Дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге қолдау көрсетуді көздейді. Сауапты істе бас болып, асарлатқандардың қатарында «Жомарт жан» республикалық орталығының белсенділері де бар. Осы орайда Сенат депутаты, жоба жетекшісі Евгений Больгертпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Евгений Андреевич, жыл сайын өткізіліп жүрген «Мектепке жол» акциясының биыл қандай ерекшелігі бар?
– Акция – жай ғана материалдық көмек емес, бұл әр балаға қоғамның назарын аудару, олар жалғыз емес екенін сезіндіру. «Жомарт жан» орталығы арқылы біз мыңдаған баланың мектепке дайындықпен баруына ықпал етіп келеміз. Биыл да осы бағытта бірқатар өңірде жұмыс жүріп жатыр. Тек мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға рухани демеу беруді де басты мақсат еттік.
Жақында елордалық Достық үйінде «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының және «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚБ балаларына жаңа оқу жылына дайындық алдында материалдық көмек көрсетілді. Қайырымдылық акциясы барысында 100-ден аса бала мектеп сөмкелерімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.
Ал өткен жылы осы бағытта 7 199 оқушы мен 4 544 отбасына жалпы 260 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген еді. Оған қажетті мектеп құрал-жабдықтарын сатып алынып, соның ішінде сөмкелер, кеңсе тауарлары, ноутбуктар, мектеп киімі және тағы басқа дүниелер үлестірілді. Мұндай жанашырлық шараларының ауқымы кең. Мәселен, былтыр Қарағанды облысындағы екі ауыл мектебін интерактивті тақталармен жабдықтап, балғындардың сапалы білім алуына жағдай жасадық. Яғни қайырымдылық тек материалдық көмекпен шектелмейді, бұл білім мен болашаққа салынған инвестиция деуге болады.
Айта кетейік, жаңа ережелерге сай, жекеменшік мектептерде оқитын, бірақ әлеуметтік осал санатқа жататын балалар да акция аясында материалдық көмек алуға құқылы.
– «Жомарт жан» орталықтарының қызметі туралы кеңірек айтып берсеңіз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы үшінші Ұлттық құрылтайда белгіленген міндеттеріне сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің қайырымдылық қызметінің тиімділігін арттыру және оның әлеуметтік маңыздылығын нығайту бойынша түрлі шаралар қабылдады. Соның бірі ретінде былтыр республика көлемінде ҚХА-ның «Жомарт жан» қайырымдылық орталықтары ашылды. Қазіргі уақытта бір республикалық және 20 өңірлік орталық жұмыс істеп тұр. 350-ден аса белсендіміз бар. Олардың қатарын елдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, меценаттар, қайырымды еріктілер мен жастар құрайды. Жұмысымыз негізгі төрт бағыт бойынша жүреді: «Жүректен жүрекке», «Мейірім» жобасы, «Қамқор» бағдарламасы және жоғарыда атап өткен «Мектепке жол» акциясы.
«Жүректен жүрекке» жобасы былтыр ел басына түскен қиын сәтте жұдырықтай жұмылып, жедел әрекет етті. Қарғын судан зардап шеккен ағайынға 805 млн теңгеден аса қаражатқа 1 700 тоннадан артық гуманитарлық жүк жөнелтілді. Қалпына келтіру жұмыстарына Ассамблеяның 12 мыңнан аса еріктісі атсалысып, бірлік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Сонымен қатар ең осал отбасылар үшін жалпы сомасы 90 млн теңгеге жуық үй сатып алынып, табысталды.
Ал «Мейірім» жобасы – әлеуметтік осал топтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастама. Оның аясында 1 320 отбасының және 483 азаматтың шұғыл әлеуметтік мәселелері шешімін тапты. Астана қаласы мен Мақтаарал ауданында көпбалалы отбасыларға баспана кілті табысталып, мыңдаған жанның үміті ақталды.
«Қамқор» бағдарламасы шеңберінде балаларға арналған ойын, ал жастарға спорт алаңдары салынып, спорт орталықтары қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мәселен, Ақтау қаласында қоғамдық орындарға теннис үстелдері орнатылса, Атырауда спорттық жарыстар аясында балаларға велосипедтер сыйға тартылды. Жалпы, былтыр Ассамблея 1,3 млрд теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетті.
Биыл «Жомарт жан» орталығының қызметі қайырымдылық бағыттағы кең ауқымды акциялар мен жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Қазіргі уақытта осы және келесі жылға арналған бірқатар жаңа бастамалар дайындалып жатыр. Сонымен қатар, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының да бастамаларына қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, Аналар кеңесі мен Ассамблея жастары секілді ұйымдардың жобалары, сондай-ақ «Жеңіс бірлікте» бағдарламасы аясындағы қайырымдылық және спорттық іс-шаралар іске асырылады.
– Осындай бастамалардың әлеуметтік мақсаттардан тыс тағы қандай маңызы бар?
– Бұл жобалардың ең басты мақсаты – қоғамды біріктіру, адамдар арасындағы сенім мен жанашырлықты күшейту. Отандастарымыздың арасында өзара қолдау мен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға септігін тигізу. Біз бір-бірімізге көмектесіп үйренсек, қиын жағдайда қалған жанға бейжай қарамасақ, міне, сол – шынайы дамыған қоғамның көрсеткіші. ҚХА-ның «Жомарт жан» базасындағы жобалардың негізгі идеясы – тек көмек көрсету емес, ол тәрбиенің, ізгіліктің, үміттің рәмізі. Демек орталық белгілі бір деңгейде еліміздің әлеуметтік саясатын іске асырудағы маңызды тетіктердің біріне айналып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»