біз ынтымақтастықтың екінші «Алтын 30 жылдығына» қадам бастық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, өткен жылы екі елдің тауар айналымы 44 млрд долларға жеткен. Бұл – бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
«Біз Төраға Си Цзиньпин мырзамен мазмұнды және өте тиімді келіссөздер жүргіздік. Қос елдің әр саладағы ынтымақтастығы бойынша ортақ келісімге келдік. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына зор сенім білдірдік», деді Қазақстан Президенті.
Негізі, Қытай – Орта Азияның басты сауда серіктесі. Жалпы, Қытай 2023 жылдың мамырында Қытай – Орталық Азия саммитін алғаш рет рәсімдеген кезден бастап Қытайдың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы жаңа дәуірге аяқ басты.
Маңызды құжатқа қол қойды
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан бір-біріне сенімді стратегиялық әріптестер екенін айтып, екі елді жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Бұл туралы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 2025 жылғы саммитінде, сондай-ақ Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон басқыншылығына қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларына қатысу үшін келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен кезінде айтты.
«Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, екі ел тату көршілік саясатын бұлжытпай ұстануы керек», деді Си Цзиньпин.
Оның айтуынша, екі көршi ел ынтымақтастығының тоғысқан мүдделерi мен өсуiнiң жаңа бағыттарын ашу үшiн өз даму стратегияларын сәйкестендiруге, көпжақты ынтымақтастық арқылы ШЫҰ-ны нығайтуға және халықаралық жүйенiң неғұрлым әдiлеттi және парасатты болуына ықпал етуi керек.
Ал Қ.Тоқаев өз кезегінде Қазақстан – Қытай қарым-қатынастары тарихтағы ең жақсы кезеңде екенін, екі ел өткен жылы сауда көлемі рекордтық жоғары болғанын және Қытаймен қарым-қатынасты жаңа белеске шығару үшін ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін айтты.
Кездесу барысында екі ел басшысы энергетика, технология, тұрғын үй, білім, спорт және жануарлар дүниесін қорғау салаларын қамтитын 20-дан аса ынтымақтастық құжатқа қол қойды.
Тяньцзиньдегі нәтижелі келіссөздер
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи қала Тяньцзиньде Қытай басшысымен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қ.Тоқаев Си Цзиньпинге жылы қарсы алғаны үшін алғыс білдірді.
«Қазақстан еліңіздің ШЫҰ-ға төрағалық етуін толық қолдайды және оның күн тәртібін ілгерілетуге белсенді үлес қосып отыр. Сіздерді Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің және Қытайдың жапон милитаризмін жеңгенінің 80 жылдығымен құттықтағым келеді. Фашизмді жеңуге орасан зор үлес қосып, теңдесі жоқ ерлік, шынайы отансүйгіштік пен қайтпас ерік-жігер танытқан Қытай халқының ерлік істері үлкен құрмет пен жаһандық мойындауға лайық», деді Президент Қ.Тоқаев.
Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала бермек. Бірлескен ірі жобалар тұрақты дамып келеді. 2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы болып белгіленді. Соның аясында Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань шеберханалары ашылды. Бейжіңде Қазақ мәдени орталығы да құрылды.
Дайындаған –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»