• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:10

Марқакөлдегі туристік қалашықтың болашағы қандай?

30 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов журналист Еркін Байғабылұлына берген сұхбатында облыспен көршілес Қытай елінің аумағында орналасқан Қанас көліне жыл сайын ішкі Қытайдан 10-12 миллион турист келетінін айтып, сол туристердің бір бөлігін облыстағы демалыс орындарына тарту үшін еліміздің аумағындағы Марқакөл мен Қанас көлінің арасында автокөлік жолының салынатындығын, осыған орай Марқакөл жағалауынан туристік қалашық салу жөнінде ойлары барын жеткізді.

Егер осы жоба жүзеге асса, не болады? Осыған ой жүгіртіп көрелік.

Біріншіден, Марқакөлдегі турис­тер қалашығы өте жедел дамитын болады. Өйткені көршілес Қанас көліне жылма жыл келетін турис­тер саны 10-12 млн адам. Соның 1 млн-ы келген жағдайдың өзінде Марқакөлге қаншама демалыс орындарын салуға тура келеді. Бұл көп өтпей-ақ Марқакөлдің турисі мол Алакөлді басып оза­тын­дығын білдіреді.

Марқакөл мен Қанас көлінің арасы өте жақын. Егер жол салынып, туристік бекет ашылса, қытай турис­терінің ағылатыны анық. Тек қабылдап үлгер. 1 млн турист дегені­міздің өзі әрі-беріден соң бер жақ­тағы әңгіме болып қалуы мүмкін.

Екіншіден, Марқакөлдегі турис­тер қалашығы ең бай қала­шық­тар­дың біріне айна­лады. Себебі Қанас көліне келетіндер – ішкі Қытайдан келетін қалталы туристер. Қытайдың экологиялық уланған қалаларынан (оларда қазірдің өзінде тұмылдырықсыз жүру мүмкін емес) келетін турис­тер Марқаның керемет табиғатын көріп, таза ауасын жұтса, ақша­ла­рын аямайтыны айқын. 1 юань – 80 теңге шамасында. 100-150 мың теңге біз үшін бір айлық зейнетақы болса, оларша мұның құны 1 мың – 1,5 мың теңгемен пара-пар. Осы жағдай Марқа­көл­дегі қалашықтың қан­ша­лықты табысқа кенелетін­дігін білдіреді.

Үшіншіден, осы жағдайлардың екпінімен Марқакөл ауданымен көршілес көркем табиғатты Катонқарағай, Зайсан аудандары да туристерге кенеледі. Марқакөлге келіп, 4-5 күн суға шомылған қытайлар соған малданып, кейін қайта кетіп қалмайтын болар. Өйткені қызықтың бәрі бергі жақта. Қазір Марқакөлден басталып, Катонқарағайға қарай өрлейтін Ескі аустриялық жол­дың жөндеу жұмыстары жедел түрде жүргізіліп жатыр. Табиғаты ерекше көркем осы жолмен жүрудің өзі туристерге ұмытылмас әсер сыйламақ. Осы жолмен Катон­қарағай аумағына жетіп, ондағы емдеу орындарында марал мүйі­зі­нің қанын ішіп, сорпасына түсіп, күш-қайрат жинауға, емдік қасиеті аса мол Катон саумалы мен қымызын, неше түрлі емдік шөптерден жасалған шай мен шырын сусындарын ішуге болады. Адам өз бо­­йына күш-қайрат жинағанын, жаны жақсы тынығып қалғанын бірден сезінеді. Көліктерімен келетін қытайлық туристер мұн­дай қызық пен тамашадан бас тартпасы анық.

Төртіншіден, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Зайсан, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Самар, Тарбағатай аудан­да­рында агротуризм жедел дамып, көптеген жылыжай салынып, фермерлік шаруашылықтар ашылады. Агротуризмнің дамитын себебі, енді бұл жақтағы өздерімен өздері шөре-шөре болып отырған фермерлерге азық-түлік түрлерін молынан әзірлеуге ең бірінші кісі қолы, яғни қала халқының көмегі қажет болады. Есесіне қалалықтар көрікті өлкеге барып тегін немесе арзан бағаға демалып, аздап табыс та тауып қайта алады.

Агротуризм дамыған елдерде мұндай тәжірибе әбден қалып­тасқан. Себебі қанша өндірсе де жергілікті халықтың қолын­дағы ет, сүт, көкөніс өнім­дері бұрынғыдай жерде қал­майды. Өйткені Қытайдан келе­тін турис­тер­дің бәрін азық-түлік­пен қам­ту­ға сол туристердің не­гізгі ағы­нын қабылдайтын Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан аудан­дары­ның шамасы жетпейді. Азық-түлік қымбат­­шылығы да орын алуы әбден мүмкін. Осы жағдайға да алдын ала дайындықтар қажет бола­ды.

«Марқакөл жағалауында туристік қалашық» салудың арғы жағында бүкіл облыс халқының тіршілігіне әсер етерліктей аса үлкен мән жатыр. Шағын болып басталатын жобаның мульти­­пликативтік әсері ақыр аяғын­да өте зор болып, санау­лы жыл­дар­дың ішінде елімізде бұрын-соңды болмаған туристік алыптың қалып­тасуына әкелуі әбден мүм­кін.

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

ардагер журналист