• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 07:48

Ән-күй арқауы – Ата заң

10 рет
көрсетілді

Еркеғали Рахмадиев атындағы Астана қаласы әкімдігінің Мем­лекеттік ака­демиялық филармония­сының ұйыт­қы болуы­мен «Жасай бер, Қазақ елі» атты концерт өтті. Еліміздің ең басты құндылығы – Ата заңымызды ұлықтаған кеш көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.

Мерекелік кештің шымыл­дығы қазақ рухания­тының айнымас рәмізін­дей болған «Атамекен» әнімен ашылды. Ел мен жерге деген перзенттік махаббатты асқақтатқан бұл шығарма Қайролла Жұмакенов атындағы үрле­мелі оркестрдің сүйемелдеуінде көрер­менге ерекше шабыт сыйлап, камера­лық хор мен әнші Алмас Нұрсәттің орындауында шебер шырқалды.

Концерт барысында жүргізушілер Конституцияның ел дамуындағы маңызын тарихи деректермен ұштас­тыра баяндап, заң мен тәртіптің қоғам­дағы орнын айқындай отырып, кештің идеологиялық тұғырын нығайтты.

Ән мен күйдің алуан бояуынан құралған бағдарламада 17 түрлі нөмір орындалды. Олардың әрқайсысы еліміздің мәдени байлығы мен рухани қуатын паш еткен шығармалар еді. «Ата заң әні» (орындаушысы Әділ Сұлтан), «Туған ел» маршы, Сейдолла Бәйтерековтің «Қазақстан» әні сынды шығармалар елге деген сүйіспеншілікті оятты. Халық әндерінен құралған «Япурай-Қамажай» попурриі ұлттық мұраны ел жадында жаңғыртты.

Концертте домбырашы Мұхит Салыбеков халық композиторы Құрман­ғазының «Адай» күйін тартқан­да домбыра үні үрлемелі оркестрмен ұтымды үйлесіп, көрермендердің жанын баурап, жүрегін жаулап кештің көркемдік деңгейін көтеріп-ақ тастады. Сонымен қатар кеш қонақтарының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақтың орындауындағы «Қайықта» әні нәзік лиризм мен ұлттық романтиканы үйлестіре түсті. Одан әрі Абай Құнан­байұлы­ның 180 жылдығына арнал­ған «Бойы бұлғаң» әні орындалды.

Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында да концертте еңбек адамының рөлі ұмыт қалмады. Мере­келік кеште тыңдарман назарына ұсынылған «Қазақ елі», «Қазақстан жастары», «Цвети, земля моя», «Бақыт деген», «Елімнің жүрегі – Астана» сияқты түрлі жанр және тілдегі шығармалар концерттің үйлесімділік пен өзара түсіністікті арттыруға қосқан үлесіндей. Кештің финалында орындалған «Атамекен» әні халықтың бірлігін, тұтастығын және елге деген ұлы махаббатын ұлықтағандай.

Кештің көркемдік жетекшілері – Н.Почиталин (үрлемелі оркестр), Д.Сатаева (эстрадалық вокал бөлімі), Р.Шотқалиева (классикалық вокал бөлімі) сынды білікті мамандар өз саласының майтал­­мандары екенін тағы бір дәлел­де­ді. Бұл кеш арқылы көрер­мен әсем ән-күйге бөленіп қана қоймай, елінің тарихы мен мәдение­тіне тағы бір үңіле түсті.

 

 

Бағдат Байжантаев,

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас редакторы